Адамға алғыс айта алмаған, Аллаға да шүкіршілік ете алмайды

26 қаңтар 2021 10622 0
Оқу режимі

Имандылықтың бастауы ұятқа барып тірелетіні хақ. Атам қазақ айтады: «Ұят кімде болса, иман сонда» деп. Имандылық – әр мұсылман­ның адал тірлігі, яғни Алла елшісі Пайғам­­бар­ымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде көр­сетілгендей: «Кімде-кім ниетін – иман­дылыққа, тазалыққа, тілін – шын­шылдыққа, өзін – тыныш­тыққа, мінезін – туралыққа, құла­ғын тыңдаушыға, көзін – өнегелі бақылау­шыға айналдырып алған болса, демек, ол бақытты». Міне, имандылық белгісі.

«Бірден айтайын, мұсылман діні – адамға құрметпен қарай­ды, ізгі ниет, жақсылықты жақтайды, жат пи­ғыл­ды жақтырмайды, тек Алланың ақ жолы қалағаны. Оны Абай бабамыз: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз еш уақытта жалған болмас», деп түйді. Пайғамбарымыз «Мұсылман – мұсыл­манның бауыры. Ол бауы­рына зұлымдық жасамайды және оны залым­дарға тастамайды. Кім бауы­ры­ның мұқтажын өтесе, Алла да оның мұқтаждығын өтейді», дейді. Осыған ұқсас дана Абай «адамның баласы – бауырың» – дейді.

Ислам – өркениетке бастаған дін. Білім үйрен, ғылым меңгер дейді. Ислам сөзі нені білдіреді дегенге келсек, амандық, есендік, бейбітшілік – осындай жақсылықты алға тартады. Құранда «сәлем» деген сөз бар. Сол сәлем деге­ніңіз бейбітшілік деген ұғымды білді­реді. Мұның бәрі бүгінгі тілекпен, ниет­пен ұштасып жатыр емес пе?!» дейді бізбен ой бөліскен  елордадағы «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Жақия қажы Исмайылов.

Киім үлгісінде де, оны киген кездегі түр пішінде де қатып қалған қағида бол­масын деп, «қарапайым киіну – иман­дылық белгісі», «Киімдерің жара­сымды болсын, ат-көліктеріңді жара­сымды ұстаңдар! Салақ, нашар адамдарға үлгі-өнеге көрсетіңдер!», дейді хадисте. Пайғамбарымыз шашы мен сақалы жал­бы­раған біреу алдына келгенде, оның мына түріне риза болмайтынын ыммен ұқтырыпты. Әлгі адам саналы болса керек, ымды екі етпей орындап, қайта оралғанда, кімге де болса, «осы абзал іс емес пе?» депті.

«Иә, ислам діні бүкіл адамзатты ала­ламай, әр жанның кеудесіне сәуле түсіріп отыруды мақсат етеді. Қасаң қағидамен қатып қалуды, өзім білем­дікке бой ұруды қолдамайды. Догма емес, бүгінгіше айтсақ демократияны қалайды. Жағдаймен есептеседі. Жүрек­пен ұқ, арды аттама дейді. Ислам ғылым мен білімге ерекше мән бере­ді. Дәйек кел­тірейін, «Ғалымдар – пай­ғам­бар­лар­дың мирасқорлары... Тал бесік­тен жер бесікке дейін білім іздең­дер... білім мұ­сыл­ман әйелге де, ерге де парыз», деп оны кімнен үйрену­дің де жолын атайды. «Егер білмесеңдер ілім ие­лері­нен сұ­раң­дар... Ғалымдар халық­тың іші­нде көп емес, олар санаулы», де­ген­ді алға тар­тады. Міне, осындай тағы­лым Құран аят­тарында, хадистерде өте көп.

Данышпан Абай осыны ерте аңғар­ған­дықтан шығар, «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп, екі жаққа үңілдім» деуі. Меңзеп отырған жағы – білім мен ғылым екеніне кім шүбә келтіреді. Айталық, діннің алтын қазығы саналатын араб елдерінде де мектеп, жоғары оқу орындары аз емес. Ол елдердің жастары да біл­мекке талпынып, ғылымға құлаш ұру­­ды парыз санайды. Намаз оқуды, мешіт­ке баруды сабақтан соң атқарады. Егер бұлай етпесе, араб әлемінде ғұла­малар болар ма еді? Осыған қарап, кейде еліміздегі бір шоғыр жастардың сабақ кезінде мешітке кетіп қалуы мені ойландырады. Олардың басты міндеті – оқу. Дүниені түрлендіретін, гүлдендіретін білім мен ғылым. Ендеше, білім мен ғылымды меңгерген адам ислам ілімін біліп қана қоймайды, жүрегіне таза күйінде ұялатады» деген Жақия қажы дін жолы – киелі жол, асыл мұрат жолы екенін айтады. Осы мұрат жолында өзіңді өзің берік ұстап, артық кетпей, барыңды бағам­дап, жоғыңды түгендеп Пайғамбар хадис­теріндегі: «Алла сендердің сырт көрініс­теріңе немесе дәулеттеріңе қарап емес, ниет­теріңе, іс-әрекеттеріңе қарап баға бере­ді», деген ұлағатқа ұйып, Аллаға шү­кір­шілік ету екенін ұқсаң, қане. Ха­дист­е сол шүкіршілікті бұзатын: «Дін үшін үш қасірет бар. Олар: Күнәһар дін­дар. Әді­летсіз басшы. Надан діндар». Осы үш қас­іреттен жирену бәрімізге міндет.

Қазақта «Қариясы бар үйдің қазына­сы бар» дейді. Ал хадисте «Береке сендердің үлкендеріңмен бірге келеді» депті. «Туған туыстарың мен достарыңа қонаққа барыңдар, Алла өмірлеріңді ұзартып, ризалығыңды арттырар», деген хадис сөзі қазақтың салт-санасына келіп тұрғаны анық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Бұрыннан қалыптасқан жақ­сы істеріңізді жалғастырыңыздар, жұрт­­­қа жақсылық жасаңыздар, туған-туыс­қандарыңызбен жақсы қарым-қатынаста болыңыздар, көршілеріңмен жақсы тұр, қонағыңды сыйла», деген. Ислам діні орныққан заманнан бері осы қағида өзгерген жоқ. Қазір қарап отырсаңыз, құндылықтарды дәріптеу бұрынғыдан жақсара түсті. Мұны ислам ілімінің жандануынан десек, артық айтқандық емес. Әлдебір талас тудырған жағдай­лар орын алып жатса, біз ең бірінші Құран Кәрімге жүгінгеніміз абзал, одан соң хадистерге үңілген жөн, хадистен таппасақ бар жақсылықты халықтық салт-дәстүрлерді, ата-ана өнегесін таразылап тапқанымыз ләзім. Ислам діні мен ұлттық салт-дәстүр алшақ емес, бірін-бірі толықтырып отырады. Халықтың дәстүрін дәлелге алып, көз жазбай жүруді Пайғамбарымыз өсиет етіп қалдырған. Міне, ислам діні салт-дәстүрге қалай мән беретінін осыдан көруге болады.

