АДАМ КӨҢІЛІНДЕГІ БОС КЕҢІСТІКТІ НЕ ТОЛТЫРАДЫ?

25 сәуір 2024 1390 0
Оқу режимі

Адамның жан әлемі қалтарысы көп таңғажайып құбылыс. Адамның жаны бұл тіршілікте үздіксіз беймәлім ғажайыпты іздейді. Яғни, ақылды жаратылыстың рухы байыз таппай шарқ ұрып, ұдайы бір нәрсені іздеуде. Сондықтан  пенденің жан әлемінде беймазалық, бос кеңістік бар. Біз тәннен тұратын жаратылыс иесі болғандықтан, ол кеңістіктегі бос орынды материалдық дүниелермен толтырғымыз келеді. Алайда көңілдегі бос кеңістікті ешқандай материалдық дүние толтыра алмайды. Адам болмысы әйтеуір, келер жылдан, туар күннен, келер сағаттан өзіне де белгісіз бір нәрсені күтуде... Мәселен, бүгінгі таң атса, қашан ертеңгі күн туады деп беймәлім ертеңге алаңдаймыз.  Болмаса, қашан айдың соңы болар екен деп белгілі мақсаттарға қарай асығамыз.

Түптің түбінде көңіліміз қалаған киімді, нәпсіміз қалаған тамақты немесе қалаған үй, көлікті алған сәттерде да қол жетпес армандар аяқ асты болып, құны төмендеп, одан да жанымыз байыз таппайды. Ол да көңілдегі бос орынды толтыра алмайтынына көз жетеді, көңіл сенеді. Пенденің рухы бәрібір құлазиды. Тағы да өзге арман, мұраттарға ұмтыламыз, жерде тұрып төбені, төбеге шығып тауды аңсаймыз, тауға шыққаннан кейін бұл тұрған тау төмпешік сияқты ғана көрінеді. Осылайша келесі көрінген тағы бір заңғар тауға қарай қадам басамыз, ат терлетіп арып-аршып жеткенде ол асқар тау төбедей ғана болып төмендеп, келесіден-келесіге қарай дүниенің соңынан сағым қуып кете беретініміз ақиқат...

Соңында құзар шыңдардың барлығы жай төмпешіктей аласарып қала беретін дүниеде рухтың сұрағаны табылып, жаным байыз табады, көңілдегі бостықтың орны сол дүниелермен толады деп ойлағанның өзі қателесу. Себебі, дүниеде рухтың құлазуы қалыпты жағдай. Дүниеде төрт құбыласы тең адам болса да рухы құлазиды, беймазаланып, әрі-сәрі күй кешеді. Өйткені, бұл өмірде адам рухын толыққанды шаттықтың шуағына бөлейтін  нәрсе жоқ. Болған күннің өзінде ол өткінші өмірдің бірер мезеттік алдамшы сәттері ғана болмақ.  

Шынтуайтында, адамның рухы іздеген асыл қазына-Ұлы Жаратушысы, оның шексіз мейірімі мен махаббаты, оның нұры, оның разылығы мен ұлы қолдауы екен... Адам рухы әлмисақта өзі уәде еткен шынайы Иесін танып, Ұлы Жаратушысымен қауышқанда ғана мәңгілік тыныштық, рақат, қуаныш табады. Демек, адам рухының іздегені дүниелік құндылықтар емес, Алланың нұры, разылығы, мейірімі мен жарылқауы, кеңшілігі екен.

 Рух Алланы танып,  онымен қауышқанда ғана толыққанды бақытқа  қол жеткізіп, дүниедегі барша қиыншылығын ұмытады. Оған күллі ғаламның дәулетін берсең де, онымен бос кеңістік ешбір толмайды әрі жан әлемі тыныштық таппайды.

Ал рухымыз шаттықтың шапағатына бөленіп, шат-шадыман күй кешуіміз үшін не істеуіміз қажет?! Жанымыз Жаратушыны танып, оны еске алып, дәріптеп, Құранның нұрлы парақтарын ашып, Пайғамбарымызға (с.а.у.) салауат айтып, рухани үйлесімдегі өмір сүруіміз қажет. Өмірдің мәнін Жаратушыға рухани жақындап әрі оған барар жолмен бағыттастыруымыз керек. Адам ең біріншіден өз-өзін тануы тиіс, өз жүрегіне терең үңіліп, «Мен қайда кетіп барамын?», «Барар жолым дұрыс па? Бұрыс па?», «Аллаға жақын ізгі құл болуым үшін не істеуім керек?», «Қай жерде қателесіп жүрмін?», «Қай жерде ғайбат айтып, теріс ой ойлап, күнәлі әрекеттер жасап, өз-өзіме қастандық қылдым?», «Ары қарай не істеймін? Қай жерде қателік жасап, өзгелерге зиянымды тигіздім? Кімнің хақысын жедім? Қай тұстарымды, мінез, сөз, ойларымды түзетуге тиістімін?». Осының төңірегіндегі сауалдарға жауап іздесек, өзімізді тануға, болмысымызды кемелдендіруге,  пейілімізді түзетуге қайырлы қадам жасағанымыз болмақ. Алла жүрегімізді кәміл иманға, рухымызды илаһи тыныштыққа бөлесін! 

Меруерт МҰХАМАДИЕВА

 

Пікірлер Кіру