АДАМ ӨЛТІРУ ТАРИХЫ ҚАЙДАН БАСТАУ АЛДЫ?

03 қараша 2023 2977 0
Оқу режимі

Құран тәліміне сүйенсек, Ібілістің тарихы адамдардың дүниеге сенімсіздікпен қарауына және әлемдегі жалпы жауыздыққа көзқарастарының оң жағынан қалыптасуына ықпал еткенін көреміз. Мәселен, адамдар арасындағы қанды қақтығыс Адам атаның (а.с.) тұңғышы Қабылдың өз бауыры Әбілді өлтіріп, «қанды қол» атануынан бастау алған. Адам (а.с.) Қабыл мен Әбілдің өз егіздерімен үйленулеріне тыйым салып, керісінше бірі екіншісінің сыңарына некелесуін бұйырды. Қабылдың сыңары Әбілдің сыңарына қарағанда сұлу еді. Қабыл болса, Әбілдің сұлу қызға қосылуын көре алмай, қызғанышы оянды. Сүйтіп, әзәзіл Ібілістің азғыруына еріп, ата заңын бұзып, бауыры Әбілді өлтірді[1] .

Қасиетті Құранның Маида сүресінің 28-аятында Әбіл ағасы Қабылға: «Егер мені өлтіру үшін маған қол жұмсасаң, сені өлтіру үшін мен саған қол жұсамаймын. Шүбәсіз, мен әлемдердің Раббысы Алладан қорқамын» («Мәйда» сүресі, 28-аят) деп қарсылық көрсету мүмкіндігі бола тұра сүйіспеншілік пен зұлымдықтың, адалдық пен арамдықтың шекарасын бұзбау керектігін есіне салып, ағасын жамандықтан қайтару үшін насихаттайды. Құрандағы мәліметтерді талдай келе Әбілдің Алланы танып, Оның бұйрығын бұлжытпай орындағанын көреміз. Ал, насихатқа құлақ аспаған Қабыл бауыры Әбілге қол жұмсап, өлтіреді.

Қасиетті Құранның басқа бір аятында: «Кімде-кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасамаған бейкүнә жанды нақақтан-нақақ өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргендей болады» («Мәйда» сүресі, 32-аят) делінсе, Алла елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Кімде-кім Исламда бір ізгі іске бастамашы болып, сол істі кейін басқалар істесе, сауапты істі жасаған кісінің сауабы еш кеміместен бастамашы болған адамға да тура сондай сауап жазылып тұрады. Ал кімде-кім Исламда бір күнәлі іске бастамашы болып, сол істі кейін басқалар істесе, күнәлі істі жасаған кісінің күнәлары еш кеміместен бастамашы болған адамға да тура сондай күнә жазылады»[2] деген. Яғни, бір адамға баяшатты өмір сыйлау – бүкіл адамзаттың өмірін құтқарумен бірдей болса, бір адамды өлтіру – бүкіл адамды өлтірумен бірдей деген қағида діннің негізгі болып табылады.

Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың тарихтағы әрбір соғысының біреуге әлімжеттілік жасап, дүниеге үстемдік орнату үшін болмағаны, керісінше әлемге мейірімді жәйіп, озбырлыққа қарсы тұру тұрғысынан болғанына тәрих куә. Содан бірер мысал келтірер болсақ, Алла расулы (с.а.с.) Мәдина қаласына алғаш һижрет етіп келгенде басқа дін өкілдерімен өзара сұхбаттық келісім жасасады. Ислам тарихындағы яһуди Надыр тайпасына қарсы жасалған Хандақ, Хайбар сияқты соғыстарға себеп яһудилердің Алла елшісімен (с.а.с.) жасаған келісімдерін бұзуынан туындады. Ол келісімдерде: Исламға, мұсылмандарға қарсы шықпау, бұл мәселелерде дұшпанға қолдау көрсетпеу қатарлы өзара одақтастық шарттар бекітілген. Алайда, олар Мекке мүшріктеріне: «Сендердің діндерің Мұхаммедтің дінінен әлде қайда жақсы» деп мұсылмандарға қарсы соғысуға қолдау көрсетіп, жол нұсқаған болатын[3]. Яғни, Ислам әрдайым берген уәде де тұрып, бейбітшілік жолынан ауытқыған емес. Бүкіл болмысы бейбітшіліктен тұратын иләһи діндерден жан түршігерлік қанды қақтығысқа қалай бас бұйда болмақ?!

Қорыта айтар болсақ, Ислам – топырақ астына көмген бір уыс дәннің бір талының өсіп шығуын, бәрін көмбей қолға ұстап отырудан жоғары бағалайтын дін. Әрбір адам бойындағы ізгі қабілеттерін жетілдіріп, өзара жауластыратын жаман ойы мен ісінен сақтанған жағдайда дұшпандық достыққа, қақтығыс силастыққа айналары сөзсіз. Адамзаттың жер бетіне халифа (мұрагер) болуының сыры да осы болса керек.

 

Самет ОҚАНҰЛЫ

Исламтанушы

 

 

[1] Әл-бидәя уән-Ниһая ли Ибн Кәсир, 1-том, 143-152 бб.

[2] Әл-Минһаж фи шархи сахих Мүслим ибн Хажжаж шарху Нәуәуй ғәлә Мүслим, Китәбү ғилим, 15.

[3] Нұрлан Сайлауұлы, Әкім Алымуддинұлы, Аллаһ елшісі (с.ғ.с) жалы 111 сұрақ, 235 б.

 

Пікірлер Кіру