АСПАННЫҢ ДА «ЕСІКТЕРІ» БАР

19 сәуір 2024 1832 0
Оқу режимі

Бүкіл ғаламда таңғаларлық тәртіп пен үйлесімділік бар. Бұл кемелдік ғаламның басынан бері ешқашан бұзылмаған.

Құран Кәрімде аспан әлеміне жындар мен адамдар кірулеріне белгілі тосқауыл-бөгеттер бар екені айтылған. Яғни аспан әлемі біз көріп тұрғандай ашық кеңістік емес, оның арнайы өзінің кіретін есіктері болатындығы Құран Кәрімде былай баяндалған: «Егер оларға (періштелерге) көктен бір есік ашатын болсақ, олар дереу жоғары шыққанын көрер едің. Сонда олар (Құрайш тайпасы): «Расында, көзіміз байланды. Бәлкім біз сиқырланғанбыз» деседі» («Хижр» сүресі, 14-аят) және  «Сүр үрілген күні (қиямет күні) топ-топ болып келесіңдер. Сонда көктер сетінеп есіктер пайда болады» («Нәбә» сүресі, 19-аят). Демек біз көріп жүрген аспан соншалықты ашық емес. Ондағы есіктердің барлығы Алланың қалауымен ашылып-жабылады екен.

Кеңес Одағының екі мәрте қаһарманы атанған украиндық ұшқыш-ғарышкер Павел Попович бақилық болардан бұрын Қазан қаласындағы мешіттердің бірінде болып, мешіт имамымен сұхбаттасқан. Имам ұшқышқа кәсіби тұрғыдан ғарыш, аспан, жұлдыздар секілді Құрандағы қызықты хабарларды жеткізеді. Ұшқыш бұл хабарларды естігенде бәрінен де қатты қызыққаны «Хижр» сүресінің 13-15 аяттары болды: «Сонда да олар оған (Құранға) сенбейді. Расында бұрынғылар да сөйтіп өткен болатын. Егер біз оларға (көкке) көтерілу үшін аспан есіктерін ашып берсек те, олар міндетті түрде: «Біздің көзіміз бұлдыранған, ал өзіміз сиқырланғанбыз», - деп айтар еді».  

Таңданған Попович: «Ғалымдар дәл осы аспан есіктерін табу үшін қанша есептеулер мен қаншама жылдар жұмсағанын сіз елестете аласыз ба?» - деді. Имам болса: «Неге олай? Аспан баршамызға шексіз, үлкен және ашық секілді болып көрінеді», - дейді. Ұшқыш: «Бәрі сіз ойлағандай оңай емес! Барлық ғарыш кемелері жер орбитасынан сол бір ғана есіктен ұшып шығып, дәл сол есіктен қайта кіреді. Егер секундына 11 шақырым жылдамдықпен ұшып келе жатқан ғарыш кемесі сол есікке дәл түспесе, ол жанып кетеді немесе ғарышқа лақтырылып жібереді де, ешқашан қайта орала алмайды. Нақты есептеулер жасалып, дәл сол есіктер табылғанға дейін бірінші де, екінші де жағдайлар орын алған. Бірақ бұған көптеген күш пен жылдар кетті», - деп жауап берген. Бұдан ұғатынымыз, аспанның өзіне тән арнайы «есіктері» бар.

Алла Тағала Құрандағы «Тариқ» сүресінің 11-12 аяттарында: «Қайталай жаңбырлатқан аспанға серт», - дейді. Жаңбырдың бір кездері жерге төгіліп, буланған ылғал күйінде қайта аспанға көтерілуі осыны меңзесе керек. Бұл аяттардың мәнін біз тек ХХІ ғасырда түсіне бастағандаймыз. Сигналдар жоғары көтеріліп, Жерге қайта оралған кезде ғана ұялы байланыс орнату мүмкін болады. Альфа, бета және гамма сәулелену жағдайында да дәл солай. Олар біздің планетамызға кірмей, ғаламшар кеңістігіне қайтып кетеді. Яғни аспанның қайтару қасиеті бар. Сондықтан аспан есігінен ұшқан ғарыш кемесі дәл сол есіктен қайта кірмесе, ғарышқа қайта лақтырылады немесе өртенеді. Сондықтан ғарышқа ұшудың сәтті әрі қауіпсіз болуы үшін дәл есептеулер жүргізу қажет болады.

Жер бетінде жеті ірі ғарыш орталығы бар. Олар өзіміздің «Байқоңыр», АҚШ-тағы Канаверал ВВС базасы, 14 мың қызметкері бар «Кеннеди ғарыш орталығы» (NASA),  Франциядағы «Куру» (Еуропа ғарыш агенттігі), Қытайдағы «Цзюцюань», Жапониядағы «Танэгасима» ғарыш орталығы және халықаралық «Одиссей» теңіз старты. Бұлардан бөлек тағы 17 космодром бар. Олардың барлығы да қазіргі уақытта жұмыс жасап тұр.

Егер өз жерінде ғарышқа ұшуға қолайлы кең жер мен мүмкіндік болса, неге Ресей өз ғарыш кемелерін Қазақстандағы «Байқоңырдан» ұшыруға мәжбүр?  Еуропа елдерінің жағдайы да дәл осылай, олар бүгінде «Франция Гвиана» ғарыш айлағына жүгінуге мәжбүр болып отыр. Демек оларда өздерінде барлық мүмкіндік бола тұра онда аспан әлеміне көтерілетін «есік» жоқ.

