Серікбай қажы Ораз: Дін– сауабы мен сауалы көп сала

18 қаңтар 2019 9883 0
Оқу режимі

Серікбай қажы ОРАЗ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

– Тәуелсіз Қазақстанның тарихында 3 мүфтиге орынбасар болдыңыз. Мұсылмандар құрылтайында басым дауыс Сіздің кандидатураңызға берілді. Қазір Бас мүфти болғаныңызға бір жылдан асты. Өткенге ой жүгіртіп көрсек. Не түйдіңіз? Бір жылда қандай жұмыстар атқарылды?

– Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Өмір көрген кісілер «екі шоқып, бір қара» деп жатушы еді ғой. Замана ағымы, зуылдаған уақыт кейде тіпті өзіңе есеп беруге дес бермей жатады. Осы аз уақыт аралығында ауыз толтырып айтар шаруа бітірдік демесек те, жалпы жәмиғаттың назарын аударған шаралар жасадық.Жылдың басы – қаңтар айында алғашқы алқалы жиынымыз «Ислам және ұлы дала өркениеті» деген атаумен киелі Түркістанда өтті. Оның өзіндік сыры мен себебі бар. Дін мен дәстүр, тіл мен тарих – ұлтымыздың негізгі ұстындары. Түркістаннан осы ұстындарды табамыз...

Араға ай салып, наурыздың басында Еуразия мұсылман ғұламаларының форумын ұйымдастырдық. Ислам діні Еуразия мұсылмандары арасында Қарахан кезеңінде тарала бастап, Алтын Орда дәуірінде аяқталғаны баршамызға мәлім. Мәураннахр мен Анадолы және Каспий мен Еділ бойында жаңа түркі-ислам өркениетінің негізі қаланды. Яғни, біздің діни-рухани тұтастығымызды қамтамасыз етіп отырған ортақ тарихымыз бен мәдениетіміз бар. Демек, біз Еуразия мұсылмандарының мәдени және рухани интеграциясын жандандыру арқылы сырттан келіп жатқан діни ағымдарға төтеп бере аламыз. Еуразия елдерінен келген дін ғұламаларымен осы мәселелер төңірегінде ортақ келісім жасадық.

Алматыда кезекті республикалық Құран жарысын өткіздік. Кешегі 90-жылдар басында өзге мұсылман елдерінен мешіттерімізге қариларды арнайы алдырушы едік. Өйткені өзімізде қасиетті кітапты толық жаттаған азаматтар саусақпен санарлық болатын. Қазір, Құдайға шүкір, мешіттерімізде өзіміздің қариларымыз Құран хатым етеді. Десе де, бұл мәселе әлі күнге дейін толық шешімін тапқан жоқ. 2 қари даярлау орталығымыз бар. Осы орталықтан Құран жаттап шыққан азаматтар өңірдегі мешіттерде қызмет етуде.

– Сіз айтып өткен халықаралық және республикалық форумдар өркениет төңірегінде өрбіген екен...

– Дұрыс айтасыз. Оның да өзіндік себебі бар. Ислам – әлемдік өркениет діні. Асыл дініміз өмірдегі тіршіліктің барлық саласын қамтиды. Адамзат тарихында ғылыми даму, технологиялық жетістіктер Ислам қағидаларымен қайшы келмеген. Біздің бабаларымыз: «Дін – ғылымның анасы», – деген. Мұқағали ақынның:

«Ғылым да бар, дін де бар,
Қоқыс та бар, гүл де бар.
Қол ұстасып Құдайға,
Ғылым мен дін бірге бар»,
 – деген ойын жырға қосуы тегін емес.

Қазіргі алмағайып заманда, әсіресе, діни көзқарастардың қайшылығы туындаған осынау сәттерде кез келген мәселені өркениет жолымен бейбіт түрде шешуіміз тиіс. Бұл іске дін қайраткерлерінің де қосар үлесі мол.

«ЖҰМАҚ» АЙДАЛАДА ЕМЕС – АЙНАЛАДА...

– Осы сәтте бір сұрақтың реті келіп тұр. Қазіргі Ислам әлеміне Бас мүфтидің көзімен қарасақ... Қазіргі заман өркениетіне қатысты мұсылманның ұстанымы мен көзқарасы қандай болмақ?

– Бүгінде Ислам әлеміне, мұсылман үмбетіне қажет құндылықтардың бірегейі – бірлік пен өзара түсінік. «Тозған қазды топтанған қарға алады» дегендей, бірлік болмаған жерден береке кетеді.

Әлемдік үдеріске қарасақ, Исламды саяси құрал ретінде пайдаланғысы келетін топтардың бар екеніне күн өткен сайын көз жеткізіп отырмыз. Өкінішке қарай, осындай топтардың ықпалында кетіп, кезінде Сирия асқан өрімдей жастар болды. Қарумен «бейбітшілік» орнатқысы келген топтың құрамына мұсылмандар ғана емес, өзге де діннің, ұлттың өкілдері еніп кетті.

Қазір қарудан да күшті құрал пайда болды. Ол – білім мен білік. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген сөздің мәнісі осында. ХХІ ғасырда өркениеттер арасында идеологиялық «соғыс» жүріп жатыр. Былайша айтқанда, бұл – сананың «соғысы». Сананы жаулағандар мылтықсыз майданда жеңіске жетуде. Ал жалған ұрандарды санамен салмақтай алмағандар саяси құралдың құрбанына айналуда. Ай мен күннің аманында «жұмақты» айналадан емес, айдаладан іздеп желіккен жандар көкірегін оққа тіреп, тектен тек мерт болды. Осы бір көңілге қаяу түсіретін көріністің негізгі факторы – сауатсыздық. Істемеген бас аяқ пен қолға тыным бермейді немесе істемеген бас – аяқ пен қолдың соры. Сондықтан білім – бүгінгі заманның күшті қаруы. «Қазіргі заман өркениетіне қатысты мұсылманның позициясы қандай болмақ?» деген сауалыңыздың жауабы – білім алу және көркем мінез.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім мен хикмет – мұсылманның жоғалтқан қазынасы. Қай жерден тапса да оны бірінші иемденіп алуға мұсылман лайықты», – деген.

– Ал көркем мінезді мұсылманның сипаты қандай болу керек?

– Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өз хадистерінде нағыз мұсылманға тән сипаттарды егжей-тегжейлі түсіндірген. Қасиетті хадис-шарифтерде: «Шынайы мұсылман тілімен де, қолымен де ешкімге зиянын тигізбеген жан. Шынайы мұсылман – өзіне қалаған нәрсесін өзгеге де лайықты деп көрген кеңпейілді жан. Кемел мұсылман – айнала-төңірегіне, қоғамға көмегі тиген пенде», – делінген.

Демек, мұсылмандық құндылық адамның ең әуелі мінез-құлық, болмысынан байқалып тұруы тиіс. Ал Аллаға жасайтын ғибадат-құлшылық – әр адамның өзіне жүктелген жеке парызы. Ол – Құдай мен пенденің арасындағы құпия құлшылық. Қашан адам баласы өз діндарлығын белгілі бір деңгейде дәреже көріп, Алла алдында атқаратын парыз-ғибадатымен қоғамнан оқшауланатын болса, сол арқылы өзін өзгеден үстем санаса, мұндай кісінің бойын менмендік билеп, пендешілік басады. Мұндай қылық – мұсылманға жат. Сондықтан мұсылман адам жүрегіне иман ұялаған, ар мен ұят ұғымдарын ұғына білетін, сабырлы, салмақты, барлық адамзат баласын дос, бауыр тұтатын, кеңпейіл де кешірімді, мейірбан жан болуы тиіс. Мұсылман баласы ақиқат пен әділдікті ту еткен, жақсы сөз сөйлеп, ізгі істерге ғана үндейтін, тек тыныштық пен берекетті тілеуші жан болуы керек.

ОРТАДАН ЖОЛ ТАБУ ОҢАЙ ЕМЕС...

– Білім демекші, бұл сала ізденісті қажет етеді. Діни салада оқып жатқан бүгінгі студенттер мен шәкірттердің білімге құштарлығы мен ізденісі нешік? Ал діни оқу орындарының сапасы туралы не айтасыз?

– Қазір «Нұр Мүбәрак» университетінде – 1259, тоғыз медресемізде – 1947, екі қарилар орталығында – 242 студент пен шәкірт білім алуда. Діни оқу орындарының техникалық базасы күннен күнге жетілу үстінде. Оқу бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгіздік. Біз қазіргі жас мамандардан діни іліммен қоса зайырлы білімді талап етіп жатырмыз. Өйткені қоғамға дінді жеткізуде, имандылықты насихаттауда, өткір діни мәселелерге жауап беруде зайырлы білімнің қажеттілігі айқын аңғарылады. Айнала-төңірегіміздегі ағайынның бәрі сіз бен біз секілді діни салада жүрген немесе теологиялық ілім алған азаматтар емес. Олардың жүрегіне жол табу оңай шаруа емес. Өйткені мешітке жұма уағызына түрлі деңгейдегі, әртүрлі жастағы адамдар жиналады. Бірі ғалым, екіншісі қатардағы қарапайым жұмысшы, үшіншісі мемлекеттік қызметкер дегендей... Осыған енді олардың жас ерекшелігін қосыңыз... Түрлі жас пен деңгейдегі жамағатқа ортадан жол тауып, қиыннан қиыстырып, бәріне бірдей көңілге қонымды уағыз айту – нағыз шешеннің қолынан келетін іс.

«...Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы», – деп хакім Абай айтқандай, болашақ имамның сөзі жүректен орын алуы тиіс. Біз университет пен медреседе оқып жатқан болашақ ұстаздар мен имамдарға осы жауапкершілікті барынша сезіндіріп жатырмыз.

Жуырда «Нұр Мүбәрак» университетіне жаңа ректор мен проректор тағайындалды. Докторлар мен профессорлар құрамын ұлғайттық. Мемлекеттен медресе мен университетке бөлінетін грант саны жыл сайын артуда. Сайып келгенде, осы шешімдер мен қадамдар оқу орындарымыздың деңгейін арттыруға өз септігін тигізіп жатыр.

Кейде уақыт тауып, студенттер мен шәкірттерге дәріс беремін. Дін саласында оқып жатқан жастардың ынта-ықыласы қуантады. Ғылымға ден қойғандардың легі артып келеді. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, осыдан 5 жыл бұрынғы студенттердің ғылыми жобалары мен диссертация тақырыптары ақида, фиқһ, сира төңірегінде өрбитін. Ал қазір «Нұр Мүбәрак» университетіндегі докторанттар мен магистрлер Қазақстандағы Ислам тарихы, медицина, құқық, астрономия, эмбриология, т.б. сала бойынша әзірлеген ғылыми ізденістерін қорғауда. Ғылымға ден қойған жас ғалымдар қатары артып келеді. Бұл – тәуелсіз еліміздің рухани өмірінде болып жатқан жақсы құбылыс, үлкен қуаныш.

БІЗГЕ ДІНИ ҺӘМ ДҮНИЕУИ БІЛІМ КЕРЕК

– Сіздің де осы «Нұр Мүбәрак» университетінде докторантурада оқып жатқаныңыздан хабарымыз бар...

– Бүгінгі әлемдік үдеріске, өркениет көшіне ілесу үшін кез-келгеніміздің таным көкжиегіміз кең болуы керек. Бұл – діндар қауымға да қатысты мәселе. Мені экономика, мемлекеттік басқару және менеджмент мамандықтары қызықтырды. Осы сала бойынша арнайы білім алдым. Зайырлы мамандықты меңгерудегі мақсат – өз мүмкіндіктерімді жаңа қырынан көру, байқалмай жүрген қабілеттерімді ашу, жетіле түсу. Өзіңіз айтып өткендей, осы күнде докторлық жұмыстарға ден қойып, ізденісімді әлі де жалғастыру үстіндемін.

– Ізденіс дегеннен шығады, қазір қасиетті Құранның аятын аудару, тәпсірлеу ісімен айналысып жатқан азаматтар баршылық. Олар бұл іспен өз деңгейінде шұғылданып жатыр. Әрине, бұл – сауапты іс. Алайда кейде осы кітаптарға қатысты ел арасында екіұдай пікір тарап жатады. Осы орайда, елімізде шығатын ислам бағытындағы кітаптар мен өнімдерді тарату, басу құқығы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына толық берілсе, құба-құп болар еді деген ойдамыз. Бұл қадам күмән тудыратын кітаптардың жолын кесер еді...

– Әрине, ойыңыз құптарлық. Алайда біз ашық әрі нарық қоғамында өмір сүріп отырғанымызды ұмытпауымыз керек. Идеологиялық әрі рухани қауіпсіздік тұрғысынан ойыңызды құптар едім. Оның жауапкершілігі өте үлкен. Десе де, біз мүфтияттың аударма бюросын аштық. Алғашқы ізденісіміздің нәтижесінде жуырда «Тәлімгер пайғамбар тағылымы» кітабын шығардық. Бюроның жұмысын ұлғайтып жатырмыз. Болашақта мүфтияттың төл баспаханасын ашу ойымызда бар. Алла қаласа, әлеуетіміз артса, ол күн де алыс емес.

– Айтқандай, Сіз «Тәпсір тұнығы» кітабыңызда Құранды тәпсірлеудің қандай қағидасын ұстандыңыз?

– Ислам институтында тәпсір пәнінен дәріс беріп жүргенде кітап шығаруды жоспарлап қойған едім. Алланың қалауымен көкейде жүрген ойым жүзеге асты. Құранның 27, 28, 29, 30-парасын тәпсірлеп, «Тәпсір тұнығы» деген атаумен шығардық. Құран аятын тәпсірлеу – жауапкершілігі өте жоғары іс. Біз кітапта бірнеше тәпсірші ғалымдардың көзқарасын бердік. Бұл әдіс аяттың мағынасын жан-жақты аша түседі. Еңбекті барынша түсінікті, қазақы тілмен жазуға тырыстық. Жатық тілмен жазылған еңбек – жақсы кітап деген сөз. Біз осы қағиданы мейлінше ұстандық.

МҰҒАЛІМ – МЕКТЕПТІҢ ЖҮРЕГІ,
АЛ ИМАМ – МЕШІТТІҢ ТІРЕГІ

– Облыстарға жасаған сапарларыңызда өңір басшыларымен арнайы кездесіп жүрсіз. Осы жүздесулерде жергілікті имамдардың жағдайы, олардың жалақысы қаншалықты шешімін тапты? Жалпы, имамдар еңбекақыны қайдан және құпия болмаса қанша алады?

– Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарына жасаған сапарымда өңір басшысымен ең әуелі аймақтағы діни ахуалды талқыладық. Мұғалім – мектептің жүрегі болса, имам – мешіттің тірегі. Дін сауабы мен сауалы көп сала болғандықтан, кейде имамдарымыз сынға ұшырап жатады. Әрине, сынның мақсаты – түзету, ескерту. Көп жағдайда мешіттің тыныс-тіршілігінен, ауыл имамдарының күнделікті өмірінен бейхабар азаматтар дін қызметкерін сынайды. Алайда еш жерден тұрақты жалақы алмайтын молданың қоңырқай тіршілігі ескерілмей қалады. Тұрақты жалақы алмаса да мешіт пен жамағаттың кәдесіне жарап жүрген ауылдың ақсақал молдасына «Алла разы болсын» дегеннен артық сөз айта алмаймыз. Елу жылда – ел жаңа дейді. Зейнетке жеткен молданың орнына жоғары білім алған жас мамандарды қызметке тағайындап жатырмыз. Жас отбасыны демеу қажет. Осы мәселені өңір басшыларына үнемі жеткізіп отырамын. Молдасын құрметтеген халықпыз ғой. Кейбір аймақтарда жергілікті қоғамдық қорлардан дін қызметкеріне жалақы бөлінеді. Елбасының игі бастамасымен ашылған «Уақып» қоры есебінен 300-ден астам ауыл имамына орта есеппен 50 мың теңге көмек көрсетіліп келеді. Бұған қоса мүфтият жанындағы «Қажылық» қорының есебінен шалғайдағы 100 ауыл имамына 50 мың теңге көлемінде жалақы тағайындадық. Осы мәселе бойынша негізгі мақсатымыз – өзін-өзі қаражатпен қамтамасыз ете алмайтын мешіт қызметкерлеріне толық әрі тұрақты жалақы беру. Алла қаласа, бұл мәселе де кезең-кезеңімен шешіледі деген үмітіміз бар...

 БАЛАНЫҢ ӨЗІНЕН ТӘРБИЕСІ ҚЫМБАТ

– Мүфтияттың діни қызметі аясында өткен 2018 жылды «Ислам және отбасы жылы» деп жарияладыңыз. Біз отбасы тәрбиесінде, әсіресе балаға қатысты тағылымды істе әуелі нені басшылыққа алуымыз қажет?

– Балаға сөзбен емес, ең әуелі іспен үлгі болуымыз ләзім. Оның көзінше күнәлі іске бой алдырмай, барынша теріс қылықтарды жасаудан бас тартқан абзал. Өйткені бізден кеткен қателікті сәби «дұрыс дүние» екен деген пікірде қалады. Бала ата-анасынан жылулық сезінбейінше, оның бойында мейірім-махаббат оянбайды. Оны бетінен қайтару немесе қателігін бетіне басу – орынсыз. Өз қателігін өзі түсініп, мойындатуға тырысуымыз тиіс. Сонда ол саналы түрде шалыс басқан қадамын ендігәрі қайталамауға тырысады.

Баламен үлкен адамдарша пікірлесу, сөйлесу керек. Көп жағдайда оған өз ойын ашық айтуға мүмкіндік жасаған жөн. Өз пікірін жеткізе алмай өскен бала есейгенде ынжықтық танытады. Бұған да мән бергеніміз жөн. Бала тәрбиесімен жүйелі түрде айналысу қажет. Аптасына бір уақытты арнау – оның тәрбиесін жүйелі қадағалауға мүмкіндік береді. Бала болған соң, бұзықтық жасайды, босаңсиды, теледидардан көргенін қайталағысы келеді. Бұл – бүлдіршінге тән табиғи құбылыс. Сондықтан оған ұдайы көңіл бөлген дұрыс.

Оның қолымен қайырлы істерді жасау – маңызды іс. Мысалы, көшеде кетіп бара жатырмыз делік. Жол бойында қайыр сұраған қарияға, мүгедекке балаңыздың қолымен нан, ақша, т.б. беру. Болашақта мұндай қайырлы істер оның бойында қалыптасып, өмірінде көрініс табады. Сыйлық – кез-келген жүректі жібітеді. Сыйлық беру арқылы жаттаған «тақпақты» немесе берген тапсырманы талап етіңіз. Балаларды алаламау, бәріне бірдей қарау, бірдей көңіл бөлу қажет. Бірін екіншісінен артық жақсы көру – үлкен қателік.

Мұсылманның мұраты – иманды, ізгі ұрпақ тәрбиелеу. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Балаға әкенің берер ең жақсы сыйы – ол тәрбие», – деген екен. Тағы бір хадисте: «Балаға бір рет көңіл бөліп, тәрбие беру – садақа бергеннен де жақсы», – делінген. Бұл – тәрбиенің маңыздылығын меңзейтін сөз. Бір ғұлама: «Бала қымбат болса, тәрбиесі одан қымбат», – депті.

Алла Тағала ұрпағымызды иманды етіп, еліне, жеріне қызмет ететін жанашыр тұлғалардан болуын нәсіп еткей. Әмин!

Сұхбаттасқан Күлпара ЖҰМАҒАЛИ

Пікірлер Кіру