Жұма күні табысқа кенелуге болады

24 қаңтар 2019 10438 0
Оқу режимі

Жұма – қасиетті күн. Бұл күні ата-анадан бастап, ағайын-туыс пен дос-жаранды құттықтап, ізгі тілек білдіріп жатамыз. Ол да болса жұманың қасиеті жайлы естіп-білгенімізден болса керек.

Мәселен, Әбу Һурайрадан (р.а.) «Бұл күні бір уақыт бар. Мұсылман пенде сол сәтте сұраған дұғасын Алла Тағала береді...»[1]және «Күн көтерілген ең жақсы күн – жұма. Жұма күні Адам жаратылды, жұма күні жәннатқа кірді және жұма күні одан шықты...»[2] жеткен хадистер бар.

Міне, сондықтан жұма күні көп дұға-тілек істеуге әрекет етеміз. Сіздермен жұманың көптеген қасиетінің бірін бөліскім келіп отыр. Құран Кәрімде «Жұма» сүресі бар. Аталмыш сүреде: «Ал, намаз аяқталғанда, жер бетіне (баратын жерлеріңе) тарқалыңдар да Алланың кеңшілігін іздеңдер әрі мұраттарыңа жетулерің үшін Алланы көп еске алыңдар»[3] деп әмір етілген.

Осы, аятқа қатысты тәпсір ғұламасы Ибн Касир еңбегінде мынадай әңгіме бар. Тәпсірші былай дейді: Ғұлама табиғин Ъирак бин Малик (р.а.) жұма намазын оқып болған соң, мешіт қақпасының алдында тұрып: «Уа, Алла! Расында, Сенің жұмаға шақыруыңа жауап бердім, парызыңды оқыдым. Сондай-ақ, Өзің әмір еткеніңдей жер бетіне өз жұмысына кетіп барам. Маған Өз кеңшілігіңмен ризық-несібе бере гөр. Расында, сен ең қайырлы ризық Берушісің» деп дұға ететін еді» дейді.

Демек, жұма намазын оқып болған соң жасалған еңбек табысты болмақ. Маңызды шаруаларыңызды жұма құлшылығынан кейін жасасаңыз, Құран аятында «..Алланың кеңшілігін іздеңдер...» деп уәде етілгендей, ісіңіз берекетті де берекелі болады. Табысты күннің олжасынан құр қалмаңыз. 

 


[1] Бұхари.
[2] Муслим.
[3] «Жұма» сүресі, 10-аят.

Руслан Қамбаров

Тегтер: жұма
Пікірлер Кіру