Жаратушыны тануға әрекет етіп жүрміз бе?

25 маусым 2018 289 0
Оқу режимі

Жаратылыстың түп мәні – Алла Тағаланы танып, Оның шексіз құдіретін баян еткен барша ақиқи ілімдердің тізгінін ұстау. Шынайы мұсылман Хақ Тағаланың Өзін танытатын Кітабын – Құран Кәрімді оқи отырып, Жаратушының бұл әлемдегі мінсіз тәртібіне көз жіберіп, таңғажайып заңдылықтарын тереңірек зерттеуді, зерделеуді өзіне парыз санайды. Бұл керемет жүйенің астарына үңіліп, тылсым сырына қанығып, тұңғиығына терең бойлаған сайын  құдіреті шексіз ұлы күшке ие бір Жаратушының барына ден қояды. Жаратылыстағы жанды-жансызға ғибрат көзімен қарап, тұңғиық аспан әлеміндегі бұлжымас тәртіпке тәнті болады. Жер ша­рынан тыс, айшылық алыс жатқан алып денелерге көз салса да, тіпті жаратылыстағы кішкентай бір бөлшекке үңілсе де, бәрінің бір ғана Жаратушының қолынан таспадай тілініп, қамшыдай өріліп шыққандығына көз жеткізіп, еріксіз таңдай қағады… Әлемдегі жұмбақ сырлар ашылған сайын оның таңданысы саналы ғибадатқа ұласып, Ұлы Жаратушыны танып-білуге де­ген құлшынысы артқан үстіне арта түспек.

Алла Тағаланы тану білімсіз жүзеге аспайды. Ал, Оны танытпаған білімді «толық білім» деп айтуға келмейді. Себебі, қазіргі кездегі білім, түптеп келгенде тек материалды жалған дүниенің физикалық заңдылықтарымен ғана шектелген. Әрине, шектеулі ғылымның әлемнің алғашқы жаратылысы, дүниенің ақыры және одан кейінгі әлемнің қандай күйде болатындығына тұщымды жауап бере алмасы бесене­ден белгілі.

Ақыл-ой – Алланы табуға, тануға, Оған тағзым етуге жетелейтін «жетінші құрлық» (басқа әлем ретінде алынып отыр). Алла Тағала өзі жаратқан жанды-жансыздардың ішіндегі ең тектісі болып табы­латын адамға өз бойындағы ой-санасын негізге ала отырып, терең пайымдауды насихат етеді. Құранда:

﴿هُوَ الَّذِي جَعَلَ لَكُمُ اللَّيْلَ لِتَسْكُنُواْ فِيهِ وَالنَّهَارَ مُبْصِراً إِنَّ فِي ذَلِكَ لآيَاتٍ لِّقَوْمٍ يَسْمَعُونَ﴾

 «Ол сондай Алла Тағала, демалу үшін түнді, тіршілік қылып әрекет етулеріңіз үшін күндізді жарық етіп жаратты. Мұнда зер салып тыңдайтындарға (саналылар мен терең ойлайтындарға Алланы көрсететін) даусыз дәлелдер бар» – делінеді. (Юнус, 67)

Адам баласының санасына сәуле бітіп ойланбаған соң, сан мыңдаған жұлдыздармен аспанға «Алла» деп тайға таңба басқандай анық етіп жазылса да, бүкіл әлемді бағындырып, иелігіне берген жаратушысын бәрібір таппайды. «Алла – жер мен көктердің нұры» болса да, шел басқан көздер Оны «көре алмайды». Тіпті, ке­неттен пайғамбарлар келіп Алланың бар екендігін жаһанға жар салып, түрлі мұғжизалар* көрсетсе де, надандық шекпенін киген жандар көрсоқырлықпен қасарыса түсіп, Жаратушының бар екеніне шек келтіреді.

Олардың бұл күйін Алла былай сипаттайды:

﴿وَإِن يَرَوْاْ كُلَّ آيَةٍ لاَّ يُؤْمِنُوا بِهَا وَإِن يَرَوْاْ سَبِيلَ الرُّشْدِ لاَ يَتَّخِذُوهُ سَبِيلاً وَإِن يَرَوْا سَبِيلَ الْغَيِّ يَتَّخِذُوهُ سَبِيلاً ذَلِكَ بِأَنَّهُمْ كَذَّبُواْ بِآيَاتِنَا وَكَانُواْ عَنْهَا غَافِلِينَ﴾

«...Олар барлық дәлелдерді (мұғжизаларды) көрсе де иман келтірмейді. Сондай-ақ, тура жолды көрсе де ол жолмен жүрмейді. Қисық жолды көрсе болды, оны бірден жол қылып ала қояды. Бұл олардың дәлелдерімізді өтірік деп, шындықтан мақұрым қалғандықтарынан» (Ағраф, 146). 

