АСАР

29 қараша 2023 2925 0
Оқу режимі

Бір отбасында ауқымды жұмысты істеп тастайтын қолғанат жәрдемшілері кемшін болғанда, шама жетпегенде ауылды көмекке шақырады.

Осы салтты қазақ "асар салу" деп атайды.

Айтайық, үй көтергенде, егін орып, шөп шапқанда, қой тоғытқанда, күзем алғанда, т.б. Асардың күнін алдын ала белгілеп хабар беріледі, естіген адамдар бас тартпай, айтылған кезге жиналады. Тұтқиыл жағдай болмаса, дені сау, көзі қарақты адамның асарға келмей қалуы бетке салық болатын ұят қылық саналған. Тіпті қол күші кемдер азық-түліктерін әкеліп жәрдемдеседі. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл", көп болып септесіп, қолдасып істегендіктен бір күннің ішінде-ақ қыруар жұмысты жапырып жібереді. Кешке қарай үй иесінің асаршыларға арнап жайған дастарқанының соңы ойын-тамашаға ұласады. Ән шырқалып, күй тартылып, әзіл-қалжың айтылып, сауық құрады.

АСАР - ынтымақ пен сыйластықтан, адамгершіліктен туындаған топтық шаруа, ұйымдасқан тірлік. Әсіресе өсер ұрпақ үлгі алатын көрнекті еңбек тәрбиесі. Халқымыздың осы бір кісілікті салты ел ішінде әлі де кездеседі. Бірақ сиреп барады. Әркім өз тасын домалатқан нарық заманында ақысыз жәрдем беруді ақымақтық көретіндер жетіліп жатыр ғой.

Асарды айтқанда онымен мағыналас, сабақтас "үмеге" сәл тоқталайық. Үме де - көп болып топталып бірлікте істейтін жұмыс. Тек асардан біраз өзгешелігі бар.

Үме тікелей шөп шабу науқанына арналған. Көпшіліктің шөбі шабылып, әркім одан үлес алады. Үменің және бір ерекшелігі - ақындар мен жыршылар, әнші-күйшілер жұрттың көңілін көтеру үшін арнайы келеді. Сонымен бірге қыз-келіншек, бозбалалар шөп жинасып, шөмеле салып көмектеседі.

Кешке қарай алтыбақан құрып думандатады. Шөпшілер етке тойып, шайға қанып, қымызға қызып, ән-жыр тыңдап рақаттана демалады.

Ал былайғы уақытта кездесе алмай жүрген қыз-жігіттер жүздесіп,

тіл қатысып, алтыбақан теуіп дегендей, бір жырғап қалады.

"ҮМЕГЕ келген үндемей кетпейді" дейтін тәмсіл осыдан шықса керек.

Қазір "АСАР" мен "ҮМЕ" сөзінің айырмасы қалмаған, бірінің орнына бірі жүре береді. Өйткені заман өзгеріп, уақыт озған сайын бұрынғы ҮМЕ салудың түрі мен мағынасы өзгерген. Баяғыдай топтанып шалғы шауып, орақ ормайды, алтыбақан құрылмайды, әншілер ән салмайды.

Десе де, ҮМЕНІҢ не екенін балалардың білгені жөн деп жаздым.

 

Зейнеп Ахметова "Күретамыр"

 

Пікірлер Кіру