Алла мені сүйеді ме?

13 ақпан 2019 9488 0
Оқу режимі

Бір күні осы сұрақ ойыма келді. 

Алла Тағаланың пенделеріне махаббаты пенделердің бойында Құранда айтылған сипаттардың, қасиеттердің табылуымен болатындығы есіме түсті. Өзімді салыстыру мақсатымен Құранда айтылған сипаттарды ой елегінен өткізе бастадым.

Қарасам, Алла тақуа құлдарын сүйеді екен. Өзімді тақуаларға жатқыза алмаймын. 

Қайта ойландым. Алла Тағала ихсан деңгейіне жеткен (мухсин) құлдарын сүйеді екен. Ихсан қайда мен қайда?!

Қайта ойландым. Алла Тағала тағы сабырлы құлдарын сүйеді екен. Менде сабырлылық бар ма? Сірә, мендей сабырсыз адамдар аз болар!

Қайта ойландым. Қарасам, Алла өз жолында күресушілерді сүйеді екен. Түннің үшінші бөлігінде үстімнен көрпені алып тастауда шайтаннан жеңіліп жатқанда қайдағы күрес!?

Əрі қарай іздесем, бойымнан Алланың махаббатына лайық ететін бірде бір сипат табылмай қала ма деп қорқып, тұла бойымды үрей биледі. Іздеуді шарт тоқтаттым. 

Амалдарымды пікірледім. Жалқаулық, немқұрайлық аралас екен. 

Сол кезде ойыма Алла тəубе етушілерді сүйеді деген Жаратушымның сөзі келді.

Бұл аяттың мен жəне маған ұқсағандарға арналған екендігін жаңа ғана ұққандай болдым. Еріксіз:

Аллам өзіңе тəубе еттім, күнəларымды кеш. 
Аллам өзіңе тəубе еттім, күнəларымды кеш. 
Аллам өзіңе тəубе еттім, күнəларымды кеш, – деген сөзді бəсең дауыспен қайталай бастадым. 

Бәлкім, осы сөздеріммен Алла Тағаламның сүйікті құлдарының қатарына кіріп қалармын... Шейх Али Тантауи

 

Жазба Ерсін Әміренің Фейсбук парақшасынан алынды

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру