Жар таңдаудағы мұстахап амалдар

02 желтоқсан 2020 7183 0
Оқу режимі

Аллаға және ақырет күніне сенген адам әр ісіне пайым-парасаттылықпен қарайтыны даусыз. Күрмеуге келмес жіңішке дүниелерді де рухани һәм шариғи сүзгіден өткізіп барып іс қылмақ. Ал әрбір ісіне осындай көзқараспен баратын жан міндетті түрде неке қиылғанға дейін әбден ойланып, шешімге түбегейлі келгеннен кейін ғана оң қадам басады. Өйткені бір ғана «неке» адамдардың тағдырына, болашағы мен абыройына әсер етеді. Сондықтан неке қиылғаннан кейін ешқандайда сылтау айтпастан, таңдаған жарымен өмірінің соңына дейін бірге ғұмыр кешуі міндет. Сол себепті неке қимастан бұрын болашақ ерлі-зайыптылар бір-бірін жақсы танып, біліп алуы қажет. Бұл тұрғысынан келгенде адамзаттың тұтас ғұмырындағы барша мәселелерді қамтыған шариғатымыз, отбасының баянды өмір сүрулері үшін жар таңдау әдептерін де ұсынған.

Біріншіден болашақ жарыңды көріп, ұнатып алуың. Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйленгісі келетін жігітке: «Оны көрдің бе? – деп сұраған. Ол: «Жоқ», – деп жауап берген. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бар, оны көр», – деп бұйырған.

Бұндағы айтылған хадистің мазмұнына парасаттылықпен бойлайтын болса, көрудегі мақсат болашақ ерлі-зайыптылар бір-бірін тану арқылы ұнатып үйленуі керек екенін байқаймыз. Қызды ұнатса, одан әрі әрекет етеді, ал ұнатпаса әрекетін тоқтатады.

Негізінен, қалыңдықты көрудің де өз әдебі бар. Бұған дәлел Жабир (р.а.): «Бану Суләйм руынан бір әйелге құда түскім келді. Оның келбетімен пішінінің маған ұнайтынын білуім үшін оған білдіртпей құрма ағаштары бұтақтарының арасына жасырынып, оны көріп алдым. Сөйтіп барып оған үйлендім», – деген.

Дегенмен, бұл әрекет қыз ұсынысымды қабылдайды деген сенім басымырақ болғанда ғана жасалады. Ал, айтқан ұсынысым қабылданбайды деген ойы үстем тұрған жағдайда қызға көз салу дұрыс емес. Егер екі жақ тең болса, қарауға рұқсат етіледі. Себебі болашақ құдалар және ерлі-зайыптылар тең деңгейде болуы немесе жігіт жақ жоғарғырақ дәрежеде болып, қыз жақты ұнатса – отбасының болашағына оң ықпалын тигізеді. Жігіттің көруге мүмкіндігі болмаса, қалыңдықты көруге басқа жақын кісіні жіберуге болады. Бұл істі біздің елімізде жеңгелердің атқаратыны шариғатымыздың әдебіне сәйкес келеді.

Қалыңдықты көру немесе осы мақсатта адам жіберу құда түсуден бұрын жүзеге асырылуы тиіс. Өйткені қалыңдықты құда түсіп болғаннан кейін көріп, күйеу жігіт қызды ұнатпай қалса, онда қалыңдықтың абыройына нұқсан келтіреді және оның үй-ішіне жайсыздық тудырып, ұятқа қалдырады әрі азарға душар етеді.

Қызды сыртынан көрген жігіт оны ұнатса, истихара намазын оқуы абзал. Әбу Әйюбтен (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.): «Құда түсетініңді жасыра тұр. Одан соң жақсылап дәрет ал. Сосын Алланың саған нәсіп еткен (рақағат) намазын оқы. Одан соң Раббыңды мақтап, дәріптеп былай деп дұға қыл: «Ей, Алла! Сен құдіреттісің, менде ешбір құдірет жоқ, Сен білесің, ал мен болсам білмеймін, әрі Сен ғайып нәрселерді білушісің. Егер әлгі әйелде (атын айтып) мен үшін дініме, дүние істеріме және ақыретіме жақсылық бар екенін білсең, оны маған жазғайсың. Ал одан басқа әйел мен үшін менің дініме, дүние істеріме және ақыретіме жақсырақ болса, соны жазғайсың», – деп айт», – деген.

Пенденің истихара намазын оқуы және бұлай дұға етіп ол істі Аллаға тапсыруы адам өмірінде өте маңызды орын алады. Бүгінгі күндегі көріп отырғанымыздай жастардың сезімге беріліп, ата-анасының да сол шешімге келуіне мәжбүрлі етіп отбасын құруы, көп жағдайда өкінішпен аяқталып жатса, кейбіреулерінің көңілі қалаған қызына қол жеткізе алмауы арқылы өмірден өз орындарын жоғалтып жатады. Ал, дініміз пенденің басқа бір пендеге тәуелді болып, дәрменсіз болуын қаламайды. Сондықтан кез-келген істе қажет намазын оқуы, Жаратушыға тәуекел етіп сол істің шешімін Тәңірге тапсыруы пендені сезімге беріліп қателесуден сақтаса, оданда маңыздысы Алла Тағаланың толықтай қамқорында болып, ойлағанынан да қайырлы ізгілікке қол жеткізе алады.

Негізінен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өсиеттерінде болашақ жарының тазалығынан бастап, тіпті оның дүниеге бала әкеле алуына дейінгі барлық мүмкіншіліктеріне қарап алу керек екендігін ескертілген. Сонымен қатар, оған жету жолдарының әдептерінде үйреткен.

Әнастан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Умму Сулаймді бір әйелге жіберіп: «Тізесінің астына қарап, тамағының тұсын (және бір риуаятта «алдыңғы тістерін») иіске», – деген. Бұндағы мақсат – әйелдің тазалыққа қаншалықты мән беретіндігін байқау және жағымсыз иістерді тексеру. Сол сияқты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әйелдің алақандарына, жүздеріне және тобықпен балтырының арасына қарауды да өсиет еткен. Себебі, алақаны оның денсаулығын білдірсе, жүзі оның ажарын білдіреді. Ал, тобықтан жоғарғы жағы дүниеге ұрпақ әкелу қуатын аңғартады. Бұл амалдар даналықпен қалыңдыққа сездірмей, көңіліне тимей өзіңе жақын болған әйел адамның көмегімен жасалуы шарт. Мысалы қалыңдықты көруге барған әйел құшақтасып амандасқан болып, жағымсыз иістерін тексерсе, әңгімелесу барысында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) басқа да өсиеттерін орындауына мүмкіндік алады. Бұл үкім тұрмысқа шығатын жігітіне көз салмақ болған қалыңдыққа да жүреді. Қалыңдық та күйеу жігітті әбден танып барып тұрмыс құруы керек.

Бүгінгі таңда кейбіреулер танып білу үшін қызбен жігіт болып біраз уақыт жүру керек деп ойлайды. Әлбетте, адамдық өмір сүру жүйе дұрыс болуы үшін үйленбеген қызбен жігіттің жеке қалуы немесе бірге жүруі қатаң тыйым салынады. Екі жақ бірін-бірі жақсы тану үшін жоғарыдағы өсиеттермен қоса хитба жасаудың да ерекшелігіне тоқталсақ болады.

Хитба – яғни, құда түсудің маңызы өте зор. Құда түсу екі жақтың арасындағы айқындықты қамтамасыз етеді. Танысу барысында әрқайсының табиғатында бар артықшылықтары мен кемшіліктері анықталады. Екі тарап бір-бірінің кемшіліктерін біліп әрі оны көтеруге шамасы келетініне көзін жеткізеді. Өйткені кейбір кемшіліктерді бәзбіреулер көтере алса, басқалары көтере алмауы мүмкін. Сөйтіп, осы негізде екі жақ барлық жағдайларды сезе отырып құдаласуға келіседі. Бұл – некенің көркем әрі берік болуына септігін тигізеді. Құда түсу сонымен бірге күйеу мен қалыңдыққа және олардың әулеттеріне мәһр мөлшері, тұратын үйлері және неке құратын уақыты және т.б. мәселелерді анықтап алуларына мүмкіндік береді.

Отбасын құруды қалаған адам болашақ жарының мына екі сипатына мән берсе, еш уақытта қаталеспегені һәм бақытсыз болмағаны. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қыздарыңызды тақуа әрі көркем мінезді адам сұраса, оған үйлендіріңдер», – деп өсиет еткен. Бұл хадистің мәнісін Әли (р.а.) былай деп түсіндіреді: «Егер жігіт тақуа әрі көркем мінезді болса, қызыңды жақсы көрсе аялап бағады. Ал, егер ұнатпасада ұрып-соғып немесе ренжітіп жылатпайды», – деген.

Неке қиылған уақыт – отбасылық бүкіл жауапкершіліктердің жүктелуі. Бақытты отбасы болу – Алла Тағаланың ең жақсы көретін амалы болса, ал отбасын бұзу – Жаратушының ең жек көретін күнә ісі. Сондықтан отбасының жауапкершілігі ерлі-зайыптылардан бастап, маңайындағы барлық адамдардың Жаратушының алдында тіке тұрып жауап беретін маңызды ісі екенін мүмін мұсылманныың ұмытпағаны абзал.

 

Серікхан Ахмадиев

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру