Сәресі жайлы бірер сөз

30 мамыр 2018 15742 0
Оқу режимі

Адамзаттың асыл ұстазы Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қасында ұзақ болған сахабалардың бірі Әнас ибн Малик (р.а.): «Сәресі ішіңдер, өйткені сәресіде берекет бар[1]», – деген хадис риуаят етеді. Жалпы, қасиетті Рамазан айы амал мен сауаптың есебі еселеп артатын берекетті ай. Соның ішінде, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтып кеткендей, сәресі берекетінің де орны ерекше.

Сәресінің бірінші берекеті – сүннетті орындауымызда жатыр, яғни пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үнемі жасаған амалын орындаған боламыз. Зайд бин Сабит (р.а.): «Біз Алла елшісімен (с.ғ.с.) бірге сәресін іштік, сосын намазға тұрдық», – деді. Сонда одан: «Азан мен сәресі арасы қанша болған еді?» – деп сұрағанда сахаба: «Елу аят шамасынша[2]», – деп жауап берген еді.

Пайғамбар (с.ғ.с.) сәресі ішпей ораза тұтқан болса, мұсылман үмбетіне нәр татпай ораза бекіту қиынға соғар еді. Ал, сәресіні түн ортасында ішсе, бұл да оңай болмас еді. 

  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл құлшылыққа ерекше мән беріп, сахабаларды да үндеп қызықтырушы еді. Уақыт уақытымен сәресінің берекеті мен артықшылығын естеріне салып отыратын еді. Бұл турасында Ъирбад бин Сария (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.)  рамазан айында сәресіге шақырып, «Кел, құтты асқа[3]» дегенін риуаят етеді.

Әбу Сағид әл-Худри (р.а.): «Сәресі – берекет, оны тастаушы болмаңдар. Тым болмаса бір жұтым су ішсеңдер де[4]», – деген.

Екінші берекеті: Сәресі мұсылмандарды осы құтты дастарқан бұйырмаған кітап иелерінің оразасынан ерекше етіп тұрады. Амр бин Ас (р.а.): «Біздің ораза мен кітап иелерінің оразасының айырмашылығы сәресі ішуде[5]», – деген хадис жеткізген.

Үшінші берекеті: Сәресі адамға ғибадат етуге күш және күнделікті ісіне сергектік береді. Сәресі ішпеген адам бойы әлсіреп күш-қуатын жоғалтады. Тіпті, аузын ашып жіберуге мәжбүр болуы да мүмкін.

Төртінші берекеті: Сәресі ішуші дұға-тілек қабыл болатын уақытта ояу болады. Өйткені, хадисте әр күні сәресі уақытында Алла тағала: «сұраушы бар ма, беріледі, дұға етуші бар ма, жауап қайтарылады, истиғфар етуші бар ма күнәсі кешіріледі[6]»,-деп айтады,-делінген.

Бесінші берекет: Сәресі ішу – иләһи мейірімділікті көрінісі. Алла тағала қаласа, ешбір тамақ жемей ораза тұтуды әмір еткен болар еді. Алайда, Алла тағала барлық әмірлерінде жеңілдік пен мейірімділік көрініс тапқан.

Алтыншы берекет: Сәресі ішкен адамға Алла тағаланың рақымы және періштелерден дұға жауады. Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Расында Алла тағала және періштелері сәресі ішушілерге рақымет пен дұға етеді[7]»,-делінген.

Сөз соңында, сәресі дастарқаны жайлы бірер жайт. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылманның сәресі асы құрма неткен тамаша ас[8]»,-деген.

 


[1] Бұхари, Муслим
[2] Бұхари
[3] Әбу Дауд, Насаи
[4] Ахмед
[5] Муслим
[6] Муслим
[7] Ахмед
[8] Әбу Дауд

Пікірлер Кіру