ТАҚУАЛЫҚТЫ ДҰРЫС ТҮСІНІП ЖҮРМІЗ БЕ?

15 ақпан 2023 3346 0
Оқу режимі

Ертеде бір жігіттің үйіне тышқандар қаптап кетіпті. Ашуланып, ызаланып тышқандарды қуып жүрген кезде, кенеттен үйге досы келіп, құрдасының осы бір ызалы түрін көреді де:

– Сен не үшін мысық асырап алмайсың? - дейді.

Сонда әлі жігіт:

– Менің мысық асырап алуға күш - құдіретім жетеді, бірақ, мына тышқандар мысықтың иісін сезіп, көршімнің үйіне өтіп кете ме деп қорқамын, - деген екен.

Біз кейде тақуалықты көп кітап оқу, әдемі сөйлеу, көп құлшылық қылу, жұпыны киіну деп ойлаймыз. Алайда адамдармен мәміле жасаған уақытта мұрынымызды аспанға шүйіреміз. Кісі ақысына кіріп кетуден сақтанбаймыз.  

Әбу һурайра бір жігіттің тақуалық жайлы сұрағына сұрақпен жауап берген:

– Сен тікенді жолды көргенсің бе?

– Иә, - деп жауап береді әлгі жігіт.

– Сол сәтте не істейтін едің?

– Егер тікенді көрген болсам, аяғыма кіріп кетпесін деп әрі - бері қашқаптап жүретін едім, - дейді. Сол сәтте Әбу һурайра:

– Міне тақуалық деген осы, - деп сөзін аяқтаған екен.

Байқағанымыздай тақуалық біздің барлық ісімізге араласады. Осы себептен де Пайғамбарымыз «Қайда болсаң да Алладан қорық!» дейді.[1]

Қазіргі күні қоғамда мұсылмандықтың дәрежесі төмен түсіп барады. Себебі, білімсіз тақуалыққа ұмтылып, құрғақ амалмен алданып қалдық. Осыдан болар кейбір адамдардың мұсылмандарға деген өкпесі қара қазандай. Біз жапырағы жайқалған, бұтағы қатты, тамыры терең ағаш секілді болуымыз керек. Бұл ағашқа қарға да, қарлығаш та қонады. Бұл ағаш екеуінің де қажетінде болады. Қоғамда сол секілді жақсы да бар, жаман да бар...

Сахабалар Пайғамбарымыздың айналасына не себепті жиналды?

Себебі, ол кісі өте көркем мінезді, адал, жанашыр еді. Тіпті Меккедегі мүшіріктердің өзі ол кісге иман келтірмесе де заттарын аманатқа тастап кететін. Пайғамбарымыз да кісі ақысын жоғары қойып, аманатқа  қиянат жасамады. Осынау тақуалықтын үлгісін көрсете білген пайғамбардан не үшін өнеге алмасқа?!

Жолды Шалқар,

"Әзірет Сұлтан" мешітінің ұстазы

 

[1] Термизи

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру