ТАБУ МЕН ЖОҒАЛТУ

06 қаңтар 2025 115 0
Оқу режимі

Күнкөрісінің өте қиындап кеткені соншалық, жарық күннен де ләззат ала алмайтын жағдайға жеткен бір адам көпті көрген қарияға барып өзінің мүшкіл халінен хабар береді. Қария оның арқасына үлкен қап таңып:

- Жолда кездескен тастардың бәрін осыған теріп сала бер. Тек басыңнан үлкен болып кетпесін, - деп қоя береді.

Әлгі адам жолында кездескен тастарды тере-тере, арқасындағы жүктің ауырлығынан шөгіп отыра кетеді. Қария оның қасына келіп:

- Нені сезіндің? - дейді.

- Жүрген сайын жүгім ауырлап алға жылжудан қалдым.

- Міне, бұл сен үшін нағыз ғибрат аларлық дүние. Сен әр күн сайын керексіз нәрселермен өз көкірегіңді толтырғансың. Сенің еңсеңді көтертпей алға жылжытпай қойған солар, - дейді қария.

- Оны жеңілдетудің жолы бар ма?

- Сен жақсы қызмет, махаббат, отбасы, достық, ақша, мәнсап, атақ-абыройыңның қайсысын лақтырып тастағың келеді?

Жолаушы үнсіз қалады.

- Адам екі жағдайда ғана өзін жеңіл сезінеді. Бірі - өмірге жаңа келген кезі, ол кезде сенің арқаңдағы дорба бос. Екіншісі - өмірден аттанар кез, ол кезде сен арқаңдағы қапты түгел босатып, төңкеріп тастап кетесің.

Адамдар өмірде өзіне тиесілі көп дүние, мал-мүлік, байлық, жер, бәрі-бәрі болса екен деп армандайды. Осылар болса ғана бақытты, шат өмір сүретін кісі сияқты боп көрінеді. Бірақ осындай дүниелер көбейген сайын тынысы тарылып, көтерген жүгі ауырлай береді. Көңіліне алаң орнайды. Тек солардың амандығы үшін ғана қызмет етіп, соларды қорғаштап қана бар өмірі өтеді.

Сондықтан бәрін табарсың әрі бәрін жоғалтарсың, бірақ, соның ішінен өзіңе тиесілі талғамды дұрыс жасай алсаң, ол – нағыз бақытты өмірдің бейнесі болмақ, - депті дана қария.

Мұрат РАҚЫМЖАН

 

 

Пікірлер Кіру