Абай Мауқараұлы: АБАЙДЫҢ 38-ҚАРА СӨЗІНІҢ ТҮСІНДІРМЕСІ (4 БӨЛІМ)

09 қазан 2024 964 0
Оқу режимі

Дегенмен, хакимнің де хакимі бар,

хас хаким мұсылмандық сөзде тұрар.

 

Мойын бұрмай, хақ дінге қарсы келген

хакимдер бар жүретін бөтен дінмен.

 

Олар дүние сырына жетсе дағы

мүмкін болмас Алланы танымағы.

 

Себебі сол, иманның шарттарына

күмәні көп, сенімі аз бастарына.

 

Дегенмен, хадистерде көп айтылған:

«Жақсы адам – адамдарға пайда қылған».

 

Шынында, бұл хакимдер жанкештілер

адам ісін от-суға істеткендер.

 

Найзағайды қайламен байлап алып,

тым алысқа жіберген хабар салып.

 

Осылайша шақырған іс қылмаққа

сол адамды айыпты деу лайық па?

 

Алайда, көп молданың көзқарасы

хакимдерге дұшпан боп жүрер қарсы.

 

Өйтетіні, білімсіз надандығы,

пенделікпен азайған адамдығы.

 

Аз-мұз білген парсы-араб сөздерімен

білім санап, өзді-өзі мәз көрінген.

 

Артық қойып өздерін өзгелерден

жамандыққа бастайды неше түрмен.

 

Жақсы мінез, пайда сөз көрген жерден

ор қазады өзімшіл сұм пиғылмен.

 

Өзімшілдік – бастауы жамандықтың,

хас дұшпаны кірі жоқ адалдықтың.

 

Бұндай дерттен әр адам сақтанбаса

соңы апарып күпірге қақпаңды ашар!

 

Ғибрат бар қалдырған пайғамбардан (с.а.у.)

Белгісі деп, білінген ақырзаман.

 

«Бір жылың бір күндей боп өте шығар»

дегенде, сахабалар бүй деп сұрар:

 

«Намаз қанша болады мұндай күнде?»

жауап алды, дегенде басқа түрде:

 

«Пәтуасы сол заманғы ғалымға тән» –

беріліп тұр емес пе, хакимге мән.

 

Үйрететін Османия мұсылман ел,

әскер мектеп, көп пәндер соған дәлел.

 

Ондай оқу болмаса, үлкен елде

надан, соқыр қалады халқы мүлде.

 

Адам мейіл болса егер жоқшылыққа

бір табан жақын болар хайуандыққа.

 

«Дүниенің қызығы ғылым» деген

сол ел ғана халқының қамын жеген.

 

Ал, Құранда айыптап сөз етілген

елдерді ғылым, білім тәрк етілген.

 

Берсем деумен біреуге қолы қысқа

мал жию мен бай-мақтан мүлде басқа!

 

Сондықтан, ғылым қума мал жимаққа,

мал жисаңшы әуелі ғылым қумаққа.

 

Өйткені, өнер-ғылым өзі де мал

өзіңе де, өзгеге мол пайда бар.

 

Дегенмен, өнерді де шекпен ұста!

Өнер сол – әділетпен қатар тұрса.

 

Өнерде мақсат болсын пайда бермек,

өнер емес тегінде зарар көрмек.

 

Өзгеге пайда етпек адамдық іс,

өзгеден тек пайда іздеу надандық іс.

 

Сақтана жүр бұл күнгі дінбасыдан

ғылымға қырын қарап сөз асырған.

 

Шариғатқа болса да шала-пұла

шақырады басқаны дін жолына.

 

Әлдеқандай көрінер надандарға

қолда тәспих, ораған баста шалма.

 

Біл осыны алдымен әулеттерім,

хақ жолына арналсын ниеттерің!

 

Ниет болса, тек қана хақ жол деген

дейді оны ТОЛЫҚ АДАМ  кемелденген.

 

Хақ жолды қусаң егер пайда көздеп

бай-бағлан болсам деген атақ іздеп,

 

мұраты бас пайдасы болған әр кез

мұндай жол Құдай жолы болмақ емес.

 

Болсын десең бір пайда басқаларға

әділет, ғылым, ақыл қос мал-олжаға.

 

Міне, осы Құрандағы Хақтың жолы

Құдайға жақын болмақ үміт толы.

 

Көп  бірақ, таңдамайды осы жолды

сән түзеп, киім түзеп жүрсе болды.

 

Дегізбек, бар мақсаты «Бәрекелді!».

Ісі жоқ, құр-жел сөзден не түзелді?

 

 

 

Пікірлер Кіру