Алла Елшісінің (с.ғ.с.) хазіреті Омарға үйреткен насихаты

09 қазан 2018 10219 0
Оқу режимі

Пайғамбарлықтың алғашқы кезеңдерінде Алла Елшісі (с.ғ.с) Хакам ибн Кейсамның (р.а) үйінің есігіне иманға шақырып, көп барады екен. Бірақ ол иман етпейді. Бір жолы тіл тигізіп, ренжітіп те жібереді.

Тағы бір жолы Расулалла (с.ғ.с) өзімен бірге хазіреті Омарды (р.а.) алып барады.Хакам ибн Кейсамды тағы да дінге шақырады. Бірақ әдеттегідей ол Алла Елшісіне (с.ғ.с.) тағы да жаман сөз сөйлейді.

Сол мезетте Омар (р.а.) қылышын суырып алып: «Иә, Расулалла! Мына үш тиындық адам үшін неге қиналасың? Маған рұқсат берші, басын қағып түсірейін», – дейді ашуланып.

Расулалла (с.ғ.с) оған. «Әй, Омар! Адамды тозаққа түсіру – шеберлік емес, адамды жәннатқа кіргізу – шеберлік», – дейді.

Барды, қайтты. Осылайша, Расулалла (с.ғ.с) бізге насиxат жолын көрсетті. Баруын тоқтатпады, бара берді. Ең соңында – ол мұсылман болды. Хижраның 4-ші жылы бір шайқаста Хакам ибн Кейсам (р.а.) Құран ұстазы болған күйде шәйіт болды.

Кейін жылдар өткен соң, Мәдина көшесінде Хакамның (р.а) туыстарын көрген Омар (р.а) біреуінің қолын көтеріп: «Егер сол күні Расулалла (с.ғ.с) мені тыңдаса, Хакам (р.а) тозақтың отыны болар еді. Бірақ, Расулалла (с.ғ.с) мені тыңдамады, Хакам (р.а) жәннатқа шәйіт болып кірді», – деп айтты.

Алла Тағала «Аxзаб» сүресінің 21-аятында:

«Шүбәсіз, Алла елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақырет күніне бар үмітін артқан һәм Алланы көп еске алып, Оған көп құлшылық ететіндер үшін қай жағынан алсақ та, теңдессіз үлгі - өнеге бар», – деп бұйырғанындай екені ақиқат.

(Түркиялық сира ғалымы Мұxаммед-Әмин Йылдырымның дәрісінен үзінді)
Аударған Қ.Қабдолда

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру