ТАҢ НАМАЗЫНАН КЕЙІН ОРЫНДАУҒА БОЛАТЫН 5 СҮННЕТ

09 қараша 2021 10837 0
Оқу режимі

Хадистердің бірінде былай келтірілген: «Таңғы уақыт – береке әрі намаздың өз мақсатына жететін кезі».

Күн қанша ерте басталса, сонша сіз көп ісіңізді жасап үлгересіз әрі күн соншалықты жемісті өтетіндігін байқаған боларсыз. Ерте тұру және таңғы уақытқа деген ерекше көзқарас біздің асыл дінімізбен ұсынылған. Иман келтіргендер үшін ерекше берекелі уақыт бар, бұл уақыт – таң намазынан кейінгі кез, осы уақыт жөнінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай айтқан болатын: «Уа, Алла, таңғы уақытта менің үмбетіме береке бер».

Таң намазынан кейін орындалатын әрі жаңа күнге ниеттендіретін бірнеше сүннетті ұсынамыз:

1. Алланы еске алу

Хадисте былай келтірілген: «Намаз оқып болған соң, орнында қалып Алланы еске алатын кез-келген адам үшін періштелер Алладан ол үшін кешірім сұрауын қоймайды екен. Періштелер былай айтады: «Алла оны кешірші! Алла оған рақымыңды төкші» (Бұхари).

Ал басқа хадисте былай айтылған: «Кімде-кім таң намазын оқып болып, орнында қалып, күн шыққанша Алланы еске алса, ал күн шыққан соң екі ракағат намаз оқыса, ол толықтай кіші және үлкен қажылық өтегендей сауап алады» (Тирмизи).

2. Духа намазы

Духа намазы – ерікті түрде оқылатын нәпіл намаз, оны күн шыққаннан кейін 20 минуттан соң әрі бесін намазына 45 минут қалғанға дейін оқуға болады. Духа намазын оқу – күннің сәтті өтуінің кепілі.

Хадисте былай айтылған: «Екі ракағат духа намазын оқуда табандылық танытқан адамның теңіздің көбігіндей көп (кіші) күнәлары болса да, кешіріледі» (Тирмизи).

Ал басқа хадисте былай келтірілген: «Жұмақта «Духа» қақпасы бар. Қиямет күні хабаршы былай айтады: «Духа намазын оқығандар қайда? Мынау сендер кіретін қақпа, Алланың мейірімімен осында кіріңдер» (Табарани).

3. Құран оқу

Таңғы уақытты Құран оқуға және оның мағынасы жөнінде ойлануға арнаған өте пайдалы. Бұл уақытта адам өзін Құранға ғана арнап күллі әлемнен оңашаланып, сауаптар мен Алла Тағаланың разылығына кеңелетін кез. Сонымен қатар, осы уақыт Құранды жаттауға ең лайық шақ.

Қасиетті Құранда Алла Тағала былай айтқан: «Түс қиғаннан, түннің қараңғылығына дейін намаз оқы (бесін, екінті, ақшам және жашыйық намаздары). Әрі таң намазын оқы. Күдіксіз таң намазына періштелер де қатынасады» (17:78).

Ал хадисте былай айтылған: «Егер адам Құран оқуды кешке аяқтаса, періштелер оның кешірілуін таң атқанша сұрайтын болады, ал егер адам Құран оқуын таңертең бітірсе, періштелер оның кешірілуін кешке дейін сұрайды».

4. Дұға

Күллі әлем шырт ұйқыда жатқан осы бір қайырлы уақытта, Алла Тағаладан аса маңызды нәрсені сұраңыз, өзіңіз әрі жақындарыңыз үшін дұға жасаңыз, өзіңізге қажет нәрсені Алланың нәсіп етуін тілеңіз. Дұғаны шынайы ниетпен жасаңыз.

5. Күн тәртібі

Бұл пункт Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сүннетіне жатпайды, дегенмен, өз уақытына ұқыпты қараудың белгісі болып табылады. Таң ата келе күні бойы жасайтын істеріңіздің тізімін жасап алыңыз да сол тәртіпке сай әрекет етіңіз, күніңіз жемісті болып өткенін көресіз, ин ша Алла!

 

Дереккөз: asyldin.kz

Пікірлер Кіру