Абай Мауқараұлы: АБАЙДЫҢ 38-ҚАРА СӨЗІНІҢ ТҮСІНДІРМЕСІ (2 БӨЛІМ)

09 қазан 2024 986 0
Оқу режимі

38 - ҚАРА СӨЗІНІҢ ТҮСІНДІРМЕСІ
2 бөлім

Алланы «Бар» деп, «Бір» деп айтсақ дағы

Ол – біздің ақылдың тек айғақтары.

 

Дүние-болмыс ішінде мүмкіндерді –

«Бір» деп, білу сананың жеткен жері.

 

Дүние-болмыс Алланы қамтымайды

Алла өзі барлығын қамтыған-ды.

 

Міне, осы Аллаға хас сипат-болмыс,

Өзіне тән Көркем Есім тоқсан тоғыз.

 

Сипат – сыр, Көркем-Есім түгел білу -

хакимдікке жеткізер ілуде бір.

 

Әркім білсе, сипаттан – Ғылым, Құдірет

қалған алтау бұларды түсіндірмек.

 

«Барлық» һәм «Бірлік» болса, «Тірлік» те бар

«Ғылым», «Құдірет» әрине, сонда болар.

 

«Ғылым» болу – «Қалауды» тудырмақта,

«Қалаудың» қатысы жоқ харакәтқа.

 

Бұл «Ирада» – Қалаудан «Сөз» шығады,

Алла сөзі дауыстан пәк тұрады.

 

Олай болса, білдірту – Құдіреттен

«Көруші», «Естушілік» һәм сол тектен!

 

Ол Алла құлақ, көзсіз естіп, көрсе,

«Ғылыммен» білмек, көрмек сол емес пе!

 

«Тәкуин»  – жоқтан барды жаратпағы,

бастауы, ақыры жоқ сипаттары.

 

Әр сипат жеке-жеке емес мүлде,

Қалау да, Жарату да бәрі бірге.

 

 

Ғылым, Құдірет сегізі түгелімен

көрінер дүниеде мінсіздікпен.

 

Түпсіз көкте Күн, жұлдыз, Ай қалай тұр?

Төңіректе сан-түрлі құбылған сыр.

 

Жетпейді хикметіне шолақ ақыл,

тек қана Бір Алладан деп, талап қыл!

 

Десеңіз ақыл – басшы, қайрат – қосшы,

адамға Алла берген қуат осы.

 

Алайда, Ғылым-Құдірет олай емес,

Аллаға мұндай мысал сәйкес келмес.

 

Хас сипатта ертуші, еруші жоқ,

бүтін болмыс жарасқан Аллаға тек.

 

Кішік сипат дарытқан адамға деп,

Рахметпен жіберген сыйлығы  деп.

 

Рахымымен қамтыған жаратқанын

Жарылқап, Кешіруші қалағанын.

 

Мейірімді, Сүюші, Қорғаушы да,

ризық беріп, жеткізген жарылқауға...

 

Көркем Есім осындай қамқорлықтан

хабар берген Рахмет сипатынан.

 

Рахметі сол – ақыл жетпес дүниені

Бір Алла бір-біріне тәуелдеді.

 

Жансыздан жануарлар пайда қылған,

ал, адам пайда көрген жандылардан.

 

Жануар жұлған шөптің жаны ауырмас,

адам да жануарға жалбарынбас.

 

Өйткені, сұрақ  болмас жануарға,

әрбір адам жауапкер ал махшарда.

 

 

Жауапкерлік – әділет һәм махаббат,

Жәннатқа кім лайық таразыланбақ.

 

Сол үшін адам артық көркімен де,

құстан да, жәндіктен де бәрінен де.

 

Екі аяқпен тік жүріп қадам басар,

қолмен ұстап әл-ауқат дәмін татар.

 

Тамақтың ләззат иісін білмек үшін

мұрынға орын қылған ауыз үстін.

 

Түр-түсін, тазалығын көрмек үшін,

екі көзді көрік қып мұрын үстін.

 

Көз-жанардың көркіне не тең келер?!

Қиылған қас, кірпікпен сәулеленер.

 

Қас, кірпік әрі қорған екі көзге

бөгеу болмақ шаң-тозаң, аққан терге.

 

Сырт көркіне жарасар тіл мен сөзі,

тілдесу адамдықтың нағыз өзі.

 

Жаратса, Алла солай мархабатпен

қарыз іс жауап беру махаббатпен.

 

Ойланып қараған көз хикмет табар,

Теңізден бұлт, ал бұлттан жаңбыр жауар!

 

Жауынмен дәнек, жеміс, гүлдер өсіп,

адамға, хайуанға да берер нәсіп.

 

Бұлақ ағып өзенге, өзен көлге,

сусын боп хайуанға да, бүкіл елге.

 

Жер береді кен, мақта, жемістерін,

хайуандар ақ сүті мен ет, терісін.

 

Құс екеш құс береді жұмыртқасын,

ара балын, балық та икрасын.

 

Ешбірі ақы алмас адамзаттан,

адамға қызмет ету – әуелбастан.

 

Оларға бұйырылған жалғыз Хақтан

бұл дағы адам үшін махаббаттан.

 

Қалайда, махаббатпен  жауап қатпақ

қарыз іс Хақ алдында адамзатқа.

 

Алла адамға қанағатты нәсіп етті,

малды өзіне бағуға кәсіп етті.

 

Сақтау үшін сан түрлі хайуандарды

ұшқыр қанат, жүйрік аяқ арнаған-ды.

 

Біреуін биік шыңға, бірін суға,

басқасын қорғалатып жыныс-нуға.

 

Өссін деп,  қорғасын  деп, өз-өзімен

шапқат қылды төліне енесінен.

 

Бұл дағы бұл дүниелік болашақта

адамзаттың азығы таусылмасқа.

 

Жасалған дәл осындай қамқорлықтар

хикмет қой, мейірімнен туған қатар.

 

Біз мұндай қамқорлықты есеп қылмай,

имани шарт болса да мойын бұрмай

 

жүреміз мүсілім деп, тәсілім деп,

біле алмай анық істің мәнісін бек!

 

Құлшылық Құдай үшін қылынбаса,

жатпай ма, мұндай қылық қиянатқа!

 

Іш бұрған мұсылман емес қиянатқа

я, шала мұсылман – бұл да ұят та!

 

Өйткені, ол ойланбас алғанына

иесі кім деп, бақпас жан-жағына.

 

Көбі білмес Құдайдың Құран сөзін

«Сен сүйсең, сүйем деген мен де өзім»

 

Білсе егер «Жақсылық қылсаң жұртқа,

қайтарар жақсылықты жақсылыққа».

 

Құран солай шақырған ізгі амалға,

иман етіп, жақсы іс жасауыңа.

 

Уәде еткен, иманды адамдарға

мәңгілік қалады деп жәннаттарда!

 

Кім де кім ұмтылмаса әділетке

хадисте «ұятсыз» деп, қойған шетке.

 

«Ұяты жоқ болса егер, иманы жоқ»

деген сөз қалған солай нағыз заң боп.

 

Олай болса, Иман құр сену емес,

ізгілік, әділетпен болса іргелес

 

сонда болмақ, жасалған шын құлшылық,

жақсы амал, мейірімге көңіл толық.

 

Тән-дене босқа қылған құлшылықтан

әділет пен ізгі амал қалай шықпақ?!

 

Өйтсе, әділет – бұлағы ізгіліктің

өзегі – ынсап, ұят, кісіліктің.

 

Әділетті жан өзгеден не тілесе,

өзі де мақұл солай істемекке.

 

Хас мінез ізгіліктің басы емес пе?

Адамшылық бола ма, ескермесе?

 

Ізгі пейіл бар болса сол адамда

неге шүкір қылмасын Жаратқанға!

 

Шүкірлік – Жаратқанға ырзалықтан

шын құлшылық, ғибадат бәрі содан!

 

Олай болса, айырылма шапағаттан

ол кетсе бәрі кетер адамдықтан!

 

Тоқтадық баста айтқан сол мақсатқа

Ғылым, Құдірет, Рахым Құдайлықта...

(ЖАЛҒАСЫ БАР...)

 

 

 

Пікірлер Кіру