АНАЛАРЫМЫЗ ЖАЙЛЫ ҮШ МЫСАЛ

23 шілде 2024 1532 0
Оқу режимі

Ананың "ұрсуы"

Досым айтады: «Малды жөндеп болған соң, әдеттегідей бәріміз шәй ішіп отырғанбыз. Ол кезде біздің отау құрғанымызға бір жылдай ғана болған. Содан сөзден сөз шығып, келіншегім екеуміз ілінісіп қалдық. Қызды-қыздымен дауысымыз қатты шығып, ашуымды тежей алмаған соң, атып тұрып далаға шығып кеттім. Қора жаққа барып, шөп-шаламды жинағансып жүргеніммен, ішім қыз-қыз қайнайды. Ашудың оты сөнгенмен, ұяттың оты тұтанған. Үйдің есігінің ашылған дауысын естіп, қарасам: анашым шығып келеді. Бірден маған қарай беттеді. Ішім қылп ете қалды. «Не десем екен? Қап, ұят болды-ау!..» Тура алдыма келіп тоқтады.

- Балам, не жағдай болды өзі? Сендер бүйтіп ұрыспаушы едіңдер ғой... – Мейірлі үнінің ар жағында өкпе араласқан діріл бар. Не айтарымды білмей, айырмен жер шұқылап мен тұрмын. – Әлде... Әлде бұған менің бір қатысым бар ма? Менің бір қателігімнің, кесірімнің себебінен туындаған жоқ па бұл ұрыс? Олай болса, мені кешіріп қойыңдар, құлыным...

Ақай, бар ғой, тура сол кезде жердің тесігі болса, кіріп-ақ кететін едім! Ұялғаным-ай! Өкінгенім-ай!

- Жо-жоқ, мама! Сіздің ешқандай қатысыңыз да, кінәңіз да жоқ! Бұл менің ақымақтығым ғой, маматай! Кешіріңіз! Кешіріңіз бізді!.. – Өңешім қызып кетті. Ағып бара жатқан сорамды көрсетпеу үшін анашымды құшақтап бетінен сүйдім де, - Мен қазір Кәмшаттан кешірім сұрап, татуласып шығам! Тек сіз ренжімеңізші! – деп, үйге қарай тарттым. Кірдім де, келіншегімнен кешірім сұрадым...

Әй, иттік-ай десеңші! «Жастық – ақымақтықтың бір бұтағы» деген сол! Есіме түссе, әлі күнге дейін өзегім ашиды... Сол кезде деймін да, шыға салып:««Үлкен-кіші отыр, әке-шеше отыр» деп көзге ілмейтін болдыңдар! Кісілігің қайда сенің?!..» - деп, әкемді танытып тұрып ұрысса да болады ғой! Ұрысқан жоқ! Анашымның даналығын қара: біздің татулығымыз үшін өзін төменшіктетіп тұр ғой!.. «Нәпсісіне жүрегін би қылған» деген осы емес пе, достым?!.. Біз ол кісілер сияқты бола алар ма екенбіз?!..»

Әулие кемпірдің баласының өкініші

Мешітімізде имамның көмекшісі болып қызмет ететін, мың болғыр, Мыңжасартегі Ерлан деген жігіт бар. Бірде әңгімеден әңгіме шығып, Ерекең өзінің «апасының баласы» екенін мақтана айтқан-ды. «Марқұм әжем мені, қайда барса да, бірге ертіп жүретін. Қасына алып жатып, небір аңыз-ертегілерді айтып беретін, - деп бастаған Ерекең біраз дүниенің басын қайырды: - Әлі есімде: ол кезде3-4 жасар кезім; ауылымызда мешіт ашылды. Мешіт болғанда: ұзыншақ «барак» үйлердің бір жағының үстіне күмбез жасап, ішіне кілем төсеп, үлкен кісілер өздері жасап алған. Сол мешітке мені де апаратын. Бір қызығы: намаздан бөлек, ешкім жоқ кезде де баратынбыз. Әжемнің жасы ол кезде 70-ке жақындап қалған. Барып, мешіттің ішін ғана емес, сырттағы дәретханасын да сыпырып, жуып шығатын әжем! Сол қылығына бола ма әлде науқастанып келген кісілерді емдейтін, балаларға дем салып, жазып жіберетін қасиетіне орай ма? – ауыл адамдары әжемді «әулие кемпір» деп атайтын...

Мені тура жолға салған әуелі Алла Тағала болса, оған басты себепкер әжем екенін анық білем... Алтын әжем мен Түркияда оқып жүргенде дүниеден озыпты. Оны мен ауылға келгенде бір-ақ білдім. Бір жылдан кейін. «Көңілі бұзылмасын» деп айтпай жүрген ғой... Үйге кіре сала әжемнің бөлмесіне тарттым. «Әже, әжетайым менің» деп дауыстап қоям. Тым-тырыс. Жүрегім бірдеңені сезгендей біртүрлі атқақтап барады. Сол арада есік ашылып, артымнан бір топ үлкен кісілер кірді. Амандасып болған соң, Орынбасар ата: «Балам, Алланың ісіне шара бар ма? Әжең бақилық сапарына аттанған... Бекем бол! Апамыздың алды бейіш, арты кеніш болсын!» деп көңіл айтып, естіртті. Әжемнің кәлимасын айтып жатып, аттанғанын айтқандары құлазыған жаныма кәдімгідей демеу болды...

Бір қызығын айтып берейін сізге. Сатыпалды деген кісінің баласының үстіне жара шығып, ем қонбаған соң, соңында «дайындала беріңіздер...» дегендей қылып емханадан шығарып беріпті. Ол кісілер «а, Құдайлап» бірден әжеме келіпті. Үстіне тіпті киім кигізу мүмкін болмай қалған баланы қараған әжем «Ертең келіңіздер, Алла қаласа, жазылып кетер» деп, жылы сөзін айтып шығарып салды. Содан мені ертіп алып бірден тоғайға тартты. Әр түп талдың түбін түртпектеп іздеп жүріп, ақыры күн бата бере кірпікшешеннің терісін тауып қайттық. Әжем оны өртеп, күлін алды да, оған ірзіңкенің күлін араластырды. Ертесі Құранын оқып дем салып отырып, жаңағы ұнтақты баланың денесіне септі. Осылайша емделген бала бір аптадан кейін құлантаза жазылып кетті! Әке-шешесінің қуанышын айтпаңыз!.. Осы сияқты шөп дәрілерді жасап, талай ауруларды жазып еді әжем. Қазір «Сол рецептерді неге жазып алмадық екен?» деп армандаймын. Білім ғой. Нағыз білім! Әттең, үлкен кісілер мәңгі жанымызда жүретіндей жәйбарақат жүре беретініміз жаман-ау осы біздің!..

Жақында ауылдан анам келген. Сол кезде бір ұят іс болды: сол апасының қолында өскен үлкен ұлымды апасының көзінше ұрсып қойдым. Ол кісінің қабағы дір етіп, жүзі қызырып барып басылды. Бірақ үндемеді. Сұмдық ыңғайсыздандым! Бұны айтып отырған себебім: әжемнің баласы болғандықтан маған бір адам дауыс көтеріп көрген емес еді. Әкем де, шешем де! Тіпті ол кісінің қайтыс болғанына он шақты жыл болса да, маған дауыс көтермек тұрмақ, «балам» деп айтуға бата алмайды. Бұл әжеме деген, әжемнің әруағына деген керемет сый-құрметтің көрінісі емегенде не?! Ал мен болсам... «Сол қылығым арқылы анашымның көңіліне қаяу салдым-ау! Не деген әдепсіз едім!» деп әлі өкініп жүрмін... Әлеке, бар ғой, біз қанша «оқыдық, тоқыдық» дегенімізбен, кісілік, қазақылық, тіпті мұсылмандық жағынан сол кісілердің деңгейіне әлі жеткен жоқпыз...»

"Көпболғыр" апа

Қайынатам айтады: Ауылда «Көпболғыр апа» деп аталатын бір кісі бар еді. Жарықтықтың аузынан жаман сөз шықпаушы еді-ау! Ашуланып кеткенде де айтатын сөзі «Көп болғыр» болатын. Бірде дүкенде, (ол кезде дүние қат еді ғой) кезекте тұрған уақытта сол апамен бір шайпау әйел сөзге кеп қалды. Әлгі бәледен «аш бәледен қаш бәле» деп жұрттың көбі ығысып жүретін. Тілін безеп, кимелей берген соң, келіні іспетті жаңағыға Көпболғыр апа: «Әй, қарағым, ұят болады; бұйырса, бәрімізге жетеді; сәл сабыр ет», - деген-ді. Беті ашылып кеткен бетпақ неме бірден шап ете қалды да, бар зәрін апамызға төкті. Айтпаған сөзі жоқ: аузынан ақ ит кіріп, қара ит шығып жатыр! «Жаман қатынның тілі ащы» деген тегі рас: айтқан былапытын тыңдап тұра алмайсың! Байғұс апаны жерден алып, жерге салды. Ол кісі де қып-қызыл болып, сұмдық ашуланып кетті. «Әй, қанша сабырлы болса да, қазір бірдеме дейді. Не дер екен?» деген жымысқы оймен қинала жөткірінген апаның аузын аңдып тұрмыз. Ашудан қолы дірілдеп кеткен апа сонда «Әй!» деді. Тына қалдық. «Әй, көп болғыр-ай!..» Басқа ештеңе деген жоқ! Көкдолы да мұндайды күтпесе керек, аңырып біраз тұрды да, шетке ығыса берді... Сонда Көпболғыр апаның үні мен жүзінен алапат ашу мен шарасыздықтың, жаны ашыған мейірім мен сұрапыл сабырдың лебін сездім мен! Шынымен, не деген сабыр! Не деген тәрбие!.. Мен көрген қазақы мінезді Ананың бірі сол кісі еді! Жаны Жәннатта болғай марқұмның!..»

Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ

Пікірлер Кіру