Тілейхан Жәнібек

17 желтоқсан 2018 3565 0
Оқу режимі

2003 жылы 6-қыркүйекте Моңғолия Республикасы, Баян Өлгей облысы, Сәленге ауданында өмірге келген. Қазіргі таңда «Сарыағаш медресе» колледжінің 1-курс студентімін.

Пайғамбарға арнау

Сағынғанда жалғыз қалып ойланамын,
Керек екен анда-санда ойға мұң.
Жанымның жартысынан айрылғандай,
Расулулла мен сені ойға аламын.

Әттең-ай! Жүзіңе бір тоймағаным,
Кезінде сол сезімге бойламадым.
Я, Раббым кешірегөр құлыңды өзің!
Алаңсыз сауық-сайран ойнағанын.

Көзің сондай шоқ секілді жанып тұрған,
Бейне бір болғандайсың жарық нұрдан.
Мүбәрәк қолдарыңнан ұстап қалу,
Арман болды біздерге зарықтырған.

Мен бейшара есім кетіп сағым қуған,
Сағынбаппын талайды сағындырған.
Шын ақымақ мен екенмін бұл өмірде,
Болмапты сен үшін де жаным құрбан.

Салды да арғы өмір құрсағына,
Алып кетті жәннаттың нұр тағына.
Үмметің жылап сені қимай жатыр,
Қол созып бұл пәниден тұр сағына.

Алланың дінін жайып асылдандың.
Сұлтаны сен едің ғой асылдардың.
Бұл өмірде адамға мұқтаж болмай,
Алланың жәрдемімен сусындадың.

Жәннатқа бірінші боп адымдаған,
Болып келші тым болмаса сағым маған.
Сағындым сізді, нұр атқан бейнеңізді,
Жан ақымақ секілді сағынбаған.

Толтырдың жүректегі иманның шекарасын,
Емдедім сіз арқылы жан жарасын.
Жақсылықты аманат қып тастадыңыз,
Ажыратып ақ пен қара екі арасын.

Біз келеміз бүгінде хақ ізінен,
Мен бейшара бір сорлы бағы үзілген.
Сіз кеттіңіз дініміздің діңгегі, асыл тәжі,
Семсердей болып қалдың сабы үзілген.

Аманат қып ізгілікті тастағасын,
Жәннатқа тура жол боп бастағасын.
Имансыз бен дінсіздің күнін кешпей,
Мұсылмандар исламды тастамасын.

Алланың құдіреті ғажап басқа,
Айтқан сөзін амал етіп жаратпасқа,
Мұхаммед есімінен мөр басылып,
Есімінің әрбіреуін қалап тасқа.

Неге біз жолды өзі жаңартпасқа,
Құбылаға жүзімізді қаратпасқа.
Пайғамбардай болғың келсе сөзін асыл,
Ал бауырым, амалыңды санап баста.

Расулулла мінезің құран болған,
Жамандықтан жақсылық қорған болған.
Сахабалар әр кезде жауға шапса,
Пайғамбар уахи сөзі ұран болған.

Мінезің пәк кіршіксіз таза тұнық,
Ешқашан көрсетпеген ада қылық.
Соңғы елшіге ұқсайық бауырларым,
Ешқашан жамандыққа болма құнық.

Таяп келеді, таяды заман ақыр,
Ізгілікке біз жетеміз қара да тұр.
Қияметпен туылған Расулуллаһ,
Сенімен мәңгі үмметің қалады ақыр.

Наданды бізден алып ақыл еткен,
Қорқыныш үрей алған ақыреттен.
Алладан қорыққанда шашы ағарып,
Қас дұшпаны «Лаьимға» батыр еткен.

Сағынбадық, неге көкірек имансыз ба?
Шайтан ләьим жүрекке мөрін сызба.
Расулулланы сағынбау имансыздан,
Күнәні шарасынан жиғансыз ба.

Расулулла біздерге жолбастаушы,
Қорқыңдар бар екен бір жазалаушы.
Зікірді, салауатты көп айтайық,
Ол сондай! Кедей, бай деп қарамаушы.

Ал енді хош елші қоштасайық,
Жәннатта тек сенімен достасайық.
Ақыретке дейін мәңгі сағынамыз,
Оған дейін ақыреттік дос табайық,
Қош бол елшім! Қоштасайық.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру