АЛЛА ДІНДІ ТЕК СҮЙГЕН ҚҰЛЫНА ҒАНА БЕРЕДІ

02 қараша 2023 3133 0
Оқу режимі

Діни сауаттылық дала халқы үшін киелі міндеттердің бірі саналды. Қандай жағдайда да діннен дәріс тыңдап, балаларын шынайы иманға баулуға айрықша көңіл бөлді. Төл сенімінде берік тұрғандықтан сырттан келетін рухани басқыншылыққа тегеурінді түрде төтеп бере алды. Ұлттық болмысын қаймағын бұзбай кейінгі ұрпаққа жеткізе білді. Қазақ халқында өзінің қажыр-қайраты мен ақыл-парасатының тереңдігіне сенімді нағыз жігіттерден бірнеше өнерден хабардар болу талап етілетін.

Қайраты мен ақылы сай жігіт сұлтандарын «сегіз қырлы, бір сырлы» деп сипаттайтын. Сол «сегіз қырдың» бірі мұсылманша білімді болу еді. Сондықтан әрбір талапты ер мұсылмандық қағидаларын басқалардан гөрі жетік білуге тырысты. Арабша, парсыша, түркіше оқып, жазып үйренді. Ал діни білімнен мағлұматы мардымсыз, сауатсыз жандарды былайғы жұрт «әліпті таяқ деп білмейді» деп әжуалайтын. Расында да, араб әліпбиінің алғашқы қарпі әлифтің жазылуы тік тұрған таяққа ұқсайды. Ал мұны білмеген жан нағыз надан деп танылған.

Абай заманында намаздың шарттарын дұрыс білмейтін, дұғаларын жөндеп оқи алмайтын адамдар қазақ қоғамында ең қор, надан адамдардың қатарына жатқызылған. Өйткені сол кездегі қазақ қоғамында діннен бейхабар болу, намазды, Құранды дұрыс оқи алмау, парыздарын білмеу үлкен айып саналған. Оны Абайдың Абыралы деген досына жазған әжуа өлеңінен аңғаруға болады.

Мен жасымнан көп көрдім,
Мұсылман мен кәпірді.
Абыралыдай көрмедім
Намаз білмес пақырды.
Қырағатын оқытып
Көріп едім, шатылды.
Ниет қыла білмейді,
Не қылады нәпілді?!

Осылайша Абай Абыралы деген досының намаз оқығанын әжуа етеді. Оның Кәусар сүресін қате оқып, намаздың парыздарын дұрыс білмейтіндігін сынайды. Намаздың парыздарын толық білмеген кісі үшін нәпіл оқып тақуасынудың жөні қалай деп айыптайды.

«Дінді білмеген дымды білмейді» деген қағиданы білім алуда басты назарда ұстаған қазақ халқының бұл ұстанымы шариғат дариясынан алынған. Ислам діні мұсылмандарды білімді болуға шақырады. Нағыз байлық білім екендігін нақтылайды. Құдай туралы ілімнің, шариғат ілімінің Жаратқанның таңдаулы құлына беретін баға жетпес тартуы екендігін айтады.

Алла Тағала былай дейді: «Раббым! Білімімді арттыр» деп айт».
Пайғамбардың ған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  да білімнің артықшылығы хақында айтқан өсиеттері көп.

Алланың Елшісі ған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  бір хадисінде: «Мен үшін ғибадаттың артықшылығынан гөрі білімнің артықшылығы сүйіктірек. Діндеріңнің ең қайырлысы – тақуалық», – деген.

Айшадан ған Алла разы болсын)  жеткен риуаятта Алланың Елшісі ған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  былай дейді: «Даңқты һәм ұлық Алла маған: «Кімде-кім білім алу үшін жолға шықса, Мен оның жұмаққа баратын жолын жеңілдетемін», – деп уахи түсірді».

Муғауиядан ған Алла разы болсын) жеткен риуаятта Алланың Елшісі ған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла кімге бір қайырлылық қаласа, оның діни білімін арттырады», – деген.

Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі ған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) : «Шындығында, Алла дүниені сүйген құлына да, сүймеген құлына да береді, ал дінді тек сүйген құлына ғана береді», – деп айтқан.

"Дін мен дәстүр" кітабынан

 

Пікірлер Кіру