«Мен – тәжік ұлтының өкілімін. Өткен ғасырда 30-жылдардағы ойранда исламға адалдығы үшін атамды қудалағанда, бас сауғалап қазақ топыра­ғын басыпты. Одан кейінгі үш ұрпақ – әкем, мен, балаларым осы жерде өмірге келдік. Түбіміз бір, дініміз ортақ, салт-дәстүріміз ұқсас болғандықтан шығар, дарқан халыққа бауыр басып, бір кісінің баласындай болып кеттік. Біз ата жолынан таймай келеміз. Әкем, одан тараған ұрпақтың бәрі дін қызметшісі. Ұлым он екі жасында қари атанды. Бәрімізде қазақ тілін жетік білеміз. «Тілін түзеген адамға Алланың рақметі жаусын!», деген хадис сөзін бұлжытпай орындап келеміз, – деп сөзін сабақтаған имам елдің бүгінгісіне риза көңілмен шүкірлік айтады. – Құдайсыздықтан құтылып, иман жолына түскенімізге, өзгенің жетегінде, басқаның айтуында болған отандық дін басқармасының өз алдына шаңырақ көтергеніне отыз жылдан асты. Осы уақыт ішінде қаншама жұмыс атқарылды. Төрт мыңға таяу мешіт және медресе, орталықтар ашылды. Соның нәтижесінде халқымыз не жақсы, не жаман дегенді біле бастадық. Осының бәрі менің көз алдымда өтіп келеді. Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының барлық форумына, отандық имамдардың жиындарына үзбей қатысып келе жатқанымды мәртебе санаймын. Осындайда ойыма Пайғамбар хадисінде «Адамға алғыс айта алмаған, Аллаға да шүкіршілік ете алмайды», деген қағиданы әр кез есіме ұстап, Жаратушы иеміздің «Әли Имран» сүресінде «...Бөлінбеңдер», десе, Алла елшісі одан кейін: «...Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар!» – дейді. Мен әр кез осыны жадыма сақтаумен келемін».

Өзінің айтуынша, 1988 жылы 25 жасында Жезқазған қаласындағы Алла үйі деген аты ғана бар шағын мешітке имам болады. Ол кезде кеңес заманы әлі күйрей қоймаған. Жаңа мешіт салуға жер сұрасаң, Мәскеуге жалтақтайтын уақыт. Тіпті бір жолы, халықтың келіп кетуіне ыңғайлы орынның табылғанын айтып, тиісті мекемеге барғанында, ондағы лауазым иелері «Ленин көшесінің бойында ма?», деп екі көзі шарасынан шыққаны, әлі күнге есінде. Бірте-бірте темір құрсаудың шіруі жетіп, қирай бастағанда, алғашқы мешітке жер белгіленіп, қазығы қағылған күні қос жанары жасқа толып, «Иә, жамағат, тәубе!» дейді. Сұрқай күндер келмеске кетіп, Алла үйлері қаланы қойып, әр ауылдан бой көтерді. Қазір Жез­қазған қаласындағы сол мәселеде қол ұшын берген облыстық партия ұйы­мы­­ның басшысы Е.Ежиков-Баба­ханов пен атқару комитетінің төрағасы Шәріпбек Шардарбековтің есімдерін ризашылықпен еске алады.

«Ұлтты сақтап келе жатқан ұрпақтар сабақтастығы ғой. Ілім мен білім ұр­пақты аздырмайтыны анық. Мен бұл ретте Аллаға, одан соң Абайға ден қоям. Себебі осы екі арнада адамдықтың айнасы жатыр. Құран аяттарындағы білім мен ғылым туралы қағидаларды алда келтірдім. Ал Абай: «Ғылымсыз ахирет те, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қаж, ешбір ғибадат орнына бармайды», «Құдайдан қорық, пендеден ұят, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма. Әйтпесе бір ит қазақ болып қалған соң, саған рақат көрсетер ме, өзі рақат көрер ме, я жұртқа рақат көрсетер ме?», дейді. 

Мен орта мектептерге барып, оқушы­лармен кездесу өткізіп тұрамын. Мақ­сатым – тап-таза сананы теріс ағымнан сақтау, Алла жолының дұрыстығын ұғын­дыру, яғни асыл дініміз туралы түсінік беру. Адасып қалғандарға: «Ең алды­мен Құранды оқы, шындықты тап. Хадис­терге үңіл. Ұлттық ұғымдарға, ата-бабаның салт-санасына ақылмен, сабырмен қара» – деймін. Бізге Алла перзенттерімізді аманатқа берген. Бала жүрегі – гауһартас. Сол жүрекке не түссе, бала соны пішіндейді. Жұмыс, қызмет деп баланы көзден таса етуге болмайды. Қыз анаға, ұл әкеге қарап өсетіні әлім­сақ­тан белгілі. Пайғамбарымыз: «Балаға әкенің берер ең жақсы сыйы – тәрбие», десе, хакім Абай: «Баланың жақсы бол­мағы бірінші – ата-анасынан, екінші – ұс­та­зынан, үшінші – құрбысынан», деген.

Иә, қиындықтар бар. Бірақ бала өзге­ні­кі емес, өзіңдікі ғой. Жақсы болып өссе қуа­нышын көресің, жаман болып өссе, то­за­ғын тартасың. Ендеше баланы көз­ден таса етуге болмайды. Пайғамбары­­мыз (с.ғ.с) ей, мүміндер өздеріңді, әрі үй-іштеріңді қорғаңдар, балаларыңды тозақтан сақта дейді. Тозақ деп отырғаны жат әдет, жат пиғыл ғой. Сол әдеттердің құрбанына айналғандар арамызда жоқ емес, бар. Алаңдатпай қоймайды. Бұл бәріміз сабақ алар жағдай екені де рас.

Кейбір ата-аналар менің балаларым көп тіл біледі, төрткүл дүниені аралап жүр, деп мақтангерлікке салынатыны бар. Бірақ өз ұлтын, өз тілін толық біле ме екен? Өз тілін ұқпай, өзге тілге жетік­пін деу қалай болар екен? Мен ата-аналар­дың есіне Алла елшісінің мына бір өсиет сөзін сала кеткенді жөн деп таптым. Ол: «Менің анауым бар, мынауым бар дегенді ұнатпаймын» деп келеді. Сонда мақтангерліктің де шет пен шегі болатынын аңғартып отыр емес пе?

Әкемен жағаласу, анаға қатыгездік көр­сету қан мен жанымызда жоқ еді ғой. Өркениетке ұмтылудың да жөн-жосы­ғын саралап отырсақ, қане. Мен бар пә­лені жаһанданудың кесірінен халы­қтық қасиеттен айырылып бара жат­қан­нан іздеген жөн бе деймін. Ұлтты сақ­тай­тын ұлттық болмыс қой. Сол болмысын сақтай алмағандар, құмға сіңген судай болмақ. Әр қандасымыз әлгі жаһан­дану­дың құлына айналмай, ұлттың «құлы» болса екен деймін. Осы арада Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистері­нен дәйектер келтірейін. Егер оны сана­мыз­ға сіңірсек, азғындықтан бой тар­тып, сыйластығымыз өміршең болар еді. «Әуелі анаңа, тағы да анаңа, тағы да анаңа, содан соң Отаныңа жақсылық жаса» – бұл хадис сөзі. Ана құдіретін қан­дай тап басып айтқан?! Ана – Отан дейді. Екеуі егіз болып шықты. Осыны әр жас көкейіне кестедей тоқыса деймін. «Ата-тегіңді, туыс-туғаныңды жақсы танып біл. Өйткені өзара қатынас жасауың үшін қажет болады» – деген түйін тексіздіктен сақтайды. Көп нәрсе осы текті білмеуден болып жатқан жоқ па? «Қартайған шағында ата-анасын разы етіп, күтпеген перзент қор болсын!», «Әкеге бағыну – Аллаға бағыну. Оның алдында күнәһар болу – Алла алдында күнәһар болу». Екі тұжырым да хадис­тен алынды. Ауырлау естіледі, бірақ ақиқаттан кім қашып құты­лады? «Кімде-кім ата-анасының риза­лығын алған болса, Алла оның өмірін ұзартады», осыны білген адам надан­дыққа бармайды. Біз кейде осындай қағидаларды жастарға дер кезінде жеткізе алмай, олар қателікке ұрынып жүрген жоқ па екен деген бір сауал жан дүниемді мазалай беретіні бар», дейді қажы.

Пікірлер Кіру