АХМАДИЯ

11 желтоқсан 2023 2236 0
Оқу режимі

Бұл жамағаттың негізін қалаған адам – Лаһор қаласына жақын орналасқан Кадиани ауылында дүниеге келген Мырза Ғұлам Ахмад Кадиани (1835-1908). 1857 жылы Сипахи көтерілісінен кейін Мырза Ғұлам саясатқа ешқандай қатысы жоқ екенін айтып, ағылшын үкіметіне адал екендігін танытады.

1891 жылы ол өзінің мұсылмандар күткен масих және махди екенін жариялайды, сондай-ақ өзіне уаһи келгендігін және Алланың көлеңке пайғамбары екендігін айтады. Бірақ өзінің пайғамбарлығы бойынша жаңа бір діннің түспегендігін, өзін тек Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкелген дінді жаңалаушы екендігін жеткізеді. 1904 жылы өзін мұсылмандар үшін махди, христиандар үшін масих, үнділер үшін кришна деп есептеген Мырза Ғұлам Үндістанда діндер арасында келісім әрекетін жүргізе бастады. Оның бұл әрекеті кейбіреулер үшін жағымды саналса, мұсылмандар үшін жағымсыз болып табылды. Мұсылмандар оны ағылшындардың тыңшысы деп білді.

Мырза Ғұлам Ахмадтың айтуынша өзінің сөйлеген әрбір сөзі ақиқат. Оның сөзін терістеуге ешкімнің құқығы жоқ. Өйткені ол Алланың атынан сөйлеуде. Сондықтан ол өзін терістемеген дінсіздерді кәпір деп танымады, керісінше өзін терістеген мұсылмандарды кәпір деп білді. Ахмадия жамағатының сенімі бойынша, Иса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) айқышқа (крестке) керілді, бірақ ол онда өлмеді, тек есінен таңды және айқышта бар жоғы төрт сағат болды. Сосын, мазар үшін қолданылатын үңгірге қойылған соң, бірер күнде есіне келген. Иса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) көп ғұмыр жасап, қартайған шағында Кашмирде қайтыс болған. Сонымен қатар, христиандық және исламдық сенімде «Исаның екінші рет келуін» сөзбе-сөз түрде емес, астарлы (салыстырмалы) мағынада түсіну керек, дейді. Олардың ойынша, Исаның екінші рет келуі Мырза Ғұлам Ахмад Қадианидің тұлғасында жүзеге асқан.

Сондай-ақ, уәде етілген Масих пен имам Мәһди бір адамның қос (символды) лақап аттары және оның ілімі мен дұғалары арқылы ажалды тасталқан ететін болады. Олардың сенімі бойынша, Құдай Тағала өткен заманда таңдаулы құлдарымен сөйлескеніндей, қазір де сөйлеседі. Үмбеттің ішінен шығатын жаңа пайғамбарлардың келуі әбден мүмкін, бірақ олар толығымен Мұхаммед пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бағынышты болады және оның шариғатын өзгерте алмайды, жаңа дін әкелмейді. Үмбеттің ішінен шығатын пайғамбарлар, дербес пайғамбар ретінде емес, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) руханиятының «айнадағы көрінісі» іспетті қарастырылады. Мырза Ғұлам Ахмадтан кейін бұл ағымға Мавла Нуриддин жетекшлік жасады.

Ол қайтыс болғаннан кейін Кадиани мәзһабы лаһорлық және кадиандік болып екіге бөлінеді. Лаһор тобы Мырза Ғұлам Ахмадтың пайғамбарлығын мойындамады. Ал, Кадиан тобы оны пайғамбар әрі масих деп қабылдады. Қазіргі кезде Кадиани мәзһабы Еуропа мен Азия елдерінде өмір сүруде. Қадиани мәзһабы кейбір елдерде Ахмади деген атпен діни бірлестік ретінде тіркелген. Қазақстанда ол 1994 жылы «Ұлттық Ахмадия мұсылман жамағаты» деген атаумен тіркелген.

 

ҚМДБ Діни оңалту бөлімі

 

Дереккөз: ҚМДБ Діни оңалту бөлімі

Пікірлер Кіру