Жорабай Темірлан Сейтқасымұлы

03 желтоқсан 2018 5568 0
Оқу режимі

Жамбыл облысы, Қаратау ауылында 1994 жылы 27-наурызда дүниеге келген. Әдебиеттану мамандығы бойынша қоғамдық ғылымдар магистрі.

Мәуліт түніндегі толғаныс

Нұрлы айындай ажарланып ақ түннің,
Жүректердің шамшырағы боп тудың.
Манауратқан Мәдинаны көргенде
Сенің сұлу ажарың ғой деп білдім.

Ақ жұпары аңқып тұрса ақ гүлдің,
Сенің райхан хош иісің деп білдім.
Пәруардігер сыйға тартқан – ақ нұрлым,
Пәруарым, пайымды жол таптырдың.

Таудай болған тәкаппарға екпінді,
Күркіретіп көзінен жас төктірдің.
Өктем жандар тәубе етсе өкініп,
Сенің көркем тәлімің ғой деп білдім.

Алауыздың ала күнін жоқ қылдың,
Аш-жалаңаш рухтарды тоқ қылдың.
Мұқтаждарға мейір төксе бір жомарт
Сенен алған өнеге ғой деп білдім.

Бақ жәннаттың бақшасындай көріктім,
Пәк жүзіңді көруді аңсап торықтым.
Кеудемдегі алып ұшқан сезімді
Саған деген сағыныштан деп ұқтым.

«Бас жарылса, ішінде ғой бөріктің...»
Кейде, рас... рахат іздеп желіктім.
Қу тірлік деп маңдайымды тасқа ұрсам
Сүннетіңді сақтамаудан деп ұқтым.

Жер жиһанға шуақ шашса жарық күн
Саған деген салауатпен толықты.
Тұтқиылдап сынақ төнсе тағдырдан –
Нәпсі менен рух майданы деп ұқтым.

Мың бұралаң жолдарында жорықтың
Жеңіліспен, жеңіспен де жолықтым.
Асу ассам арқа сүйеп Аллаға –
Сен үйреткен тәуекелден деп ұқтым.

Ақ жолыңнан – ақ жүзіндей өткірдің,
Иа, расулым, көпті ұғындым, көп білдім.
Қалу үшін ақ туыңның астында
«Қад қамад ис-саләһ» деп сап құрдым!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру