АБАЙДЫҢ ҚЫЗЫ УАСИЛАНЫҢ ҒИБРАТҚА ТОЛЫ ЕСТЕЛІГІ

01 қараша 2024 850 0
Оқу режимі

Жігітек дейтін елде Қорамжан дейтін кісі болды. Қорамжан тілге шешен, айтқыш кісі екен. Өзі кедей еді, ұрлық істейді екен. Бір күні әкем Қорамжанды шақыртып алды. Қорамжан сәлем беріп, кіріп келді. Үйде кісі көп болды.

– Абай аға, сіз шақырған соң келдім, – деді Қорамжан.

Әкем Қорамжанға қадала қарап қалды, үйдегілер де Қорамжанға қарады. Аздан соң әкем:

– Сенен бір нәрсе сұрайын деп шақырдым. Бересің бе? – деді.

Абыржып қалған Қорамжан:

– Алыңыз, алыңыз, – дей берді.

«Жалғыз атынан басқа түгі жоқ Қорамжаннан не сұрайды екен?» деп басқалар таңырқағандай болды. Әкем Қорамжаннан көзін айырмай қарап отырды да:

– Маған ұрлығыңды берші, – деді. Қорамжан төмен қарап кетті де:

– Жоқшылықтан ғой, Абай аға. Аштан өліп, көштен қалмаспын, – деді.

– Ой, шіркін, осы елде сенен басқа кедей жоқ па? Сол кедейлердің бәрі бірдей ұры ма? Онан да бала күннен алған тәрбие, үлгім еді десеңші. Кәзір осы ауылдан үш-төрт түйе ал да, үйіңді көшіріп кел. Ұрлыққа қош айтысып кел! – деді.

Сол күні Қорамжан көшіп келді. Ол ұрлықты мүлдем қойды да, ел сөзіне араласып, қабырғалы, инабатты адам болып кетті. Әкем Қорамжанды талай-талай дауға, ел арасының бітіміне жұмсады. Біздің ауылға келген соң Қорамжан ұры атағынан құтылып, адам деген атаққа ие болды.

Бір күні ауыл көшіп, қонып жатыр еді. Біз Қорамжанның үйінің жанында ойнап жүр едік. Қорамжанның бір келіні үйдің бауын «байла» деудің орнына «жапсыр» деді. «Бірдеме түсіп қалып еді» деудің орнына «қонып қалды» деді. Біз өзіміз естімеген жаңа сөздерге таңдандық. Кешке естігенімізді әкеме келіп айттық.

Әкем былай деді:

– Бір адамның, не бір заттың өзін әйелдердің қайнағасына, не атасының, не сол елдің бір үлкен адамының атымен аттас болса, сонда ол адамды, не сол заттың атын атамайды да, жалған ат қойып алады. Мысалы, үлкен атам Құнанбайды халық «Тәте» деп атаған. Кеңгірбай биді «Қабеке» деп атаған. Жас әйелдердің «әтиім», «сылқым», «ортаншым», «тетелес», «кішкентай», «төрежан» деп қайындарына, аталарына жалған ат қойып алуы да сол ғұрыптан шыққан, әдепті болудан шыққан. Ал Қорамжанның келіні «бауды байла» деудің орнына «жапсыр» дегені, «түсіп қалды» дегеннің орнына «қонып қалды» дегені бұл әдепті болудан, үлкен-кішіні сыйлаудан, келіншек болғандықтан, ата-аналардың атын атаудан ұялғандықтан шыққан емес. Олар Жігітек дейтін ел болады. Жігітектің ұрылары көп болады. Сондықтан олар ұрлыққа аттанғанда артында қалғандары тілеуін тілеп отырады. Ұры қолға түсіп қалды деген – жаман сөз. Сондықтан «түсіп қалды» десек, аттанған ұрыларымыз «түсіп қалады» деп «қонып қалды» деп сөйлейді. Ұрыны қолға түссе, байлап қояды. Сондықтан байлау деудің орнына «жапсыр» дейді. Олар мұны ырым қып айтады. Міне, содан Қорамжанның келіні жаттығып, дағдыланып кеткен сөзін айтып жүр. Енді ол ондай сөзді айтпайды. Ұрлыққа аттанбайды және ұрлық істейтін ұрылармен көрші болмайды. Сендер балаларын өздеріңе жақын тартып, оқуға шақырыңдар, тату болыңдар! – деді.

 

 

 

Пікірлер Кіру