Таң намазын жамағатпен оқудың 10 артықшылығы

14 қараша 2018 18257 0
Оқу режимі

Әй, мұсылман бауырым! Алланың саған әзірлеген сый-сияпаты – Алланың кеңшілігінен мақұрым қалма!

1. Осы дүниеде және ақыретте Алланың қорғауында, қарамағында боласың

Әбу Зәр (р.а) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай айтқанын жеткізеді: «Кімде-кім таң намазын (жамағатпен) оқыса, ол Алланың қорғауында болады»[1].

2.Тозақтың отынан құтыласың

Амарһ ибн Руайбһ (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай деп айтқанын естігенін жеткізеді: «Күннің шығуынан және оның батуынан бұрын намаз оқыған адам тозаққа кірмейді»[2].

3.Жәннатқа кіруге себеп болады

Әбу Муса әл-Ашғари (р.а) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Кімде-кім әл-бардайынды (таң мен асыр намазын) оқыса, жәннатқа кіреді»[3].

4.Түнімен құлшылық қылғанның сауабы беріледі

Осман ибн Аффан (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай деп айтқанын жеткізеді: «Кімде-кім құптан намазын (мешітте) жамағатпен оқыса, ол түннің жартысын намазбен өткізгендей болады және кімде-кім таң намазын (мешітте) жамағатпен оқыса, түнді түгелдей намазбен өткізгендей болады»[4].

5.Екі жүзділіктен аулақ боласың

Әбу Һурайра (р.а) жеткізген хадисте  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұнафықтарға ең ауыр намаз – құптан мен таң намазы. Егер бұл екі намазда қандай сауап барлығын білгенде, еңбектеп болса да келер еді. Мен намазға бұйырып оған азан айтылуын, сосын бір кісіге бұйырып, оның адамдарға намаз оқып беруін, сосын отын көтерген адамдармен намазға келмеген адамдардың артынан барып, олардың үйлерін өртеп жіберуін қаладым»[5], – деген.

6. Қиямет күнінде жүзің нұрлы болады

Саһл ибн Сағд әс-Сағди (р.а) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Қараңғы басып тұрғанда (таң намазының уақытында) мешітке барушыларды қиямет күнінде толық нұрмен сүйіншілеңдер»[6].

7.Намазыңа періштелер куәлік береді

Әбу Һурайра (р.а) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с): «Сендерге түнде бір періштелер, күндіз бір періштелер алмасып келіп тұрады. Олар таң намазы мен асыр намазында жиналып, сосын сендермен түнде бірге болғандар көкке көтеріледі. Сонда Алла олардан жақсы біліп тұрса да: «Пенделерімді қандай жағдайда тастап келдіңдер?» – деп сұрайды. Ал, олар: «Біз оларды намаз оқып жатқандарында тастап келдік, сондай-ақ, олар біз оларға барғанымызда да намаз оқып жатыр еді», – деседі»[7].

8.Жәннатта ерекше сый-сияпатқа ие боласың

Әбу Һурайра (р.а) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кімде-кім (намаз оқу үшін) таң ертең және кешке мешітке барып тұрса, Алла Тағала оған әр барып-келгені үшін жәннатта ерекше сый-сияпат әзірлейді»[8], – деп айтқан.

9.Жәннатта Алланың дидарын көру мүмкіншілігіне ие боласың

Жәрир ибн Абдуллаһ әл-Бәжәли (р.а) баяндайды: «Ай толған түні Алла елшісімен (с.ғ.с.) бірге болған едік. Сонда ол толған айға қарап тұрып: «Жұмаққа кіргенде, мына айды қазір қалай көріп тұрсаңдар, Раббыларыңды да дәл солай сығылысып бір-біріңе кедергі жасамастан анық көретін боласыңдар, сондықтан күн шықпай тұрып және батпай тұрып үзбей намаз оқуға (таң мен асыр намаз) шамаларың келсе, міндетті түрде оқыңдар»[9], – деп айтты.

10.Осы дүниеден және оның ішіндегі барлық нәрседен хайырлы іске ие боласың

Айша анамыз (р.а) пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына өсиетін риуаят етеді: «Таң намазының алдындағы екі рәкағат сүннеті осы дүниеден және оның ішіндегі барлық нәрседен қайырлы»[10].

Бахтияр АМИРЕЕВ,
«Бегалы ата» мешітінің ұстазы

 


[1] Мүслим 657.
[2] Мүслим мәсәжид 213.
[3] Бухари 574, Мүслим 635.
[4] Мүслим мәсәжид 260.
[5] Бұхари 657, Муслим 651.
[6] Сунан ибн Мәжә 781.
[7] Бұхари муәқит 16, Муслим мәсәжид 210.
[8] Бұхари әзән 37, Муслим мәсәжид 285.
[9] Бұхари мәуақит 16, Муслим мәсәжид 211.
[10] Муслим 725.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру