Жүрегіңізді «өлтірмеңіз»!

26 наурыз 2019 9972 0
Оқу режимі

Жүрек иманның мекені болғандықтан, иманның күшеюі  жүректі нұрландырса, иманның әлсіреуі жүректі ауруға душар етеді. Жүректің «өлуіне» себеп болатын бірнеше себептер бар.

Жүрегіңізді өлтіретін ең бірінші нәрсе пайдасыз сөздер сөйлеу. Бос әңгіме, тіпті пайдасыз бір сөздің өзі сіздің ағзаңыз бен иманыңызға үлкен зиян алып келеді.  Мағруф әл-Кархи былай дейді: «Егер бір құл пайдасыз бос сөздер сөйлей бастаса, Алла Тағала сол құлынан Өзінің жәрдемін алыстатады».

Ал, Мәлик ибн Динар бос сөздің зияны туралы: «Егер сен өз денеңдегі әлсіздікті, жүрегіңдегі қаттылықты, ризығыңның кемігенін сезе бастасаң, онда біліп қой, сен бос сөздер сөйлегенсің», – дейді. Бір ауыз бос сөздің өзі адамды не жаннаттық, не тозақтық қыла алады. Бұл туралы асыл Пайғамбырымыздың (с.ғ.с.) өзі: «Ақиқатында, құл өзі байқамастан Алла Тағалаға ұнамды нәрсе айтуы мүмкін, осы үшін Алла Тағала оның дәрежесін көтереді. Ақиқатында, құл байқаусызда Алла Тағаланың ашуын тудыратын сөз айтып қоюы мүмкін, осы үшін Алла Тағала оны тозаққа тастайды»,[1] –  деген.

Иығымыздағы екі періште біздің ауызымыздан шыққан әр сөзді, тіпті әр әріпті де амал дәптерімізге жазып отырады. Жаратушы Иеміз бұл туралы қасиетті Құранда: «Аузынан бір сөз шығарса-ақ болды, алдында аңдушы дайын»[2], - деп баяндайды. Есеп күнінде сол амал дәптеріміз таразыға тартылып, ұсынылады. Алла Тағала біздің бос сөздерімізге разы болады деп ойлайсыз ба? Егер, бос сөздің өзі бізге осыншама зиян болса, айтуға тиым салынған өсек, өтірік, жала жабу сияқты сөздер біздерді қандай азапқа салатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Аңдамай айтылған бір сөздің өзі бізді ойымызға келмейтін азапқа душар етуі мүмкін. Оның алдын алу үшін айтқалы тұрған сөзіңізді сүзгіден өткізіп алу керек: менің бұл сөздерді айтуым маған немесе басқа адамдарға пайда береді ме? Сол сөздерді одан да жақсы сөздермен алмастырсам қалай болады? Егер сол сөздерді айтпасам, бұдан да жақсы болар ма екен? Әлде, мүлдем үндемей қоя салуым керек пе? Иә, үндемесеңіз барлық бәленің алдын алған болар едіңіз. «Үндемеген үйдей бәледен құтылатынын» дана халқымыз бекер айтпаса керек...

Жүректі өлтіретін екінші нәрсе – көз салу. Құранда, «Нұр» сүресінің 30-31–аяттарында Алла Тағала былай дейді: «(Мұхаммед Ғ.С.) Мүміндерге айт: (Бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Бұл олар үшін өте жақсы. Рас Алла, олардың не істегендерінен хабар алушы. Мүмін әйелдерге де айт: «(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін...». Бізді Жаратқан Алла, бізге ненің зиян, ненің пайдалы екенін біледі емес пе?!  Хазірет Әли (р.а.) былай дейді: «Расулалла (с.ғ.с.) маған былай деді: «Қайта-қайта қарама. Алғашқы қарағаның ештеңе етпесе де, екінші қарағаның күнә болып жазылады»[3]. Бұл хадисте Пайғамбарымыз бір рет қараудың күнә емес, екінші рет қараудың күнә екенін түсіндірген. Демек, сол екінші қарау жүректі өлтіретін «у» болып табылады. Әрбір қарағанымыз үшін жауап береміз, бізді  алдымызда үлкен есеп күтіп тұр. Әр адам өзін ерікті түрде харамнан сақтай алады, өйткені: «Алла (Т.) кісіге шамасы келетін міндетті ғана жүктейді; істеген жақсылығы өз пайдасына да, жамандығы зиянына»[4].

Жүректі өлтіретін үшінші нәрсе – пайдасыз істермен айналысу. Өмірімізде берілген әр секунд, әр минут үшін ертең сұрау бар. Бос уақытыңызды қалай пайдаланып жүрсіз? Жасаған әр ісіңіз сізге осы дүниеде де, ақыретте де пайда келтіреді ме?  Бір ғана мысал. Әлеуметтік желіге пайдасыз бір сурет, видео салсаңыз да, пайдасыз бір бос сөз жазсаңыз да ол үшін жауап бересіз. Тек өзіңіз үшін ғана емес, пайдасыз дүниелерді таратып, басқа адамдардың сол сөздерді оқуына, суреттерді, видеоларды көруі үшін зая кеткен уақыты үшін де жауап беретін сіз боласыз.  Лұқман Хәкімнен терең білім мен жоғары дәрежеге қалай жеткендігі туралы сұрағанда ол: «Үнемі шындықты айттым, аманатқа қиянат жасамадым және пайдасыз істерден аулақ болдым», – деген екен. Міне, осы даналықтың өзі біздерге сабақ.

Жүрегіңізді өлтіруден аулақ боламын десеңіз, ортаңызды  пайдасыз адамдардан тазартыңыз, өйткені: «Сол күні тақуалардан басқа достар, бір-біріне дұшпан болады»[5]. Шариғатымыз әр адамға жақсымен, ғалым кісімен жолдас болуды  және айналысындағы өзіне тіршілікте де, құлшылықта да пайда бермейтін адамдардан аулақ болуды бұйырады. Достың қандай болатынын Алла Тағаланың Өзі қасиетті Құранда: «Сендердің шынайы достарың Алла және оның елшісі және намазды толық орындайтын, зекет беретін, әрі рукуғ қылушы мұсылмандар…»,[6] - деп үкім еткен. Жоғарыдағы аяттың үкімі бойынша – мұсылман мұсылманға дос. Яғни, қазақтың «досына қарап адамын таны» деуі тегін емес. Өйткені досың қандай болса, сен сондайсың. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.): «Адам өз досының дінінде. Сондықтан, әрбірің өз жақын достарыңның кім екеніне қарасын!»[7] – дегені айтылады.

Ендеше, жүрегіңізді өлтіретін барлық зиянды әдеттерден ертерек құтылуды қолға алыңыз. Алла разы болатын сөздер сөйлеңіз, Алла адал еткен нәрселерге ғана қараңыз, Алла бұйырған сауапты амалдар жасаңыз және Алланы еске салатын, жақсылыққа бастайтын адамдармен ғана жолдас болыңыз. Сонда ғана жүрегіңізді «өлуден» сақтай аласыз.

Лаура Қанатқызы


[1] Бұхари.
[2] «Қаф» сүресі, 18-аят.
[3] Ахмад ибн Ханбал, Мүснад, III/304.
[4] «Бақара» сүресі, 286-аят.
[5] «Зухруф» сүресі, 67-аят.
[6] «Мәида» сүресі, 55-56 – аяттар.
[7] Әбу Дәуід, Тирмизи.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру