ТОҚАЛ ЕШКІ

15 қаңтар 2025 38 0
Оқу режимі

"Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылыпты", - деген мақал қаперге алынғанда, аталарымыздан жеткен:

"Ешкіні құдай ұрарында,

Қойшының таяғына сүйкенер", - деген келесі даналық еске түседі. Бұл енді тура әлгі:

"Ешкі өзі туа алмай жатып,

Қойға кіндікшешелікке барыпты", - дегеннің кері. Болмаса мүйізсіздік - тоқал ешкіге тән болмыс. Сондықтан да тоқал ешкінің мүйіз сұрауы:

"Тентектің есіл-дерті — бұзу,

Текенің есіл дерті — сүзу", - дегенге келеді. Соған орай Қадыр ағамыз өзінің "Тоқал ешкі" деген өлеңінде:

"Күнде тәртіп бұзыпты:

Кішілерді сүзіпті

Миуаны үзіпті,

Мүйізіне тізіпті.

Міне осындай алыпты

Атам көріп қалыпты.

Қажыттың деп халықты,

Мүйізін қағып алыпты!" - дейді.

Алайда аталмыш мақал тура мағынасында емес, негізінде қолындағы барын қанағат тұтпағандарға қарата айтылады. Соған қарағанда әлгі тоқал ешкіге баланған адам қолы жетпеске ұмсынатын болса керек.

Сонда ол "тоқал ешкі" неге "мүйіз" сұрайды? Бұл жерде біз қаперге алып отырған "тоқал ешкінің" адам екендігі мәлім. Ал оның сұрап отырған "мүйізі" оған беруге мүлде келмейді. Солай бола тұра ол соған қол созады. Әрине, "мүйіз" үлестіруші ақымақ емес. Ол мүйіз сұраушының "тоқал ешкі" екенін жақсы біледі. Сондықтан да беліне өзі көтере алмас шоқпар байлауды аңсаған әлгі қудың "құлағын" кесіп алады. Бұл жерде "құлақты" да әрқилы түсінуге болады. Ең бастысы, ол әлгі сұрамсақтың иелігіндегі нәрсе. Ол оның өзіне лайықты қызметі, болмаса қадірлі бір заты болуы да мүмкін. Егер ол "мүйіз" сұрамағанда бар ғой... Енді сұрайтын да реті жоқ. Себебі... Дұрыс. Тоқал.

Оның үстіне ешкіге деген сенім әу бастан аз. Соған орай аталарымыз:

"Ешкі бастаған қой егінге түсер", - деген. Оның үстіне: "Тоқал ешкі лақпын деп ойлайды", - деген де бар. Сондай-ақ аталарымыз: "Тоқал ешкі қой бұзар", - дегенді де айтқан. Сондықтан да тоқал ешкінің мүйіз сұрауы:

"Құлағын салып,

Басын ұтқызды", - дегеннің кері.

Басы ашық жәйт. Мақалдың ешкіге қатысы жоқ. Сондықтан мақалдан тура мағынасында мән іздеуге болмайды. Шынтуайтына келгенде тоқал ешкі де сүзіседі. Тіпті ол басымда мүйізім жоқ деп те білмейді. Оны білетін сол ешкіге баланған адам. Мақалға осы тұрғыда назар салғанда "тоқал ешкіге" баланған адамның сұраған "мүйізі" оның тағдырына қатысты мәселе екендігі мәлім болады. Бұдан шығатын қорытынды, кім де болсын өз тағдырына риза болуы тиіс. Ол ризалықтың аты - иман. Ал оған риза болмасаң бар ғой... Онда "құлақтан" айырыласың. "Құлақ" деп отырғанымыз... Саған тиесілі, сен ардақ тұтатын нәрсе. Егер "құлақ-нәрселерден" айырылғанды місе тұтпай, "мүйіз" сұрауды жалғастыра берсең, онда ол "құлақтың" сенің жақын адамыңа да айналып кетуі мүмкін. Бұл жерде "Алладан сұрауға болмайды екен ғой" деген күмән туындамауы керек. Білген жөн. Тек "тоқал ешкіге" мүйіз сұрауға болмайды. Себебі, тоқал ешкінің мүйіз сұрағаны мен иттің мүйіз сұрағаны арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Соған орай тағдырға иман келтіруді де тап солай деп түсінген жөн. Бұл тұрғыда Ахмет Байтұрсынұлы:

"Құлақ екеу, ауыз біреу.

Ол не үшін бұлай?

Көп тыңдап, аз сөйлеуге жаратқан оны Құдай.

Ауыз біреу, көз екеу – ол не үшін бұлай?

Көп көріп, аз таңдануға жаратқан оны солай.

Ауыз біреу, қол екеу – ол не үшін бұлай?

Көп жұмысшы, аз жеуші – жаратқаны ол солай", - дейді.

Жалпы "мүйіз" сұраған адамға қарата құлақтың қаперге алынуында да бір мән бар. Бұл орайда аталарымыз:

"Адам құлақтан азады,

Көңілден семіреді", - дейді. Және де:

"Көзі жоқ, құлағы саудың

Ақылы толады.

Құлағы жоқ, көзі саудың

Ақылы солады", - дейді. Әйтсе де Гераклит:

"Егер рухы жабайы болса, оның көзі мен құлағы жаман хабар береді", - деген. Сол Гераклит:

"Көз құлаққа қарағанда әділ куәлік етеді", - дегенді де айтыпты.

Түптеп келгенде, бәрінен де: "Аш құлақтан -

Тыныш құлақ", дегенді айтқан қазақ атам озып тұр.

Құдияр БІЛӘЛ

Пікірлер Кіру