Сқақова Гүлдариға Қанапияқызы

17 желтоқсан 2018 4056 0
Оқу режимі

1962 жылы 26-мамырда ШҚО,Катонқарағай ауданы, Көктерек ауылында дүниеге келген. 

Пайғамбарлар сұлтаны

Адамдар азып рухани жаны құлдырап,
Айнала тұман көздері алды бұлдырап.
Сол кезде тылсым сәулесін төгіп жақыннан,
Аққан бұлақ секілденген сылдырап.

Жан кіргендей өліп қалған жандарға,
Үміт етіп әр-бір атқан таңдарға.
Көкжиектен таң сыз бере бастады,
Нұрға бөлеп соңғы сағат қалғанда.

Күллі әлемге тылсым дүние Нұр тұнды,
Түрлі пұттар қирап, құлап бұлқынды.
Әлемнің рахым нұры Мұхаммед деп,
Жан жануарлар Қағбаға ұмтылды.

Анасы ақ бесікте тербеткенде, 
Атасы Мұхаммед деп әндеткенде. 
Торауылдап періштелер көріп жатты,
Расында әз қасиет бар деп сенде.

Ажарың нәр алғандай аппақ нұрдан,
Жаралған тұла бойың тұнық сырдан.
Пайғамбарлар арасында сұлтанысың,
Барша адамға пайғамбар боп жаратылған.

Әділдігің жас кезіңнен басталатын, 
Әз Әмин, неткен таза, асқақ атың?! 
Дара тұлға көркем болған мінезіңде,
Көрген жұрт таңырқасып тамсанатын.

Әйел затын құрметтеп бағаладың, 
Құлдарға да немқұрайлы қарамадың.
Тура жолдың тізгінін, ұстап тұрып,
Адал менен арамды сараладың.

Сезілмеген бұл қасиет өзгеден, 
Сыры бөлек көкіректегі көзбенен. 
Пайғамбарлар сұлтанын сипаттау,
Мүмкін емес қара өлең сөзбенен.

Әрбір оның сөзі ерекше дара шың,
Айырып берген жақсы жаман арасын. 
Үмбеті үшін елеңдеп, ғұмыр кешкен,
Үмбетіне шапағатшы панасың.

Ұстаз болған көркем мінез үлгісімен,
Парасатты үйрендік біз бұл кісіден.
Қасиетті бойында тұнған Құран,
Әзілі бар байқалатын күлкісінен.

Үмбетінің сенімді тас қамалы,
Дұшпанын сескендірген қас-қабағы.
Алдыңнан қанша дауыл соқса дағы,
Пайғамбарлық міндетін тастамады.

Пайғамбар– саф бұлақ, тау самалы,
Ренжітіп көрген емес жас баланы.
Отбасына өте жұмсақ болғанымен,
Өзге жандар қабағынан жасқанады

Есін жиып, етек жинап тік ұстап,
Тіршіліктің таза ауасын тыныстап, 
Пайғамбардың сара даңғыл жолымен
Табамыз ғой алтын Гаухар күміс бақ.

Бүкіл жұрт жырласын, қылсын аңыз,
Алтынмен жазылардай жылнамаңыз. 
Пайғамбарлар мөрі деп мадақталған
Өзіңізді қадір тұтып үлгі аламыз.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру