Тұрмыс құрғысы келетіндерге 7 кеңес

15 тамыз 2019 8450 0
Оқу режимі

Отбасын сақтайтын махаббат емес, сүйіспеншілік пен мейірімділік. Бұл қос сезіммен үйге тыныштық пен жан рахаты ұялайды. Шаңырақ жауапкершілігі – ерлі-зайыптылардың иығына теңдей жүктелетін міндет. Десе де, әйел затына жауапкершіліктің басым бөлігі тиетіні белгілі. Өйткені, әйел – күйеуінің игі ісіне жәрдемші һәм перзенттерінің мейірбан анасы. Сондықтан, бойжеткен жұбайлық жауапкершілікті сезіне отырып, ер азаматтың етегінен ұстамас бұрын бірнеше жайтқа ерекше мән бергені жөн.

1. Таңдауда жаңылма

Әйел бақыты өмірлік жарын дұрыс таңдауға тәуелді. Бұл – әйел өміріндегі аса маңызды шешім. Себебі, әйел тұрмыс құрумен өз тағдырын өзге еркектің қолына тапсырады. Ер азамат бойжеткеннің діни танымы, мінез-құлқы, көзқарасы қала берді әлеуметтік деңгейімен де сай келуі керек. Сонымен бірге, ер азамат отбасылық жауапкершілікті сезіне алатын және оның ауыртпалығын көтеруге қауқарлы дәрежеде болуы қажет. Сол үшін де  арақатынас шындық пен шынайылыққа құрылғаны жөн. Бұл дұрыс шешім шығаруға ықпал етеді. Ал, танысу барысында жастар бірін-бірі алдап, жасыра сөйлеп және болмысындағы айыбын бүгіп қалуы екі жаққа да опық жегізері сөзсіз.

2. Ас әзірлеуді біл

Қыздың оқуы немесе жұмысы қаншалықты ауыр болса да, ас дайындауды ерекше меңгеруі қажет-ақ. Әсіресе, күйеуі ұнататын тағам түрлерін өте жақсы әзірлей білгені абзал. Дастархан – әйелдің қаншалықты үй бикесі екенінің көрсеткіші. Дәмді ас күйеуінің жүрегіне алып баратын ең төте жол екенін естен шығармау қажет.

3. Үнемшіл бол

Үйдің кіріс-шығыс қаражатын үйлесімді жұмсау да әйелдің басты міндеттерінің бірі. Қолдағы шектеулі қаражатты тиісінше дұрыс пайдалана білуі аса маңызды. Әйел күйеуін бейберекет шығындармен шаршатпай, қарыздың астына қалдырмай жүруі тиіс. Күйеуінің табысына орай жұмсап отырғаны абзал. Қажетсіз дүниелерді сатып алуды талап етіп, қажытудың қажеті жоқ. Табыстың бір бөлігін қаражат тапшы болатын қысылтаяң күнге сақтап қойғаны дұрыс. Сондай-ақ, үй табысының аз бөлігін қайырымдылық пен бала-шағаның ойын-сауығына да бөлуді ұмытпаған жөн.

4. Күйеуіңе тыныштық жағдай жаса

Құран Кәрімде: «Әрі сендерді тыныштық, тыным тауып орнығуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім-жанашырлық пайда етуі де – Оның белгілерінен. Ақиқатында мұнда ойланып, ақылға салатын адамдар үшін дәлел-ғибраттар бар[1]», – деген аят бар.

Иә, әйелдің ең басты міндеті – шаңырақты тыныштық пен мейірімділік мекені ету. Осы аяттың түп-төркінін түсініп, үйін жан тыныштығы ете алған әйелдің босағасынан бақыт сығалайды.

Отбасылық өмірде тәтті сәттер мен қиын-қыстау шақтар иық тірестіріп қатар жүреді. Мұның барлығын бойжеткен түсіну әрі дайын болуы тиіс. Өмірді сол қалпында қабылдауды үйренуі керек. Арабтарда: «Жолдасыңның істеген әрекетіне жетпіс түрлі себеп ізде, ал таба алмасаң мүмкін мен білмейтін бір себебі бар шығар немесе ұмытқан болар деп айт», – деген нақыл бар. Ерлі-зайыптылар кейде бір-бірінің кемшілігі мен қателігін байқамаған сыңай танытқаны да дұрыс.

5. Төзімділік таныт

Бір-бірінің теріс болмысын түзете отырып, қарым-қатынастың ең сәтті орта тұсын табу – қиынның қиыны. Ол үшін сабырлық, төзімділік және жұмсақтық пен бір-біріне деген қамқорлық аса қажет. Құран Кәрімде: «Үй-ішіңді намазға бұйыр әрі өзің де оған сабырлы бол...[2]», – деп әмір етілген.

Ерлі-зайыптылар бірін-бірі намаз оқуға үндеуі – ең ауыр іс. Ол үлкен сабырлықты қажет етеді. Сабыр тек жалаң сөз емес. Оны кең де ауқымды мағынада түсіну қажет. Жұмсақтық, түсіністік және жақсы мәмілемен араласқан сабырлық керек.

Әйелдің күйеуімен жақсы қарым-қатынаста болуы, адамдарға оны тек жақсы қырынан таныстыруы – күйеуінің оғаш мінезі мен жаман әрекеттерін түзетудің бірегей жолы. Өйткені, Құран Кәрім: «(Ей, Мұхаммед!) Раббыңның жолына даналықпен және көркем үгіт арқылы шақыр әрі олармен ең жақсы нәрселер арқылы пікір бөліс...[3]», – деп айтылған.

Үйлену – өмірлік сауда. Сауда алыс-берістен тұратыны сияқты, отбасылық өмірде ерлі-зайыптылар бір-бірінің жақсылығын үйреніп, өзінің жаман мінезін тастаса, екі жарты бір бүтінге айналады. Әйел күйеуіне бойұсынумен Раббысының әмірін орындауда екенін бір сәтке де есінен шығармауы керек. Міне, сол әрекетіне сәйкес үлкен сыйдың да барын жадында сақтағаны жөн. Әйел – мейірімділік пен жылулық көзі. Ал, шаңыраққа бұл ауадай қажет.

6. Күйеуіңе күңдей бол

Құранда айтылғандай, сүйіспеншілік пен мейірімділік – отбасының басты тірегі. Денсаулық пен күш-қайраттың қарқынды және береке мен молшылық кезінде отбасын айрандай ұйытатын сезім сүйіспеншілік болса, ал қарттық келіп, науқас пен таршылық меңдеген шақта отбасын мейірімділік сақтап қалады.

Әйел күйеуінің Алла Тағала әміріне қайшы келмейтін әрбір сөзін бұлжытпай атқаруы қажет. Бәдәуи әйелдің өз қызына: «Оған (күйеуіңе) күң бол, сонда ол да саған құлыңдай болады», – деген насихатын естен шығармаңдар. Әйел жарын жақсы көргенде де, жылулығын сыйлап, құрмет көрсеткенде де, еркелік пен жұмсақтық танытқанда да күйеуіне қызметшісіндей болсын. Күйеуі қуанған сәтте ол түнермей, керісінше күйеуі уайым-қайғыда болса жөнсіз шаттанбау қажет.

7.Әйел – қорған

Ер азаматты дүниенің азғыруынан әйелі қорғайды. Сондықтан да әйел үйде ең әсем бейнеде, ең әдемі киімде және бойынан қош иіс аңқып тұруы керек. Күйеуіңнің көздері тек сені ғана көретіндей етіп қою керек. Ер азамат үйіне алып ұшып тұрсын. Жүрегі тек сені қалап, ауыр жұмыстан кейін босағадан аттай бере үйдегі жылулықтан жаны рақат тапсын.

Ең бастысы үйіңді жайқалған жәннат ету де, күйдіретін тозақ ету де өз қолыңда екенін ұмытпа!


[1] Рум сүресі, 21-аят
[2] Таха сүресі, 132-аят
[3] Нахыл сүресі, 125-аят

Мұхаммед Ибраһим

Пікірлер Кіру