АЛЛАНЫҢ ШЫНАЙЫ ДОСТАРЫ

10 мамыр 2024 1525 0
Оқу режимі

Заманында Хазіреті Иса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар бір топ адамдардың қасынан өтеді. Олар құлшылықтың әсерінен әбіржулі екен. Олардың халін сұраған Иса пайғамбарға:

–  «Біз тозақ отынан қорқып, жәннатты үміт етіп мына хәлге түстік», – депті. Сонда Иса пайғамбар:

– «Мақұлықтан (жаратылған тозақтан) қорқып және содан үміт қылыпсындар», – дейді Иса пайғамбар.

Кейін тағы да сондай бір топ (құлшылық әсерінен азып-тозып кеткен) адамдармен ұшырасады. Олар Иса пайғамбарға:

– «Біз Аллаға махаббат қойып әрі Оның ұлықтығы үшін ғибадат қыламыз», – деп айтқан екен. Сонда Иса пайғамбар:

– «Сендер Алланың шынайы достарысыңдар. Мен сендермен бірге болуға әмір етілдім (қылындым)», – деген екен.

Атақты Имам Ғазалидің еңбегінде былай делінген: «Кезінде «Забур» кітабында Алла Тағала былай деген екен: «Тек жәннатқа кіру үшін немесе жаһаннамнан құтылу үшін құлшылық қылған пендеден залымырақ кім бар?! Егер Мен жәннат пен тозақты жаратпағанымда ғибадатқа лайық болмас па едім?» – делінген екен.

Шын мәнінде Алладан қорқушы кісі ғибадатын тек Алланың разылығы үшін жасайды.

Дайындаған Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру