Теледидардан күніне 37 мейірімсіздіктің көрінісі көрсетіледі...

01 қазан 2018 9181 0
Оқу режимі

«Балалы үй – базар», «Бала - бауыр етің»  деп бабаларымыз тегін айтпаған. Әрбір ата-ана үшін бала тәрбиесі ең бірінші орында десек, қателеспейміз. Ағашты отырғызған соң күтімін жасамасақ қурайды, бала тәрбиесі де дәл сол іспетті.Олардың  мінез - құлықтары мен жеке қасиеттерінің қалыптасуында отбасының алар орыны бір бөлек. Сонымен қатар, соңғы жылдары  оған теледидардың да әсері қосылып отыр. Көптеген балалар үшін теледидар жаңа және қызықты нәрселерді білуге көмектесетін  дос болып кеткен. Ендеше, бала тәрбиесін теледидарға тапсырған дұрыс па?

БАЛА  САНАСЫНДАҒЫ  ШЫНАЙЫ ӨМІРДІҢ ЭКРАНДЫҚ КӨРІНІСІ

Қазіргі уақытта теледидардан көптеген зорлық-зомбылық көріністер көрсетіліп, қан өзен суындай «ағып» жатады. Күніне балаларымыз орта есеппен 17 өлім, 37 мейрімсіздік көріністер көреді екен. Мұндай эпизодтардың қандай сөздермен көрсетілетінін тұспалдау  қиын емес. Және бұл көріністер таңертең де, кешке  де көрсетіле береді. Мұндай хабарлар балалардың  дүниетамының, логикасы мен психикасының қалыптасуына теріс әсер ететіні сөзсіз.

Балалардың кітап оқуға деген құмарлығы  жыл өткен сайын төмендеп келеді, соның салдарынан телефильмдердің көптеген кейіпкерлері олар еліктейтін ең беделді тұлғаларға айналды. Кейіпкерге еліктеу әдетте балаларда төрт жастан басталады. 

Статистикалық мәліметтерге қарағанда, балалар мен жасөспірімдер телеаудиторияның ең белсенді  көрушілері екені анықталып отыр. Өсе келе жас адам біртіндеп, үлкендердің  әлеміне кіргісі келеді. Бала  шынай өмірді білуге әрі түсінуге, ондағы құндылықтар мен мінез-құлық ережелерін қабылдауға талпынады. Үлкендер өмірін бала тек отбасы мен көшеден ғана көрмейді. Теледидар да олардың үлкендердің өмірі туралы түсініктерінің қалыптасуына әсер етіп, оның белгілі бір бейнесін қалыптастырады. Алайда экрандық түсінік балалар кіретін шынайы өмірге қаншалықты сәйкес келеді? 

ТЕЛЕДИДАРҒА ТӘУЕЛДІ  БАЛАЛАР ӨСКЕНДЕ ҚЫЛМЫСҚА БЕЙІМ БОЛАДЫ

«Теледидардың балаларға тек оң әсері ғана емес, теріс әсері де болатын болса, онда балаларымыздың бойында қандай қасиеттер қалыптасады»  деген сұрақтар кімді болса да мазаламай қоймайды. Көптеген бұқаралық ақпарат құралдары  теледидар арқылы Шығыс елдерінде қылмыстың өсуіне үлкен әсері бар екенін дәлелдеп отыр. Зорлықты насихаттау, әсіресе теледидардан, кино мен компьютерлік ойындардан анық байқалады. Психологтар мен сарапшылар БАҚ- да зорлық-зомбылық көріністердің көрсетілуі мейрімсіздік пен қатыгездіктің өршуіне тікелей әсер ететінін дәлелдеп отыр.  

Соңғы 40 жылда дүние жүзінде балаларға теледидардың  әсерін зерттеуге арналған біраз шаралар жүргізілген. Зерттеулер дүние жүзінің көптеген елдерінде, әр түрлі нәсілдерге, ұлттар мен әлеуметтік топтарға жататын ер балалар мен қыз балалардың арасында жүргізілген. Бұған қарамай, зерттеу нәтижелері іс жүзінде бірдей болып щыққан: экрандағы агрессия балалардың адамдарға және жансыз заттарға агрессивтіліктерін арттыра түседі. 

Дегенмен,бала тәрбиесінде теледидиардың беретін пайдасын мойындай отырып, бұдан пайданы ала білу керек екенін ұмытпауымыз керек. Балаға ұсынылған бейнелер оны «бала болу» міндетінен айырмаса, онда теледидардан еш қауіп жоқ» деген екен ағылшын психосарапшысы Дональд Винникотт. 

ТЕЛЕДИДАР  КҮНІНЕ  90  МИНУТТАН АРТЫҚ  ҚОСЫЛМАУЫ ТИІС

Қазіргі кезде теледидар үйіміздің әр бөлмесінде, тіпті ас ішетін бөлмеде де, автокөлікте де тұрады. Гастроэнтерологтардың (адамның асқорыту жүйесінің құрылысы мен қызметі, ауруларын емдеу және олардан сақтау туралы ғылым )мәлімдеуінше, көгілдір экранның алдында отырып тамақ ішу балалардың денсаулығына өте зиян. Бұл асқазан жарасын, гастрит ауруларын қоздырады екен.

Көгілдір экранның әсері ең алдымен көру мүшесіне емес, есту қабілетіне зиянын тигізеді. Ғалымдардың зерттеулерінше, бала теледидарды қарамай - ақ, маңында ойнап жүрген күннің өзінде назар аудару, принциптік ойды жұмылдыру қабілеті нашарлап, оның миында кереғар реакция жүреді. Тіпті теледидар басқа бөлмеде қосулы тұрса да бала оны естиді, сөйтіп ойнап жүрген, кітап оқып, үй жұмысын жасап отырған баланың миы тұрақты режимде керексіз ақпараттарды қабылдап, оны алаңдатады. Электрлік магнит өрістерінің әсерінен тез шаршау, ашушаңдық, ұмытшақтық, ұйқының бұзылуы деген кеселдер шығады. «Бұлар теледидардың әсерінен болады» деп адамдар ойламайды, өйткені көгілдір экранның әсері білдіртпей бойды алады. «Көгілдір экран үйде күніне 90 минуттан артық қосылмауы тиіс» деген кеңес береді ғалымдар.  

    

Әрине, бұл көгілдір экранға мүлде жоламау деген әңгіме емес, оны орнымен пайдалануда. Теледидар – адамзаттың ұлы жетістіктерінің бірі. Көпшілік жұмыстан кейін үйге келіп таңдаған бағдарламаларын, сериалдарын рақаттанып көреді. Бір жаман жері – ол адамдарды үйге жіпсіз байлап қояды. Уақытының бәрін алады, онымен қоймай, денсаулығына залал келтіреді екен.   Ересек адамдарға пайдалы кеңес беру болмаса, үйреншікті әдеттерінен айыру қиын. Алайда, өздерінің денсаулықтарын ойламаса да, балаларының денсаулығына көңіл бөліп, көгілдір экраннан келетін кеселдердің алдын алған жөн. 

АТА-АНАЛАРҒА ЖАДНАМА:

Ø Егер сіз балаңыз таңдаған бағдарламаны жөн көрмесеңіз, өз ойыңызды түсіндіріңіз.
Ø Балалар бөлмесі – теледидарға арналған жер емес,себебі ол оқуға және дамытушы ойындарға кедергі келтіреді.
Ø Теледидарды өзіңіз де жиі көрмеңіз, балалар ата-ананың әрекетін жиі қайталайды.
Ø  Балаға жарнама дегеннің не екенін түсіндіріңіз. 
Ø Оған теледидарда көрсеткеннің бәріне сене бермеу керек екенін үйретіңіз. 

ҚОСЫМША КЕҢЕСТЕР:

1. Кейбіреулер үйіне келе салып, теледидарды қосуды әдетке айналдырған немесе оны жарық үшін (фон) пайдаланады, теледидарды, қажеті болмаса, қоспаңыз;

2. Көретін бағдарламаны мұқият таңдаңыз. Егер өзіңіздің көңіл күйіңіз қаламайтын болса, ашу - ыза шақыратын бағдарламаларды қарамаңыз. Балаларыңыз көріп отырған фильмдер мен бағдарламаларды және олардың көгілдір экран алдында қанша уақыт отыратынын қадағалаңыз;

3. Белгілі бір жасқа келгенше жасөспірімдер көгілдір экранда болып жатқан оқиғаларды түсіндіруді қажет етеді. Теледидарға тегін тәрбиеші деп қарамау керек, баланы оның алдына жалғыз отырғызып қоюға болмайды. Балалар үшін тәрбиелік мағынадағы отбасылық бағдарламаларды таңдап көрсету керек. Егер бала тәулігіне екі сағаттай теледидар қараса, одан ешқандай зиян келмейді. Керісінше, ол бұдан өзіне пайдалы мағлұматтар алады, өзіне жаңалықтар ашады. Ал енді көгілдір экран оның жалғыз ғана досына айналса, одан келер қауіп бар. Оның кері әсерін көп ұзамай өзіңіз де байқайтын боласыз. 

Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Әкенің баласына жақсы тәрбиеден артық берер сыйлығы болмас» (Тирмизи, Бирр) - деген.  «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі»- дейді Әл - Фараби. Бауыр ет – балаларымызды елжандылыққа, имандылық пен отансүйгіштікке, салт-дәстүрін құрметтей білуге  тәрбиелеу  басты міндетіміз екенін есте сақтайық. 

Пікірлер Кіру