Ашушаң молда

07 желтоқсан 2020 6275 0
Оқу режимі

Баяғыда бір ашушаң молда болыпты. Баласының шуын, әйелінің назын, құрдасының қалжыңын көтере алмай, қашан көрсең шырт-пырт болып жүреді екен. Ызақор мінезі қанша жерде ұятқа қалдырса да, қалшылы еш басылмай өмір сүріп жатыпты. Бір күні жұма намазындағы құтпасында ыңғайсыз сұрақтар көп қойылып, құлшылықтан соң көңілі болыңқырамай қабағын қайшылап үйіне келсе, әйелі ас әзірлеп үлгермепті, баласы терезе сындырып қойыпты, көршісі атын сұрамай мініп кетіпті. Ашудан жарыла жаздаған молда елдің бәрімен ұрысып, үйінен алысырақ кетіп қалыпты. 

Ешкімді көргісі де, ешкіммен сөйлескісі келмепті. Жақын маңдағы көл жағасында қаңтарылып тұрған көп қайықтың біріне міне салып, дарияның ортасына бір-ақ жетіпті. Тып-тыныш табиғат ортасында жалғыз қалған жаны жай тапқандай болып, тәспісін тартып, құлшылықтан шын ләззат алғандай сезімге бөленіп: «Е, жан тыныштығы осы екен ғой!» – деп, көзін жұмып, мүлгіп кетіпті.

Кенет қатты екпінмен бір нәрсе келіп, қайықтың бүйірінен сарт еткізіп соғып, молданың жан дүниесін астаң-кестең етіп шайқап жіберіпті. «Су ортасында да тыныштық бермеген бұл қай кәззап?!» деген оймен ұшып түрегеліп, көзін аша сала қаһарын төгіп жібергісі келген молда сілейіп тұрып қалады. Қараса, мұны байлауы шешіліп кеткен бір бос қайық келіп соққан екен. Өмірінде бірінші рет көз алдында өшін алатын адам табылмай, лықсып келген бүкіл зәһар сөзі көмейінде кептеліп қалған молда буыныңқырап барып басылыпты. Бірте-бірте бетінің қызылы да тарапты. Ашуы сыртқа шықпай, өз бойымен әбден басылып болған кезде өзі де сылқ етіп отыра кетіпті де, өмірінде бірінші рет көзіне жас алыпты.

«Нағыз құлшылық деген сабырмен өз бойыңдағы мініңді жығу екен ғой» деген ақиқатты ашқан молда кешкісін үйіне бала-шағасы мен дос-жаранын аң-таң етіп, адам танығысыз мүмін кейіпте оралыпты. Кейін өзін ашық балағаттап, жөнсіз соқтыққандарға назар аудармай, өмірдегі түрлі қиындықтарға күйзелмей, жымиып қана жүре беретін дәрежеге жетіпті. «Мұндай халді қайдан таптыңыз? Жеке басыңызға тиісушілерге неге мән бермейсіз?» деп сұрағандарға әлгі молда: «Бос қайыққа ашуланып қайтем», – дейтін көрінеді.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру