СҮННЕТПЕН АМАЛ ЕТУ

06 наурыз 2024 2259 0
Оқу режимі

Имам Раббани (қ.с.) бір хатында былай дейді:

Алла тағала бізге Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.а.у.) сүннетіне еріп, жүзімізді жарқыратсын. Сол сүннет иесіне салауат пен сәлем болсын...

Расында Алланың Расулы Мұхаммед (с.а.у.) күллі әлемнің Раббы Алланың хабибі (сүйіктісі). Сол себепті Алла тағала Қалам сүресінің 4-аятында: «Шүбәсіз, сен теңдесі жоқ ұлы көркем мінез-құлыққа иесің» - деген. Ясин сүресінің 3-4-ші аяттарында: «Сен, әлбетте, (ақиқатты жар салу міндетімен жіберілген) елші пайғамбардың бірі һәм бірегейісің! Сен тұп-тура жолдасың», - деп бұйырған. Әнғам сүресінің 153-аятында: «Менің тура жолым, міне, осы. Ендеше, менің жолыммен жүріңдер. Өзге соқпақ-сүрлеулерге түсіп кетпеңдер...» - делінген.

Бұл аятта Алла тағала Пайғамбарымыздың (с.а.у.) шариғатын «сырат мұстақим», яғни тура жол деп атаған. Шариғатқа сай келмейтін, Ислам дініне жат басқа жолдармен жүруге тыйым салған. Пайғамбарымыз (с.а.у.) шүкірлігін паш ету, адамдарды хабардар ету және оларды тура жолға бағыттау үшін былай деп айтқан: «Ең тура жол – Мұхаммедтің жолы». Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мені Раббым тәрбиеледі, әдебімді де ең көркем етті», – дейді.

«Батин» (яғни, тариқат пен ақиқат) «заһирды» (яғни шариғатты) кемеліне келтіріп, толықтайды. Заһир мен батин арасында титтей де айырмашылық жоқ. Мысалы, өтірік айтпау шариғат, ал өтірік айтуды, тіпті, ойламау, бұл - тариқат пен ақиқат. Өтірікті ойламау үшін күш салып, талпынса ол - тариқат, ал мұнысы күш жұмсамай жүзеге асса, ол - ақиқат. Қысқасы, батин, яғни тариқат пен ақиқат заһирді, яғни шариғатты толықтыру әрі кемеліне жеткізу қызметін атқарады. (Мәктубат Имам Раббани, 1-том, 41-хат).

 

Пікірлер Кіру