Зулхиджа айының он күнінің артықшылығы
13 тамыз 2018
12692
0
Оқу режимі
Алланың шексіз мейірімінен үмітті мұсылман үмметі үшін тағы бір берекелі уақыт келіп жетті. Бұл – зулхиджа айының әуелгі он күні, қажылық маусымының соңғы күндері. Мұсылмандардың қасиет тұтқан бұл күндердің артықшылығына қысқаша тоқталсақ.
- Алла Тағала бұл күндерді Құранда зікір еткен. Құранда не нәрсе зікір етілсе, демек оның орны ерекше. Алла Тағала Құранда: «وَيَذْكُرُوا اسْمَ اللَّهِ فِي أَيَّامٍ مَّعْلُومَاتٍ» (Белгілі күндерде Алланың есімін іске алсын)[1], – деп бұл күндерді «белгілі күндер» деген. Омар (р.а) мен Ибн Аббас (р.а) бастаған барша ғалымдар бұл белгілі күндердің зул-хижжа айының он күні екенін айтқан.
- Бұл күндер Алланың алдында да үлкен мәртебеге ие. Себебі Алла Тағала осы күндермен: «وَالْفَجْرِ وَلَيَالٍ عَشْرٍ» (Ағарған таңмен, және он түнмен ант етемін)[2], – деп ант еткен. Ал, Алла Тағала тек ұлы нәрселермен ғана ант етеді. Барша тәпсір ғалымдары мен кейінгі буын ғалымдары бұл аяттағы он түннің зулхиджа айының әуелгі он түні екеніне бірауыздан келісім жасаған.
- Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл күндерді дүниедегі ең абзал күндері екеніне куәлік еткен. Ибн Аббас (р.а) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): – Басқа күндерде жасалған амалдар бұл күндердегіден абзал бола алмас, – деді. Сахабалар:
- Алла жолындағы күрес күндері де абзал бола алмай ма? – деді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с):
- Алла жолындағы күрес те... Тек жанымен де, малымен де бірдей шығып, ешбірінсіз қайтқан адам ғана басқа...»[3]
- Бұл күндердің ішінде Арапа күні бар. Егер бұл он күнде Арапа күнінен басқа еш нәрсе болмай, тек Арапа ғана болса, оның өзі де артықшылық ретінде жетіп-асар еді. Себебі ол қажылықтың соңғы күні, күнәлар кешірілетін күн, тозақтан құтқарылатын күн. Қажылыққа бара алмағандар бұл күні ораза ұстаса, бір өткен, бір келер жылғы күнәлары бірдей кешіріледі...
- Бұл күндердің ішінде құрбан айт күні бар. Құрбан айттың артықшылығы жайында Пайғамбар (с.ғ.с): «Алла алдында күндердің ең ұлысы – құрбан айт күні, одан кейін қарр[4] күні»[5], – деген.
- Бұл күндерде ең ұлы ғибадаттар орындалады. Имам Ибн Хажар Асқалани айтады: «Зулхиджаның әуелгі он күнінің артықшылығының себебі – онда барша ұлы ғибадаттар бірдей орындалады. Олар: намаз, ораза, садақа беру, қажылық... бұл күндердегідей ұлы ғибадаттар бір жерде ұштаса бермейді»[6].
Міне, бұл айтылғандар зулхиджа айының он күнінің артықшылықтары. Бұл күндер Алланың алдында қасиетті. Біз, мұсылман үмметі, Алланың ұлықтағанын ұлықтауымыз керек. Бұл күндері жамандық атаулыға жуымауымыз керек. Керісінше, салихалы деп білген барша амалдарымызды жасауға тырысуымыз керек.
Алла бұл күндерде баршамызға берекетін жаудырып, игіліктеріне бастағай.
Сәттілік иесі Алла ғана.
Пікірлер
Кіру