«Сағындым сені... Сұлтаным...»

19 қараша 2018 10776 0
Оқу режимі

Иә, Расулалла!

Иә, жүрек сұлтаны – ардақты пайғамбарым!

Адамзатты махаббатпен жаратқан Алла Тағала оларға тура жол нұсқау үшін пайғамбарлар жіберіп отырды. Олар Алла алдындағы міндетін көркем түрде атқара білген ізгі елшілер еді. Ал, сен – сол пайғамбарлардың төресісің! Сен солардың имамы болған ақиық елші едің!

Алла Тағала сені жіберу арқылы өзінің дінін кәміл етіп, нұрын тәмамдады. Сені адамзаттың асылы қылып, күллі әлемге рақым етіп жіберді.

Адамзат бір мәуелі ағаш болатын болса, сен сол ағаштың жемісі іспеттісің.

Сен келген ғасыр адамзаттың надандық шырмауында қалған түнек ғасыры болатын. Сен Хақтың мейірімі ретінде сол түнекті нұр болып түрген едің. Сен бейне бір арам шөптер арасында өсіп шыққан жұпары аңқыған раушан гүліндейсің.

Сен туылған ғасыр – замананың алтын ғасыры. Сені тапқан ата-ана қандай бақытты, сенімен дос болғандар қандай бақытты дос, саған жар болғандар қандай бақытты жұбай, саған үммет болған қандай бақытты үммет!

Сені әлемге рақым қылып жіберген ұлылардың ұлысы, мейірімділердің мейірімдісі қандай ұлы Жаратушы!

Иә, аңсарым!

Мына әлем Жаратушы Ұлы шебердің ғаламат көрмесі болатын болса, сен осынау ғажап көрменің кереметтерін бізге жеріне жеткізе, жүректен өткізе түсіндіріп, Хақтың ұлылығын танытқан ұстаз едің!

Иә, парасат падишасы!

Сенің өмір сүрген ғасырың күллі адамзаттың сағынышы. Өзіңе ғашық ақын тілімен айтар болсам, сені сүйгендер саған рухани жақын болуға сондай ынтызар.

Сен дүниеге келер сәтте ғалам бір сәт іштей тынып тұрған кез еді. Бәрі пайғамбардың өз әулетінен келуін тілеп жатты. Бірақ сен Алланың досы Ибраһимнен (а.с) тарайтын қасиетті тектен шығып, Абдумуталибтің шаңырағында шыр еттің. Ардақты атаң сені күллі әлемде мақтаулы болсын деп атыңды Мұхаммед қойды. Сен расында да мақтаулы бола білдің.

Саған пайғамбарлық міндет жүктелмей тұрып та сен құдды бір пайғамбардай едің. Адамдар сенің жүзіңнен сенімділік, мейірімділік нұрын ғана көретін. Сен қараңдылықта болған халқыңнан жыраққа шығып, олар үшін дұға тілейтінсің. Себебі, сен Хақтың таңдауы бола білгенсің. Пайғамбарлық ауыр міндетке тек өзің ғана лайықтысың.

Басты уайымың адамдардың иманға келуі болатын. Осы жолда сен қан-жоса болсаң да, небір теперіш көрсең де, шыр-пыр болып әркімнің есігін қағумен болдың. Бұл саған Хақтан берілген алып махаббат, мол мейірім еді.

...Алайда, қайдан шыққаны белгісіз кейбір арам ниеттілер сенің күллі адамзатқа үлгі болған нұрлы да кіршіксіз ғұмырыңа кір жұқтырғысы келетіндей. Сен Тайыфтықтарға ақиқатты үгіттеп барғаныңда, саған қаныпезерлердің тас жаудырғаны сияқты қазіргі күні де сондай кісәпірлер түрлі жолдармен саған тас атқысы келетіндей. Сені сол Тайыфтықтардан қорғап, денесін тасқа тосқан сахабаларыңдай бола алмағанымыз бізді қатты қынжылтады. Сені әлемге лайықты түрде таныта алмаған өкініш ішімізді оттай қарып, шоқтай күйдіруде...

Бірақ ондай жайттар сенің нұрлы шырағыңды еш сөндіре алмайды. Күннің бетін қанша қара бұлт тұмшалағысы келгенмен күннің жарқырап тұрған нұрын шашпай қоймайтыны сияқты сенің де нұрлы баяның қияметке дейін адамзатты шуаққа бөлейтіні айдан анық. Қандай жағдай болмасын сен ұлылық тұғырындасың. Себебі, сен Жаратушы Жаббар иенің таңдаулысы, адамзаттың абзалысың!

...Қияметте де «үмметім, үмметім» деп оянатының тағы бар, сен асхабыңның көздерінің нұры, жүректерінің сұлтаны болдың. Сенің өнегеге толы ғұмырың сол үмбетіңнің бақытына бағышталды.

Сенің өздеріне деген махабатыңды сезінді ме, уайымыңды түсінуге тырысты ма, қадіріңді сезінген сахабаларың сені өз жанынан да артық сүйетін. Раббыларынан тілегені – сенімен жәннатта бірге болу еді. Олардың кейбіреуі сенің мүбәрак сақалыңды сәлдесіне салып жүрді, енді бірі қалт еткен сәтті пайдаланып, пайғамбарлық мөріңді сүйіп алуға асықты. Ал енді бірі өзін сенің шапаныңмен кебіндеуін қатты қалады.

Иә, Сұлтаным!

Асхабыңның саған деген махаббаты зор болатын. Олар сол арқылы Алланың разы болған құлдары атанды.

...Мен де Аллама шынайы құл, саған лайықты үмбет бола алдым ба білмеймін. Бірақ маңдайы сәждеге тиген Алланың әлсіз құлы ретінде, пайғамбарым деп саған тіл қатып, сағынышымды арнаймын.

...Иә, адамзаттың гүлзары болған ардақты пайғамбарым! Сағындым сені!...

Жалғыз мен емес сені бүкіл әлем сағынуда.

Сен жайлы адамдардың сөздерінен, өзің жайлы жазылған кітаптардан естігендерім, оқығандарым мені еріксіз саған қарай ұмтылдырады. Мен сені барлық жағдайда, өмірімнің барлық сәтінде іздеймін.

Толықсыған айдай болған иманымды күнә деген қара бұлт жауып, көңілімнің ақ көйлегі кірлегенде Алладан алыстағанымды сезініп беймаза күй кешетінмін. Сондай сәттерде айналамдағы адамдар маған кінәлаған көзбен қарайтындай қатал боп көрінетін. Сол кезде мені жанына отырғызып, Алладан менің жүрегімнің нұрлануын тілеп, әрі маған Жаратушының шексіз құдіреттілігін түсіндіріп иманымның нұрын арттыруына себеп болатын өзіңдей мейірбан жанды іздедім. Мен сонда  сені сағындым, Сұлтаным!

Өмір деген даңғыл жол ғой. Сол қызығы мен шыжығы қатар келетін сапарда талайлармен үзеңгілес болдым. Кей адамдардың менің жанымды ұға алмай, көңілімді жаралап, жылатып кеткені де болды. Иә, мейірім пайғамбары! Мен сол сәтте өзіңдей абзал досты іздедім. Көңіл күзі құлазыған сондай сәттерде мен сенің бауырыңа тығылып, мүбәрак денеңді пана қылғым келді. Басымнан сипап, бауырыңа басып, жұбатқаныңды қаладым. Мен сонда сені сағындым, Сұлтаным!

Иә, Алланың ғаламға жіберген рақымы!

Мен сенімен қуанышымды да бөліскім келеді. Айналамда Алланың дінін паш етіп, өзіңнің сүннетіңді киедей көретіндер қаншама. Солардың ізгі амалдарына сүйсініп, соның бәріне сенен сүйінші сұрағым кеп тұрады.

Иә, Сұлтаным! Сағындым сені!

Сенің үмбетің болғаныма Аллаға сансыз шүкір дей отырып, саған салауат айтып, сәлем жолдаймын!!! Жаратушы Жаббар иемнен мені  өзіне шынайы құл қылып, ақыретте сенің туыңның астынан көрінетін, саған лайықты үмбет қылуын тілеп, дұға қыламын.

...Иә, Хақтың сүйіктісі! Саған сансыз салауат арнаймын!

Роман Бұрқаш

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру