АДАМ БОЛМЫСЫНДАҒЫ АЛАҢ МЕН ҮРЕЙ СЕЗІМІ

17 қараша 2023 2585 0
Оқу режимі

Пенде пақыр кейде үрей мен алаңды шатастырып, көңілсіз күй кешеді. Адам өзіне қатысты жан–дүниенің сырын өзі шеше алмаса, қоғамдағы ақыл иелеріне жүгініп жатады.

Осы мәселеге қатысты қазақтың сырлы-хикметті даналығынан сыр шертіп көрейік.

Алаң – адамға берілген белгі. Үрей – уақытша сезім. Үрей – кейін басылатын қорқыныш түрі. Мысалы, емтиханға кірер алдында тұрған оқушының сезімі, бір істі қолға алған жанның ол істі бастар алдындағы қорқынышы. Емтихан тапсырылып, шаруа біткесін адам ол сезімнен құтылады.

Ал алаң – адам болмысының үнемі мазасыз күй кешуі. Мұны тағы да уайыммен шатастыруға келмес. Хәкім Абай: «Уайымды уайым қыл-дағы, уайымды жең» дейді. Уайым кетіріледі. Адамнан жеңіледі. Ал алаң сені үнемі алға тартады.

Алаңның жөні басқа. Рухтың бұлайша мазасыз күй кешуі жақсылықтың нышаны екен. Тарихта талай даналар мен әлемді жаулаған патшалар осы алаң күйін өмір бойы сезініп өткен. Сондықтан сол патшалар өмірінің соңына дейін миссиясы үшін күресті, даналар ілімі үшін рухының алаңынан еш құтылған емес. Содан да олар сондай үлкен ісімен тарихта қалды. Кей хәкімдер мен әулиелер сол ішкі алаңымен артына екі дүниелік азық тастап кетті.

Алаң күйі сені мазаласа, сенің тегін адам болмағаныңның белгісі. Себебі жан жайдан-жай өзіне-өзі көңілі толмай, бірдеңені атқаруы тиіс күй кешуі – сенің жүзеге асыру қажет миссияңның бар екендігі.

Адам баласы өмірге жайдан-жай келе салмайды ғой. Жаратушының адамзатқа жіберілген кітаптары солай дейді. Әр адамның өмірге келуінде үлкен хикмет, сыр бар. Мұны әр пенде оңашада ойланып, толғанып, «Неге менің атым адам?», «Мына өмірге келудегі мақсатым не?» деп өзіне үңілсе жақсы түсінеді.

АЛАҢ – сенің атқаруың тиіс нәрсе бар деген сөз. Себебі ол адамды іштен мазаны алады. Алаң сырттан келмейді. Демек, сен сол өмірге келген өз жаныңа үңіліп, сезініп, тауып миссияңды жүзеге асыра бастағаныңда ғана тынышталады. Ал тоқтатсаң қайтадан мазаңды алады. О, құдыреттің күшін-ай!

АЛАҢ МАЗАҢДЫ АЛДЫ МА, ДЕМЕК СЕНІҢ КӨКІРЕК КӨЗІҢНІҢ АШЫЛҒАНЫ. ӨМІРЛІК МИССИЯҢДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА БЕРІЛГЕН БЕЛГІ.

ОЛ ҮШІН ПЕНДЕ БАЙҒҰСҚА ЕРКІНДІГІ АСА ҚЫМБАТ.

АЛЛАНЫҢ ҚҰРАНЫ СОЛАЙ ДЕЙДІ. ЖАРАТУШЫ ҚҰРАНДА «ӨЗІҢДІ ТАНЫМАЙ, ҚҰДАЙЫҢДЫ ТАНЫМАЙСЫҢ» ДЕГЕН. РАББЫМЫЗ ТУРА ЖОЛДАН БЕЗДІРМЕСІН.

Жарас АХАН

 

Пікірлер Кіру