Алла құлдарын осылай да сынайды

19 қаңтар 2021 6336 0
Оқу режимі

Ардақты сахаба Әбу Хурайра (р.а.) Алла Елшісінің (с.ғ.с.) былай деп айтқанын жеткізеді. Бір кездері Алла Тағала Исраил ұрпақтарынан алапеспен ауырғанды, басы тақыр тазды және соқырды осы үшеуін сынамақ үшін оларға бір періштені жібереді.

Періште алапеспен ауырғанға келеді де одан: «Сен бәрінен де нені қалайсың?» – деп сұрайды. Ол: «Мен ауруымнан жазылып, келбетімнің түсі кіріп, терімнің оңалуын қалаймын», –дейді. Сонда періште оның денесін қолымен сипап, ол бүкіл ауруынан жазылып, келбетіне түс еніп, терісі оңалады.

Содан соң періште: «Саған дүниенің ішінен не ұнайды?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Түйелер (не сиырлар)», – деп жауап береді. Оған буаз түйе беріліп, періште: «Алла оны саған игілікті етсін!» – деп дұға айтып кетеді.

Сосын періште басы тақыр тазға келіп: «Сен бәрінен де не қалайсың?» – деп сұрайды. Ол: «Мен ауруымнан жазылып, жақсы шашты болуды қалаймын», – деп жауап береді. Сонда періште оның денесін қолымен сипап, ол бәз баяғы қалпынша шашты болып шыға келеді.

Содан соң періште: «Саған дүниенің ішінен не ұнайды?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Сиырлар», – деп жауап береді. Сонымен оған буаз сиыр беріледі. Періште: «Алла оны саған игілікті етсін!» – деп оған да дұға айтып кетеді.

Сосын періште соқырға келіп: «Сен бәрінен де не қалайсың?» – деп сұрайды. Ол: «Алла менің жанарымды қайтарып, адамдарды көрсем» – деп жауап береді. Сонда періште оны қолымен сипағанда Алла оның көзіне нұр беріп жанары кіреді.

Содан соң періште: «Саған дүниенің ішінен не ұнайды?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Қойлар», – деп жауап береді. Сонда оған буаз қой беріледі. Осыдан кейін олардың малдары көбейіп бірінде бүтін табын түйе, екіншісінде бүтін табын сиыр, ал үшіншісінде үлкен қора қой болады. Содан соң періште бұрынғы алапеспен ауырғанға, соның бұрынғы түріне (яғни алапеспен ауырған адамның түсіне) еніп келеді де: «Мен – кедеймін, жолда бүкіл дүниемнен айрылдым. Бүгін Алладан басқа, одан кейін сенен басқа сұрайтын ешкімім жоқ. Саған жақсы келбетті түр мен тері берген және байлық берген Алланың атымен сұраймын, маған сапарымды аяқтауым үшін бір түйе берші», – дейді.

Әлгі адам: «Менің қарызым көп», – деп оған ештеңе бермейді. Сонда періште одан: «Мен сені білетін секілдімін. Сен емес пе ауру болып, адамдар қашатын және сен емес пе кедей болып оны Алла байытқан?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Расында, бұл байлық, менің ата-бабаларымның қалдырған мұрасы», – деп жауап береді. Сонда періште: «Егер сен өтірік айтсаң, онда Алла сені баяғы қалпыңа келтірсін!» – деп дұға айтады.

Сосын періште бұрын шашы жоқ таз болғанға, соның бұрынғы кейпінде келіп, оған бұның алдындағы бұрынғы алапеспен ауырғанға айтқанын айтады. Ал ол болса дәл соның берген жауабындай жауап береді. Сонда періште оған да: «Егер сен өтірік айтсаң, онда Алла сені баяғы қалпыңа келтірсін!» – деп дұға айтып кетеді.

Сосын періште бұрын соқыр болғанға, соның бұрынғы кейпіне еніп келеді де оған: «Мен кедеймін, жолда бүкіл дүниемнен айрылдым. Бүгін Алладан басқа, одан кейін сенен басқа сұрайтын ешкімім жоқ. Саған сенің жанарыңды қайтарған Алланың атымен сұраймын, маған сапарымды аяқтауым үшін бір қой берсең жеткілікті болар еді», – дейді. Ол: «Расында мен соқыр болдым, ал Алла менің жанарымды қайтарды, не алғың келсе ал, нені қалдырғың келсе, қалдыр және Алланың атымен ант етемін, Ұлы Алла Тағала үшін бүгін менен не алсаң да, сенен оны қайтарып беруіңді талап етпеймін!» – дейді.

Сонда періште: «Дүниеңді өзіңе қалдыр, расында Алла сендерді сынады да, Алла саған риза болды, ал сенің екі жолдасыңа ашуланды», – дейді[1].

 


[1] Хадисті Бұхари, Муслим жеткізген.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру