ЖҮРЕКТІҢ ҚҰЛШЫЛЫҒЫ

07 маусым 2022 5325 0
Оқу режимі

Жүректің өзіне жарасатын құлшылығы бар. Құлшылық болғанда да, ғибадаттың төресі! Хадисте: «Шындығында, Алла сендердің сырт келбеттеріңе және мал-дүниелеріңе емес, жүректерің мен іс-әрекеттеріңе қарайды»[1] деп және: «Адамның тәнінде бір кесек ет бар, ол аман болса дене толығымен аман-сау болмақ...[2]» деп, жүрек пенденің он екі мүшесінің түзу немесе бұзық болуының негізгі себепкері етіп көрсеткен.

Міне, сондықтан сахаба Әбу Һурайра (р.а.): «Жүрек – патша, қалған ағзалар – оның әскері. Патша жақсы болса, оның әскері де жақсы. Ал, жүрек оңбаса, әскері де оңбайды», – десе, табиғин Яхия бин Мұғаз: «Дүниенің жеңімпазы аяғы жүйрік болса, ақыреттің жеңімпазы жүрекпен озған жан. Барлық жаратылыс Патшасы Құдайдың қақпасы қолмен емес, жүрек лүпілімен қағылады», – деген екен.

Расында да, жүректің құлшылығы он екі мүшенің ғибадатынан әлдеқайда үлкен және ұдайы келеді. Өйткені, жүректің құлшылығы – таң атқаннан күн шыққанша деп уақытпен шектелмейтін, әр сәтте тоқтауға болмайтын міндет. Шариғаттың қайнар бұлағына зер салсаңыз, құлшылықтың барлығы дерлік жүректегі ниет пен ықыласқа тәуелді.  Өйткені, мұсылман мен мұнафиқты айыратын да жүректегі ниет. Екеуінің амалы бір болса-дағы, кеудесіндегі ниет алабөтен.

Яхия бин Әбу Касир: «Ниетті үйреніңдер, өйткені ниет амалдан өтімді» десе Суфиян бин Саури: «Мен ниетті түзеткендей басқа бір нәрсені көп түзеткенім жоқ. Себебі, ниет үнемі құбылып тұрады» деген екен.

Неге ниетті үнемі түзету қажет? Өйткені, адамның табиғаты әр ісінен бір пайда көздеп тұрады. Ал, ниеттен ә дегендеп пайда көре қоймайды. Бұл жөнінде «Нәпсіне қай амал ауыр тиеді?» дегенде: «Ықылас, өйткені онда дүниелік ешбір сыбаға жоқ», – деген Саһл бин Абдулла Тустари.

Құран Кәрімнің:  «(Мұхаммед!) Әркім өзіне лайықты амал істейді...,-деп айт[3]», - аятын Ибн Касир «ниетіне сай»  деп тәпсірлеген. Пенденің өмір бойындағы ниеті мен ықыласы неге бейім болса, сол нәрсе жүрегіне орнығып, сіңіп қалады. Ал, Жабир бин Абдулла (р.а.) риуаятындағы: «Адамдар (қияметте) ниетіне сай тіріледі[4]» деген хадис өмірлік ақиқатты бекіте түседі.

Әнәс бин Малик (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Кімнің уайымы ақырет болса Алла Тағала байлықты оның жүрегіне қояды. Ауызбіршілігі болып, дүние бойұсынып алдына келеді. Ал, кімнің уайымы дүние болса Алла Тағала екі көзі ортасы маңдайына кедейлікті қойып, ауызбіршілігін ыдыратып, дүние тек шамалы ғана келеді[5]», – делінген. Ал, Суфиян бин Уиайна болса: ғалымдардың бірі екі жайтты отыз жылдан бері түзетумен келемін, бірі: өзім мен адамдар арасындағы жайтты дәметуден тиылу, екіншісі: амалда Алла Тағалаға ықылас етуді», – деген екен.

Жүректің ғибадаты – ықылас және дұрыс ниет. Ниет түзелсе, іс түзеледі. Жүрек дұрысталса, он екі мүшенің іс-әрекеті де жөнге түседі.

 


[1] Муслим
[2] Бұхари
[3] Исра сүресі, 84-аят
[4] Ибн Мажа
[5] Тирмизи

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру