ТАБИҒАТ АМАЛДАРЫН ҚАЗАҚЫ КӨЗҚАРАСПЕН ТҮСІНДІРСЕК
Қазақ халқы ежелден жаратылысқа назарын салған, табиғатты түсінуге тырысқан, оның тылсым сырынан ілім-білім алып, көңіліне түйін түйген, оны өмір ұстанымына пайдалана білген есті ел, еңселі жұрт, ұлағатты ұлт. Сондықтан бір тәуліктің 24 сағаттан, аптаның 7 күннен, айдың 30 күннен, жылдың 12 айдан, бір сөзбен айтқанда 365 күннің келбетін таныған. Осынау 365 күн ішінде табиғатта болып жататын ауа-райы құбылыстарын зерттеп, зерделей келе, оның бәрін бір ауыз сөзбен амалға жатқызған, амал деп есептеген екен. Ендеше ата-бабамыздан қалған ілімге шама-шарқымызбен біз де назарымызды аударып, көңілге түйген-білгеннен сыр тарқатып көрелік.
Қазақтың ұлттық ұғымында табиғатқа байланысты негізінен 7 амал бар делінеді. Оларды атап өтсек:
1) Күннің тоқырауы.
2) Қарашаның қайтуы.
3) Үркердің батуы.
4) Мұздың қатуы.
5) Киіктің матауы.
6) Қыс тоқсан.
7) Ай тоғамы.
Алайда амалдар осы жетеуімен шектеліп қалмайды. Ежелден "Мал-жан аман ба?" деп қал-жай сұрасқан қазағымыздың табиғат құбылыстарына қатысты амалдары бірнешеу, ұзын-ырғасы жиырмадан асып жығылады. Оларды наурыз айының туып, күн қызып, жер маңдайы жіпсіп, табиғат жылынып, зымыстан қыстың етек-жеңін жинап, ұзайтын шағынан бастап тарқатса болар.
Өліара - ескі айдың бітіп, жаңасының тууы арасындағы аралық. Бұл кезде ай көрінбей қояды. Табиғатта не боларын болжау қиын, өліара шақ орнайды.
Құс қанаты - наурыз айының аяғына қарай жыл құстары қайта бастайды және осы күндері қиыршық қар жауып, күн келбеті құбылады.
Бесқонақ - кейбір өңірлерімізде ерте кіріп шыға ма екен, оны білмедім, наурыздың 17-21 аралығын бесқонаққа жатқызады екен. Ал БҚО-да бесқонақ көкек айының 8-18 аралығын қамтиды. Бесқонақ жауын-шашынды болып келеді. Қар аралас жаңбыр жаууы да ықтимал.
Көкек айын біз сәуір атап жүрміз. Бұл қате. Сәуір де амалдың атауы. "Сәуір болмай тәуір болмас" дейтін мәтеліміздің мәні осы аймен байланысты. Бұл мезгілде түске дейін мүйіз, түстен кейін кейіз дегендей ауа-райы тек түс қайта жылынады.
Отамалы - Қазақтың көне бір аңызында Отамалы деген қойшы болыпты деп сыр шертеді. Амал атауын сол қойшының өмірімен, іс-әрекетімен байланыстырады.Шоқан Уәлихановтың зерттеуі бойынша отамалыны наурыз айына келтірген. Ал Мәшһүр Жүсіп атамыздың мұрасында отамалы амал ретінде сәуір айында болатын табиғат құбылысы. Бір деректерде отамалы от, шөп, оттау дегеннен шыққан деп көрсетеді. Наурыз аяғына таман құс қанаты атаған жұқа қар жауады, оның арты 4-5 күндей боранға айналуы мүмкін. Осыны отамалы дейді. Отамалының «Қара жерге келсем, қар әкелемін, қарға келсем, қар әкетемін» деген серті бар екен дейді. Отамалы атты қойшы туралы аңызды "Абай жолы" эпопеясынан оқуға болады. Боранға ұшыраған қойшы да ыққан қойын іздеймін деп жүріп үсіп өледі. Содан бесқонақтан соң келетін отамалы амалынан да ел сақтанатын болған. Әсіресе, малына мұқият болған. Отамалы көкектің онында кіріп, он бесінде шығады деген дерек бар. Баяғыда шақпақ шағып, от тұтатқан заманда көрші ауылдан от алуға барған бір әйел қайтар жолда бұрқақ соғып, содан адасып, үсіп өледі. Осыдан келіп бұл күндер отамалы атанған. «Отамалы – оңына бақса от алғанша, терісіне бақса оталғанша» деген ел ішінде тәмсіл сөз де сақталған.
Біздің өңірдегі ішкі бөкейліктегі ел ауызында:
Отамалы – ойылған қыс,
Сәуiр – санды қыс.
Зауза-саратан, сенен де қорқам, - деп келетін өлең жолдары болған екен. Зауза мен саратан кәдімгі мүйізді қызыл-қоңыр қоңыз. Қанаты бар, ұша алады. Бұл қоңыз жаңа шыққан көкті жеп, зиянын тигізеді. Малшылардың "зауза-саратан, сенен де қорқам" деуі соны меңзейді. Сонымен отамалы әлі суық кетпеген кезең. Осы күндерді "ойылған қыс" немесе "қараөзек" деп та атап жүрміз.
Қызырдың қамшысы - сәуірдің аяғына таман күн күркіреп, наж ойнайды! Осы құбылысты қазағымыз "Қызыр қамшысы" деп атаған. Қызыр қамшысынан кейін қыс толықтай кетті, жаз шықты, енді жайлап суға да түсуге болады деп есептеген.
Тобылғы жарған - сәуірдің соңғы күндерінде ( 2-3 күндей ) ызғырық жел соғады. Осы күндері тобылғы бүршік жарады, өсімдік атаулы жерге тамыр жіберіп, топырақты жарып, дүр етіп көктің көтерілер тұсы.
Қызыл жұмыртқа - мамыр айының бірінші он күнінде су құстары ұядан балапан басып шығара бастаған сәтті күткендей кенеттен 2 күн суық болады. Балапандар болса қызыл шақа. Осыдан келіп бұл құбылыс "қызыл жұмыртқа" деген ат алған екен. Құс баларандары екі күндік суықтан аман қалса, құс болады, бұл алда айтылар "Құралайдың салқынына" ұқсайды. Алайда құстар үшін болатын сынақ қысқа.
Құралайдың салқыны - мамыр айының аяғына таман соғатын суықтық. Бұл кезде киіктер құралайларын желге қарсы өргізеді. Иә, жаңа туған төлдің шаранасы осы күнгі қатты желден жыртылып, не жаңбырмен шайылып, лақ орнынан түрегелетін болған. Жел мен жауын бір тазартқыш тәрізді, шынықтырады, жаңа туған ( отар-отар киіктердің төлдеуі 2-3 күнге созылады ) лақтарды ширатады. Осы күндері Құдайдың әмірімен қасқырлар ораза ұстайды. Олардың тістері қақсап, ет жеуге зауқы соқпайды, аң аулауға да шықпайды. Қасқырлар бұл кезде азығы желден болады. Кешкісін жеміс жеуі мүмкін.
Саратан-зауза - бұл жөнінде жоғары да қысқаша тоқталып өттік. Қосымша айтарымыз ел ауызындағы ескінің аңызының бір нұсқасы. Саратан-Зауза амалы маусым айының онында кіріп, он бесінде шығады. Сары атан түйеге мінген Зауза атты қыз Құрбан айтта қыдырып жүріп жолда суық соғып, содан үсіп өлген деседі. Содан бұл амал ел ауызында Саратан-Зауза атанып кеткен екен деседі.
Үркердің толғағы - мал-жанға жайлы кезең. Шілде айының ортасын ала кіреді. Осы күндері үркер жұлдызы туады. Жер құрғап, өсімдіктер сарғыш рең алады.
Таразының тууы - тамыз айымен байланысты амал. Таңертең және кешкі мезгілде күн суытады. Күздің табы сезіледі.
Мизамшуақ - қыркүйек айындағы амал. Осы айдың 10 - 20 аралығында күн суытады. Түнде жаңбыр бүркіп, таңға таман өсімдік сабағына жауһар шық қонады. Алайда күндіз ақ шуақтанып, шық еріп, күн сондай жылы болып тұрады. Далада, өсімдіктерді бойлай, басына тартқан ақтай ұзын-шұбақ ағарған нәзік жіптер созылып жатады. Соны қазақ мизам деп атайды. Ендеше мизамшуақ атауының төркіні өсімдіктердің басын шалған мизамдардан туғаны түсінікті болса керек. Осы мизамшуақтың шаруа адамына пайдасы шаш етектен. Келер қысқа дайындалған еңбеккер ел әлі де бітпей қалған жұмысын дәл осынау мезгілде жасап алады. Мизамшуақ табиғаттың мейірімі. Тәңірдің тәрбиесі.
Сүмбіленің суы жүрді - Қазақта: "Сүмбіленің суы жүрді" деген ұғым бар. Бұл тамыз айының аяғында, қыркүйектің басында жауатын жаңбырға байланысты туған ұғым. Сүмбіле жаңбыры жауған жердің шөбіне қыста жылқыны апарып тебіндеткен. Ол араның көдесінің түбі көк, қуаты көп, жылқы малына нағыз от болады деп есептеген екен.
Сүмбіленің тууы - Сүмбіле атты жұлдыз бар. Ол жұлдыз тамыздың соңында туады. Содан қыс бойына сәулеленіп тұрады. Тамыз айы тәмамдала келе күн суыта бастайды және осыған орай қазақ халқы: "Сүмбіле туса, су суиды" деп мәтелдеткен
Киіктің матауы - тамыздың аяғын ала, қыркүйекте басталып, бозқырау айының орта шеніне шейін созылатын амал. Күн келбеті құбылып, үрлесін болып, айнала көзге көрінбестей бұрқасындануы ықтимал шақ. Бозқырау айы дегеніміз қазан айы. Осынау шақты қазақ "Киіктің матауы" деген.
Қазанның қағуы - күн құбылып, тұщы шөптер ашаң тартып, реңі солып жатады. Бұған керісінше қара жусан, алабота тәрізді ащы, кермек дәмді шөптер тұщып піседі. Қазанның қағуы деген осы мезгіл. Қазанның қағуынан соң малдың қоректігі молаяды. Шаруа адамы қазан қағуы болмай қысқа шөп шауып, дайындауға кіріспейді, қазанның қағуын күтеді.
Қарашаның қайтуы - бұл кезде кейбір жыл құстары жылы жаққа ұшып кетеді. Алғашқы қардың қылаулауы да осы мезгілде болады. Жазғы жвйылым әбден тозып, дала сұрқай тартып, шөбі сиреп, өңінен айырылатын, ауа-райы құбылмалы болып тұратын кез осы кез.
Қырбастың қызылы - желтоқсан айының басында болатын қатты аяз, шыңылтыр аяз. Мұны атам қазақ "Қырбастың қызылы" атаған. Бұл солтүстік өңірімізде өте күшті сезіледі.
Қыс шілдесі - қаңтардың соңына қарай кісінің түкірігі жерге түсіп үлгерместей ақырған, саршұнақ аяз болады. Міне, осы кезді қазақ "Қыс шілдесі" деп атаған.
Теке бұрқақ - желтоқсан айының соңғы онкүндігінде далада ұйтқыған боран соғады. Осы кезде киіктің текесі маталып, яки ұрғашы киікті қашырады. Өзі небәрі әрі кетсе үш күнге созылатын осы амалды "Теке бұрқақ" дейміз. Мамыр айының бірінші онкүндігінде киіктер лақтайды. Ол да екі-үш күннен аспайды.
Бөрі сырғақ - қыстың соңғы айы ақпанның аяғын ала болатын амал. Ат құлағы көрінбейтін ақ түтек боран соғып, қар жауып, бұрқап, ауа сыңайы мың құбылатын осынау шақта бөрі мен бөрте қаюға түседі. Арланкөк пен айқұртқаның жұптасу кезеңін қазақ "Бөрісырғақ" деп атаған. Бұршақтай-бұршақтай пытыра қар түйіршіктері бетке ұрып, сырғақтап жатады. Бұл шамамен ақпанның 17-25 күндері аралығын қамтиды. Жал мен құртқаның жұптасу кезеңінде олардың мінез-құлқы өзгереді. Көзіне түскенді құртып жібпруден еш тайынбайды. Қазақ: "Бөрінің көтіндей ұлып" деген сөзді бекер айтпаған, осы күндері арланкөктің келуін, қаюын күткен айқұртқаның арты, бөлтіріктуары шыныменде дыбыс шығарады деседі. Бір емес бірнеше бөрте бір жерге жиналып, күй шақырса тап солай болмаса қайтсін?
Ақпан-тоқпан - көктем мезгілінің басы. Күн жылына бастайтын, жер маңдайы біртіндеп жіпсіп, ери түсетін кез. Бірақ Қазақстанның табиғаты қатал өңірлерінде қыс алты айлап, табандап жатып алатын кездері болады. Зымыстан шықпай көктемнің жүзін көру жазбайды. Ақпан-тоқпанды ағайынды деп те атайды. Бұл құбылыс үш күнннен жеті күнге ұласатын суықтан тұрады. Ақпан айы кейде 28 күннен, кейде 29 күннен құралады. Қазақ ақпан-тоқпанда: "Құт келді, жұт келді" деп екі ұдай күй кешіп, сақтанатын болған. Малдың жұтауы көбіне осы кезге дөп келіп отырады екен. Күн суытады, қалың тұман түседі, не керек алдап соғатын айлалы ақпан-тоқпан ағайындылардан мал-жанымыз зардап шекпесе екен деп тілеген қазақ бұл кезде аса сақ болған, бейқам жатраған.
Халқымыздың табиғатқа байланысты амалдары жайлы көп айтуға болады. Біз оларға қысқаша ғана тоқталдық. Танымдық тұрғыда мәлімет болсын деп ұйғардық.