Терең ой (арабшасы – «тәфаккур») – жүректің нұры, рухтың азығы, ілімнің тірегі. Терең ойсыз жүректі қара басып, рух семіп, өмірдің мәні қашады. Жақсы мен жаманның пайда мен зиянның, әсемдік пен сұрықсыздықтың ара жігі терең ойлау арқылы ажыра­тылады. Кез-келген оқиғадан ғибрат алғызып, әр істің әлқиссасында адымын аңдап бастыратын да осы – терең ой.

Жаратылыстың сан алуан сырын саналы, ойлы пенделерінің ғана ұғатындығын көрсете отырып, Алла Тағала Құранда былай дейді:

﴿إِنَّ فِي خَلْقِ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ وَاخْتِلاَفِ اللَّيْلِ وَالنَّهَارِ لآيَاتٍ لِّأُوْلِي الألْبَابِ﴾

«Даусыз, көктер мен жердің жаратылуында, түн мен күннің алма-кезек ауысуында ақыл-ой  иелері үшін айқын дәлелдер бар» (Әли-Имран, 190).

Расында да, көктегі ай мен күннің белгілі бір тәртіппен шығуы мен батуында, алып аспан денелерінің мүлтіксіз айналуында зерделі жандар үшін сансыз дәлелдердің бар екендігі айдан анық. 

Жоғарыдағы аят мағынасының тереңдігі сондай, Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл аятты еске алған сайын шартарапты санамен шарлап, түпсіз терең ой ағынынан шыға алмайтын. Сөйткен Пайғамбарымыз (с.а.с.) бірде: «Бұл аятты оқып, ой жібермеген адамның жағдайы қандай өкінішті!» деген екен.

Үммүсәләмә (р.а.) анамыздың айтқанына жүгінсек, аталмыш аят түскенде һәм кейіннен осы аятты оқыған сайын, Пайғамбарымыз (с.а.с.) көзіне жас алатын болған. Екі жаһан сұлтаны (с.а.с.) бірде тәһәжжуд (түннің бір бөлігінде оқылатын нәпіл намаз) намазында осы аятты оқып көз жасын тыя алмайды.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) бірде: «Бір үйдің тірегі – оның іргетасы, ал діннің тірегі – Хақ тағала жайлы мағрифат (терең білу) жасап, жамандықтан тыятын ой-сана иесі болу» дегенде, Айша анамыз (р.а.): «Жамандықтан тыятын ой-сана деген не?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кісіні Жара­тушысына қарсы қоймай, қайта оның Жаратушы иесіне құлшына мойынсұнуына дәнекерлік ететін ой-сана» – деп жауап қайтарған екен.         

Жоғарыда айтылғандай білімсіз жанның Алла Тағаланы тани алмайтындығы, керісінше, ғылымға көзі ашық кісілердің Аллаһты тануы анағұрлым нәтижелі, пайымды болатындығын тілге тиек еткен Зуннун Мысри бұл жайлы: «Аллаһ Тағала  жайлы ең көп білетін кісі – Оған басқаларға қарағанда неғұрлым көбірек таңырқап, бас шайқайтын кісі» деп ұтымды айтқан.

Құран да осы бір ақиқатты айшықтап:

﴿إِنَّمَا يَخْشَى اللَّهَ مِنْ عِبَادِهِ الْعُلَمَاء﴾

«Шындығында, құлдарының ішінен Аллаһтан шын қорқатындар – ғұламалар» –  деу арқылы ғалым, көкірек көзі ояу кісілердің Жаратушысын танудағы ерекшеліктерін арнайы атап өтеді (Фатыр, 28). Расында да, бүтін ғаламның жаратылысынан бейхабар, тек бір күндігін ғана ойлап, көп нәрсеге өресі жете бермейтін адамға қарағанда, жаратылысқа ойлы жүзбен қарай білетін ойлы жанның деңгейі бір емес.

Сыртқы әлем мен адамның ішкі дүниесін танытқанда ғана ілім, өзінің шынайы сипатына ие болады. Мұның барлығы да тек иләһи ақылдың күшімен жүзеге асады. Әйтпесе, жұмыр басты пенденің шектеулі ой-санасы құдіреті шексіз Жаратушыны толық қамти ал­майды. Сондықтан да адам баласы әрдайым иләһи ой-санаға мұқтаж. 

Адам ойсыз жүре алмайды. Басқа мақұлықтардан ерекшелігі де, үстемдігі де осы ақыл-ой иесі бо­луында. Адам өткен мен бүгінін, келешегін зерделеп, өмірдің мәнін іздеп шарқ ұрады. Ал жануарлар болса мұның бірін де ойланбағандықтан еш мұңсыз. Олай болса, адамның негізгі міндеті – иман келтіру. Ол бұл өмірге иман келтіріп, иманын іліммен толықтыру үшін келген. Шынайы ілімнің негізі мен рухы – Ұлы Жара­тушыны тану. Сонан кейін Аллаһ Тағаланың бар екендігіне иман келтіру. Ұлы Жаратушыға иман еткен адам басына түскен қандай да бір қиыншылықтарды күле қарсы алады. Қуанышта шүкіршілік етсе, басқа түскен ауыртпалықты Жара­тушы тарапынан берілген бір сынақ әрі сый деп пайымдап, ешбір тосқауылсыз үрейін үмітке жеңдіре біледі.

Аллаһ Тағала бізді Өзінің сән-салтанатты, таңғажайып сарайын тамашаласын деп бұл әлемге құтты қонақ қылды. Өмір сүруімізге барлық оңтайлы жағдай жасап, жерді жайлы бесіктей тербетті. Жер шарынан мыңдаған есе үлкен күнді жарық пен жылудың көзі етіп, жан-жануар мен өсімдіктерді құлдарының қызметіне бағындырып берді. Егер адам баласы бір жұтым суды немесе бір дәнді қолдан жасар болса ол үшін жүздеген фабрика мен зауыттарды са­луы керек, бірі оттегін, енді бірі сутегін, бірі жылу мен жарықты шығарса, бірі топырақты өңдеп, осылайша бір жұтым су яки бір ғана дән бізге өлшеусіз шығын арқылы келген болар еді. Оның үстіне мұның бір де біреуін адам баласы табиғи жаратылғандай етіп жасай алмайды. Жомарт Жаратушымыз осының бәрін біздің игілігімізге су-тегін берген болса, енді мұның бәрін кездейсоқтық деу ақылға қонымды ма?! Ғаламдағы сансыз құбылыстарды зерттеп, терең танып білген ғалымдар тым жіңішке жолмен жігі жатқызылған жүйеге таңғала отырып, Ұлы Жаратушының хас шеберлігіне бас иіп мойынұсына білген.

Батыстық зерттеуші Джон Клин галактика жайлы зерттеулерін жүргізу барысында оның орасан кеңдігіне таңданады. Бірқатар ізденістен нәтижесінде ғалым ең кішкентай бөлшек болып табылатын атомның алып күн жүйесіне өте ұқсас екендігіне қатысты төмендегідей тұжырымдар айтады:

 «Атомдар да аспандағы жұлдыздар іспетті бір ядро айналасында жүйелі схемаға сай айналады. Ай­налатын – электрондар. «Атом» деп айдар таққан ең кішкентай бөлшектен, «галактика» деген ең алып жаратылысқа дейінгі біздің айналамыздағы барлық нәрсе белгілі бір жоба бойынша өз осьтерін айналады. Бұл көріністің кездейсоқ болуы мүмкін бе? Кеңістіктегі қозғалыстар барысында сан мыңдаған денелердің кенеттен өз осьтерін осындай жүйелі түрде айнала бастауын кездейсоқтықтың қисынына тели аламыз ба? Өз басым бұған сене алмаймын. Өйткені, бұл жерде белгілі бір тәртіп пен жүйе бар. Галактиканың ұшан-теңіз кеңдігі маған Ұлы Құдіреттің бар екенін дәлелдейді. Ендеше мұның барлығын уысында ұстап, басқарып, белгілі бір жүйемен жүргізуші «Ұлы күш» міндетті түрде бар».

Ғалым Айферн Уильям: «Шебер Жаратушының бар екеніне сенемін. Өйткені, Оның қасиетті болмысы ғана көз алдымыздағы түпсіз әлемнің жалғыз қисынды түсіндірушісі бола алады» десе, Уайн Эйлет: «Әлемнің жаратылысы жайындағы теориялар оның жаратылуын түсіндіруге шамасы келмейді. Мұндай сұрақ адам­дарды кездейсоқтыққа апарып тірейді. Алайда, Аллаһ Тағаланың бар екендігін дәлелдейтін сансыз пікірлер кездейсоқтық тұжырымынан әлдеқайда қисынды. Өйткені, әлемдегі теңдессіз тәртіп пен жүйе – Шебер құрушысының бар екендігіне дәлел. Ой-санадан мақұрым кездейсоқтықтың нәтижесі емес», – дейді. 

Аты әлемге әйгілі физик Ньютонның басынан кешкен мына бір жайтты да осы тұста айта кеткен жөн. Ғалым Күн жүйесіне ұқсас бір бөлмелік аппарат жасаған. Бұл аппараттың ерекшелігі сол – тетігін басқанда бөлмедегі күллі планета атаулы есепті жылдамдықпен өз осьі мен Күнді айнала бастайды.

Бірде Алла Тағала туралы түсінігі жоқ жақын досы үйіне келіп, таңданысын жасыра алмай:
– Неткен керемет! Бұл аппаратты жасаған кім? - деп сұрайды. Ньютон сыр алдырмай:
– Өздігінен пайда болды, ешкім де жасаған жоқ, – деп жауап береді.
– Әсте сен менің не дегенімді түсінбеген боларсың, – деп досы сұрағын қайта қояды. Сонда оған титімдей ой салмақ болған Ньютон:
– Әрине, түсіндім. Дегенмен, бұл аппарат өз-өзінен кенеттен пайда болды. Сөйтті де эволюция (са­тылай даму) жолымен осындай дәрежеге жетті, – деп жауап береді әлі де сыр алдырмаған қалпы.
– Мұндай сандыраққа сенетін мені кім деп ойлап тұрсың? – деп, әлгі ашуға мінеді. Сонда дәл осы сәтті күтіп тұрған Ньютон досының иығына қолын салып:
– Көз алдыңдағы бұл аппарат – заңдылықтары өзіңе де таныс теңдессіз күн жүйесінің қарапайым ғана макеті. Сен енді көз алдымыздағы бұл макеттің де әйтеуір бір жасаушысы болуы қажет екенін талассыз қабылдап тұрсың. Ендеше, бұдан сан есе үлкен ғажайып күн жүйесінің де бір жаратушысы бар екенін қалайша түсінбейсің? – деп, досына үлкен ғибрат ұқтырумен қатар, көкірегіне иман ұшқынын да ұялатқан  екен.       

Алла Тағала әлемді өз болмысын көрсететін бір айна іспетті жаратқан. Өйткені, күллі жаратылыс, барша тіршілік – Оның бар екендігіне дәлел. Әлем кездейсоқ үлкен бір жарылыстың нәтижесінде пайда болып, ақыл-естен мақұрым аспан денелері өздігінен бір жерге түйісіп, ақылдаса келе осындай жүйені құрды деу шындыққа мүлдем жанаспайды. Кездейсоқ болған нәрселерден темірдей тәртіп пен таңғажайып жүйені көру әсте мүмкін емес.

«Хажж» сүресінің 73-аятында Құдай Тағала:

﴿يَا أَيُّهَا النَّاسُ ضُرِبَ مَثَلٌ فَاسْتَمِعُوا لَهُ إِنَّ الَّذِينَ تَدْعُونَ مِن دُونِ اللَّهِ لَن يَخْلُقُوا ذُبَاباً وَلَوِ اجْتَمَعُوا لَهُ﴾

«Әй, адам баласы, сендерге мысал келтірілді. Соған зер салыңдар! Аллаһтан өзге сендердің табы­нып, жалбарынған Құдайларың түгел жиналса да, бір шыбынды да жарата алмайды» деу арқылы, шы­бын екеш шыбынды да жаратуға қауқарсыз екендіктерін көзге нұқып көрсетеді. Адам, Алла Тағаланы қаншалықты жақсы біліп, Оны қаншалықты жақыннан таныған сайын, Оған деген ынтасы, махаб­баты артып, әдепті құл болады. Жаратушыны тануға тақуа мүмин де, дінсіз пенде де зәру. Тану арқылы сенімсіздер иман нұрына бөленіп, адасқандар тура жол таппақ. Ал, құлшылық мәнін тереңірек түсіну тұрғысынан Ұлы Жаратушыны терең тани білу –мұсылман деген қасиетті атқа ие мүмин жандар үшін де өте маңызды.

Рухани аштық пен пендешіліктің, адами, имани құндылықтарды бағаламай аяқасты етудің түп-төркіні Ұлы жаратушы – Алла Тағаланы таны­мауда жатыр. Тіпті, «Біз Алланы таныдық. Құдайға шүкір, құлшылығымызды жасаймыз. Ораза ұстап, на­маз оқимыз» дей тұра пенделік әрекеттерге бой алды­рып қою - Хақты толық тани алмаудан туындайды. 

Ғаламзаттағы тау, тас, жер, топырақ, күн, ай, жан-жануар, өсімдік, жәндік атаулының барлығының да тек адамзат игілігі үшін жаратылғандығы - оның аса бір ардақты жаратылыс екендігінің дәлелі. Ендеше, өзіндік ақыл-ес, сана-сезім, түйсігімен дараланатын адам баласының бұл өмірге келуіндегі ең әуелгі міндеті – әлем жаратылысындағы осынау терең сырды түсініп, өзін қадірлі етіп жаратқан Жаратушысын та­ну. Оның құдіреттілігі мен ұлылығының алдында бас иіп, өзінің әлжуаздығы мен дәрменсіздігін сезініп, құлшылық ету.

Алау Әділбаев

Автор каз

Тегтер:
Пікірлер Кіру