Алла Құрандағы «Мүлік» сүресінің 3-4 аяттарында: «Ол сондай Алла, жеті аспанды қабат-қабат жаратқан. Рахманның жаратуында еш қателік көре алмайсың. Қайта көз сал. Ешбір ақау көре аласың ба? Тағы қайталап қара. Көзің шаршап, талады», - дейді.

Атеистік көзқараста болған ғалымдар Жаратушының жоқ екенін дәлелдемек болып, 1986 жылы 28 қаңтарда «Challenger» ғарыш кемесін жасады. NASA ғарыш агенттігі бұл ғарыш кемесін жасау үшін өте көп қаражат мен ұзақ жылдарын сарп етті. Атауы айтып тұрғандай, «Challenger» ғарыш кемесін жасаудағы мақсат Жаратушыны «ашық күреске» шақыру еді. Нәтижесінде «Challenger» STS-51L ғарыш кемесі ұшудың 73-секундында сыртқы жанармай багының жарылуы салдарынан құлап, барлық 7 экипаж мүшесі опат болды. Апат АҚШ-тың Флорида түбегінің орталық бөлігінің жағалауында Атлант мұхитының үстінде орын алды. Жаратушы алдында адамзаттың дәрменсіздігі тағы да дәлелденген еді. Тіпті құмның кішкентай түйірі Жаратушының құдыретіне мысал бола алады. Ақын Д.Руми: «Теңізді бір тамшы судан, ал күнді ең кішкентай бөлшектен көруге болады. Алайда рухани соқырлық толықсыған Айдың да жарығын көруге мүмкіндік бермейді», - деген екен.

Алла Тағала Исра түні Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарды жеті көкке көтеріп, өз құзырына шақырғаны Ислам тарихынан белгілі. Алла Тағала Исра түні пайғамбарды неге Меккеден емес әл-Ақсадан көтерді? Ол үшін біз Ислам әлеміне танымал, физика ғылымының докторы Али Мансур Каяли деген заманауи ғалымның көзқарасына жүгінейік.

Құранда: «Жындар былай дейді: «Әрине, көкке қарманғанымызда (көтерілгенімізде), онда қатал күзетшілер мен атылған жалындаған жұлдыздарды көрдік» («Жын» сүресі, 8-аят), - делінген. Яғни аспан көктеріндегі арнайы есіктердің өзінің періштелерден құралған күзетшілері болады. Бұл жайында алғаш болып жындар әлемі білді. Бұған қатысты осы аяттағы «жалындаған жұлдыздар» дегеніміз жерден жоғары шамамен 80 шақырымда орналасады екен. Демек «жалынды жұлдыздар» жерден 80 шақырым биіктікте болса, онда күзетші періштелер де сол аралықта болатынын аңғаруға болады. Әрине анығы Аллаға мәлім. Осы тұста «егер аспан есіктерін періштелер арнайы жалынды от тектес жұлдыздармен күзетіп, жындарды кіргізбей қорғайтын болса, онда қалайша адам ол кеңістіктен ешбір кедергісіз өтуі мүмкін?» деген заңды сұрақ туындайды. 

Әрине мұндай кеңістікті Алланың ғана рұқсатымен кедергісіз кесіп өтуге болады. Бұл жайлы «Фуссилат» сүресінің 53-аятында баяндалған: «Құранның шын екені айқындалғанға дейін әлемдегі және өздеріндегі белгілерімізді дереу көрсетеміз. Расында Раббыңның әр нәрсеге куә екені саған жеткілікті емес пе?». Демек аспан кеңістігі белгілі есіктермен жабылып, олар періштелермен күзетілетінін білдік. Яғни осындай есіктер аспанның белгілі бір жерлерінде ғана болатынына тағы дәлел.

Енді Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеті қабат көкке шығу мәселесіне келер болсақ, онда Мекке қаласынан көкке шығу үшін қала үстінде аспанға кірер есік жоқ болғаны. Сондықтан болар Алла Тағала Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Исра түні көкке көтерерде Меккеден Құдыста орналасқан «әл-Ақса» мешітіне алып келді. Себебі Құдыста аспан кеңістігіне көкке тікелей шығатын есік орналасқан. Бұған дәлел ретінде Алла Тағала өз қалауымен екі пайғамбарды да «әл-Ақса» мешітінен  көкке көтергенін атауға болады. Оның бірі Иса (ғ.с.) пайғамбар болса, екіншісі Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар. Ал Иса (а.с.) пайғамбардың көкке көтерілуі жайлы Құранда «Алла Тағала оны (Исаны) өз тарапына көтерді» делінген. Осы орайда Иса (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар көкке көтерілер кезінде Құдыста болғаны тарихтан білеміз. Бұған қоса Миғраж оқиғасында баяндалғандай, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар Исра түнінде көктен қайта «әл-Ақса» мешітіне түсіп, Меккеге оралғаны белгілі. Бұл аспан кеңістігіне кіріп-шығу тек арнайы жерде, арнайы есіктер арқылы жүзеге асатынын тағы бір дәлелі. Барлық нәрсені еш кемшіліксіз жаратқан Алла Тағала неткен ұлы еді!

 

Лаура АЛМАХАНОВА 

 

Пікірлер Кіру