Зұлхижжа айының 1-күні: Ұйқыны құрбан ету, тахажуд намазы

Зүлхижжа айының алғашқы он түнінде тәһәжжүд – ұйқыны құрбан ету
Зүлхижжа айы келген кезде жүректерге нұр себіліп, аспан қақпалары ашылып, сауап еселенетін ерекше маусым басталады. Алланың Елшісі (Алланың оған игілі мен сәлемі болсын) бұл күндер туралы былай деген:
«Алла Тағала үшін бұл он күндегі ізгі амалдардан артық сүйікті амал жоқ»
(Бухари жеткізген)
Осы күндері ғибадаттың көптеген түрлері бар. Алайда ең терең, ең жасырын әрі шынайы түрде жасалатыны – тәһәжжүд, яғни түнгі намаз.
Тәһәжжүд – таңдаулылардың ғибадаты
Тәһәжжүд – өзгеше құлшылық. Ол – адам мен Раббы арасындағы жасырын сырласу сәті. Ұйқының рахатын тастап, көрпесін серпіп, ешкім көрмейтін сәтте тізе бүгіп, Құран оқып, дұға етіп, сәжде жасайтындардың амалынан.
Міне, осындай түнгі тұру – «ұйқыны Алла жолында құрбан ету». Бұл шынайы сүйіспеншілік пен тақуалықтың белгісі.
Алла Тағала былай дейді:
«Олардың қыр арқалары төсектерінен ажырайды. Олар Раббыларына қорқыныш және үмітпен дұға етеді»
(Сәжде сүресі, 16-аят)
Бұл түндерді бос өткізбе
Зүлхижжа айының алғашқы он түнінде түнгі намаз оқу – ерекше сауапты іс. Себебі бұл күндерде сауап еселеп жазылады, күнәлар кешіріледі, жүрек тазарады.
Сахабалардың өзі бұл он күнге ерекше дайындалатын. Абдулла ибн Омар, Ибн Аббас сынды сахабалар түндерін түгелдей ғибадатпен өткізетін.
Пайғамбарымыз(Алланың оған игілі мен сәлемі болсын) айтқан:
«Парыз намазынан кейінгі ең абзал намаз – түнгі намаз»
(Муслим жеткізген)
Тәһәжжүд – шынайылардың мінәжаты
Түн тыныштығында айтылған әрбір дұға, төгілген әрбір жас – Алланың назарында. Сол сәтте адам Раббысына ең жақын болады.
Ол кезде дүние байлығы мен даңқ емес, жүректегі ықылас пен мойынсұну бағаланады.
Сол үшін бұл түндерді жасырын құрбандықтың уақыты деуге болады:
«Ұйқыңды құрбан ет, өз нәпсіңді тый, Раббыңа бет бұр»
Тәһәжжүдтің жемістері:
- Күнәлардың кешірілуі
- Жан тыныштығы мен жүрек тазалығы
- Жалғыздықта Раббымен сырласу
- Арафа күні мен Құрбан айтқа рухани дайындық
Егер түнде тұрып намаз оқуға, дұға етуге мүмкіндік болса – оны пайдалан. Ол – тақуалардың жолы, шынайы сүйгендердің мінезі.
Алла Тағала оларға қатысты:
«Олар түннің аз ғана бөлігінде ғана ұйықтайтын еді»
(Зарият сүресі, 17-аят) – деп сипаттаған.
Зүлхижжаның он түнінде түнгі намазды жасырын құрбандығың ет. Түн тыныштығында Раббыңа бет бұрып, шын жүректен мінәжат ет.
Пайғамбарымыз(Алланың оған игілі мен сәлемі болсын) айтқан:
«Раббы Тағала әр түннің соңғы үштен бір бөлігінде жерге түседі де: “Дұға етуші бар ма – тілегін қабыл етемін; жарылқау тілеген бар ма – күнәсін кешіремін” – деп дауыстайды»
(Муслим жеткізген)
Бір түндік тәһәжжүд – сені Раббыңа жақындатады, ал жүрекке нұр сыйлайды. Бұрыңғы өміріңді өзгерткің келсе, осы қасиетті түндерде Алла үшін ұйқыңды құрбан ет! Алланың саған разылығы түскен кезде, өміріңнің өзгергенін байқасың!
Ерсайын Сәкенов, «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы, Әл-Әзһар университетінің түлегі