АТА-АНАНЫ СЫЙЛАСАҢ, АЛЛАДАН КЕЛЕР СЫЙ БАР МА?

15 қыркүйек 2021 11339 0
Оқу режимі

Исламда ата-ананы қадірлеу амалы мұсылман үшін үлкен дәреже болып табылады. Бұл амалдың маңыздылығы Алла Тағаланың Құран Кәрімдегі аяттардың бірінде көрсетеді: «Раббың, Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті», - деген. Адам баласының дүниеге келудегі мақсаты – Жалғыз Алла Тағала құлшылық ету. Осы құлшылық қылудан кейінгі ізгі амал – ата-анаға құрмет қылу. Бұл Алланың біздерге бұйырған парызы. Аяттың жалғасында:  «Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ» деме (кейіс білдірме).Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле», - деді. Бұл «Түһ» деген сөз бүкіл әлем тілдерінде бар сөз. Қараңыз, Алла Тағала қандай сөзді қолданып тұр. Сен ата-анаңның алдында шаршағаныңды білдірмеуің керек.

«Ол екеуіне кішірейіп, қарапайымдылық қанатыңды жай да: «Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда қалай мейіріміне бөлеп, әлпештеп тәрбиелегендей Сен де оларды дәл солай мейіріміңе бөлей көр!»,-де», - дейді. («Исра» сүресі, 23-24-аяттар). Яғни, бұл аяттардан алатын пайдамыз не?! Ең бірінші – оларға жақсылық жасау. Олардың қызметінде болу. Олардың айтқанынан шықпау. Тек күнәлі істерден басқасының барлығын орындау. Сондай-ақ ата-анамыздың алдында өзімізді төмен ұстау және дауысымызды бәсеңдету.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үш қайтара: «Ауыр күнәлардың ішіндегі ең ауыры қандай күнә екенін сендерге айтайын ба?», - деді. Адамдар: «Йа, Расулулла, айтыңыз», -  дейді. Сонда Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағалаға серік қосу, әке-шешесін тыңдамау және мұсылман тобынан қашу», – деген. Қараңыз, Алла Тағала Өзіне құлшылық қылғаннан кейінгі ең ұлық амал ата-ананы құрметтеу. Алла Тағала серік қосу – үлкен зұлымдық болса, сол зұлымдықтан кейінгі ең зұлым амал – ата-ананы құрметтемеу, оларды қадірлемеу.

Бірде Әбу Һурайра (р.а.) анасы шақырған сәтте, анасына: «Ләббайк, Иа, Умми», – дейді. («Ләббайк», -деген сөз қажылықта Алла Тағаланың алдында айтылатын сөз) «Иа, Анашым! Алдыңда тұрмын, бұйыр», – деген сөзді Әбу Һурайра (р.а.) анасына қатты дауысымды көтеріп айтып қойдым ба деген күмәнмен базарға барып, екі құлды азат етіп жібереді. Ол кезде құлды азат ету арзан бағада болмаған.

  • Ата-анамызға ең жұмсақ сөздермен сөз сөйлеп, олармен жақсы көркем қарым-қатынаспен мәміле жасайтын болсақ, оларға құрметіміз ерекше болса, оларды сыйлап, алақанымызға салып, әлпештейтін болсақ, «бізге қандай пайда бар», деген кезде, ең бірінші пайдасы – Алла Тағаланың қалауымен жәннатқа кіруімізге кепіл болады екен.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Сондай адам қор болсын! Сондай адам қор болсын!», - дейді. Сонда сахабалар: Иа, Алланың елшісі кім ол?, - деп сұраған кезде: «Кімде-кімнің әке-шешесінің біреуі немесе екеуі қасында кәрілікке жетсе, сөйтіп барып жәннатқа кіре алмаса, сондай адам қор болсын!» – деген. Ата-анамыздың разылығын алып, «Балам, мен саған разымын» дейтін болса, жәннатқа кіруімізге кепіл болады.

  • Тағы бір пайдасы – ата-ананы сыйлау ең сүйікті амалдардың қатарына кіреді.

Пайғамбарымыздан (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары: «Қайсы амал Алла Тағалаға сүйкімдірек? (яғни, ұнамдырақ)», – деп сұраған кезде, Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уақытында оқылған намаз және ата-анаға жақсылық жасау», - деген екен. Бес уақыт намазды уақытында оқығаннан кейінгі Алла Тағаланың алдындағы сүйікті амал – ата-анаға жақсылық жасау екен.

  • Тағы бір пайдасы – ата-анамызға қызмет еткенде, бізге батасын, ізгі тілегін береді.

Себебі, Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Үш түрлі дұға міндетті түрде қабыл болады. Оның бірі ата-анасы баласына жасаған дұғасы», – деген. Қарғыс айтса, қарғысы қабыл болады. Егер, ізгі бата берсе, олда міндетті түрде қабыл болады.

  • Тағы бір пайдасы – ата-анамызға жақсылық жасасақ алдымыздан сол келеді.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің мүбәрак хадисінде: «Өз әке-шешелеріңді құрметтеңдер, ата-аналарыңды сыйлаңдар! Сол кезде сендердің балаларың өзеріңді сыйдайды»,– деген. Қазақта: «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді», – деген. Бұл туралы тарихта өзімізге сабақ болар оқиғалар көп. Баламыздан жақсылық көрейін десеңіз, өз ата-анаңызды құрметтеңіз.

  • Тағы қандай артықшылықтары бар деген кезде, ата-анаға құрмет көрсету – Алла Тағаланың разылығына алып келетін амал екен.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім ата-анасын риза қылса, онда ол Алланы разы қылғаны. Ал, кімде-кім ата-анасын ашуландырса, онда ол Алланы ашуландырды», – дейді. Ата-анамызды қандай да бір істе разы қылсақ, Алланың бізге разы болғаны. Бұл пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уәдесі. Ал, біз ата-анамызға селқос қарайтын болсақ, онда Алла Тағаланың ашуын туғызған боламыз.

Ата-ана дүниеден өткен болса, оны еске алып, дұға жасау

Бірде бір сахаби Алланың елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, «Иа, Алланың елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)! Ата-анама жақсылық жасап, бұл дүниеден шығарып салдым. Енді, менің олардың алдында атқаратын міндетім бар ма?», - деп сұраған кезде, Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бар міндетің! Ол екеуіне дұға қылу», – дейді. Бізде дүниеден өткен кісіге «марқұм» деп айтамыз. Бұл дұға болып табылады.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мынадай бір хадисі бар: «Кімде-кім ата-анасына дұға жасамайтын болса, онда оның ризығы тоқтайды», – дейді.

Әбу Ханифа (р.а.): «Мен күніге әр бес бес уақыт намазда ата-анама және ұстазыма дұға қыламын», – деген екен.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Мына үш түрлі адам жәннатқа кірмейді. Әке-шешесіне қарсы шыққан адам (әке-шешесін ренжіткен адам), әйелін қызғанбайтын адам және еркекке ұқсаған әйел», – деген.

  • Әке-шешесін ренжітетін амалдар көп. Оның бірі – әйелімен бала-шағасын анасынан артық көру – оларды тірідей өлтіргеніміз. Ата-анамызыды қандайда бір ренжітетін амал жасасақ, не болмаса ауыр сөз айтсақ – оларды тірідей өлтіргенмен бірдей.

Бұхариден жеткен хадисттердің бірінде, Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала сендерге аналарыңды құрметтемеуді харам етті», – деген. Арнайы ананы айтып жатыр.

Фиқһ іліміндегі мәселе: Егер баласы Алла Тағала парыз етпеген нәпіл намазды орындап жатқан кезде, анасы шақырған болса, баласы нәпіл намазын бұзып, анасының шақырғанына барады. Ата-ананың шақыруына жауап беру – парыз.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірде Омар (р.а.), Али (р.а.) тағы басқа сахабалармен отырған кезде, Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): - Сендеге Иеменнен бір ру келеді. Соларың ішінде Уайс ибн Амр (табиғин) деген кісі болады. (Оның денесінде тері ауруына шалдығып, сол ауруынан дирхамның көлеміндей аурудың ізі қалады) Ол Алла Тағаладан бір дұға сұрайтын болса, оның дұғасы міндетті түрде қабыл болады, – дейді. Және оның анасы бар еді. Ол анасымен игі қарым-қатынаста еді, – деп айтады. Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): Ей, Омар (р.а.)! Егер, ол саған келсе, сен одан Алла Тағаладан кешірім тілеуін сұрап ал, – деген. Бұл оқиға олардың есінде жүреді. Кейін Омар (р.а.) халифа болған кезде Иеменнен тайпа келеді. Сонда, халифа Омар (р.а.): – Сендердің іштеріңде Уайс ибн Амр бар ма?, – дейді. Адамдар таң қалады. Сосын ішінен біреуі: «Бар», – дейді.
Омар (р.а.): – Сен бе, Уайс ибн Амр?
 – Иа, мен!, – дейді.
Сонда Омар (р.а.) бұрынғы Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтып кеткен сипаттардың бәрін сұрайды. Омар (р.а.): – «Бұның бәрін Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтып еді. Сондықтан мен бұл нәрсені сенен сұрап тұрмын», – дейді. Сен маған Алла Тағаладан кешірім сұрашы, – дейді. Сонда, Уайс ибн Амр: –Мен кешірім сұрайын ба?, - дейді. Себебін түсіндіріп, Алла Тағаладан кешірім сұратады. Қараңыз, бұл жерде оның ізгі амалы «Оның бір анасы бар. Ол оған игі қарым-қатынаста еді». Бұл Уайс ибн Амрдің Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)-мен кездесе алмауына себеп болған нәрсе, оның анасының сырқаты болуы еді. Ол оның қасында күндіз-түні болып, емін жасап, Алладан жалбарынып дұғасын тілеп жүрген болатын. Сол себепті ол Алла елшісімен жолыға алмаған еді. Оның анасына деген дұрыс, игі қарым-қатынасы үшін Алла Тағала Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)-ның аузына сол кісінің атын салған еді. Сол уақытта исламға үлкен еңбегі сіңген, қаншама жерге ислам дінінің жетуіне себепші болған халифа Омар (р.а.) одан дұға сұрауы, Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтып кеткендей: «Ол Алла Тағаладан бір дұға сұрайтын болса, оның дұғасы міндетті түрде қабыл болады», – дегені, оның анасымен жақсы қарым-қатынаста болғандығы үшін еді. (Мүслим риуаяты)

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтады: «Әке-шешесін тыңдамаған адамға Алла Тағала қияметте қарамайды», – деген.

Сондай-ақ бір адам келіп, иа Алланың елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): – «Мен Алла Тағаладан басқа ешбір Тәңір жоқ екендігіне және сен Алланың елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екендігіне куәлік беремін. Бес уақыт намаз оқимын. Малымның зекетін беремін. Рамазан оразасын ұстаймын», – деген кезде, Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім осы күйде өлсе, онда жәннатта Пайғамбарлармен, шыншылдармен, шәһидтермен бірге болады. Әрине, егер ата-анасына бойұсынған болса», – дейді. (Бұхари риуаяты) Яғни, бұл жерде бір шартпен байланысып тұр. Егер де әке-шешеге бойұсынбаған болсақ, тыңдамаған болсақ, ренжіткен болсақ, осының бәрі кейін істеген амалдарымыздың пайда бермеуінің қауіпін туғызады.

  • Қазіргі таңда намазға бет бұрып жатқан жастарымыз көп. Солардың кейбіреуінде қате пікір қалыптасқан. Яғни, «Ата-анамыз намаз оқыса немесе мұсылман болса ғана оның тілін алу керек, - деп. Басқа уақытта олардың тілін алуға, айтқанын істеуге болмайды. Өйткені, кезінде сахабаларда ата-анасының тілін алмаған кездері де болған», – деп, бір дәлелдерді келтіріп, өздерінің қылықтарын ақтап жатады.

Біз Пайғамбарлардың өмірінен мысалдар келтіретін болсақ, Алла Тағала Ибраһим (а.с.) сөзін Құранда келтіреді. «Ей, әкетайым!», – деп айтады. Әкесі пұтқа табынушы адам. Пұт сатушы кісі болған. Кейде Ибраһим (а.с.) пайғамбарға: «Мына пұттарды сатып кел!», - деп бұйыратын. Сонда, әкесіне келіп сөйлегені: «Ей, әкетайым! Естімес, көрмес, сондай-ақ өзіңе бір пайдасы жоқ нәрсеге неге табынасың?! Ей, әкетайым! Расында маған саған келмеген бір білім келді. Сондықтан маған ілес. Сені тура жолға салайын. Ей, әкетайым! Шайтанға сиынба! Өйткені, шайтан, Рахманға қарсы болған», – дейді. «Ей, әкетайым!», – деген сөзді бірнеше мәрте қайталайды. Сонда біз қараймыз, «ата-ана» деген мейлі мұсылман болсын, мейлі басқа дінде болсын, бәрібір оның аналық және әкелік хақы жалғаса береді. Енді олар намаз оқымаған болсын, қандайда бір күнәлі іс іске барған болса, Алла Тағаланың алдында ол өзі үшін жауап береді. Біз тек дұға етіп, оның күнәларын Алладан кешірілуін тілейміз.

ü Бірде бір сахаби Алла ешісінен (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Я, Расулалла! Менің анам мүшрік. Оған жақсылық жасауым қажет пе?», – деп сұраған адамға Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, анаңа жақсылық жаса және оны құрметте!», – деген. (Әбу Дауд).

Бірақ, біз оларды «ата-ана» деген ұғым үшін оларды шынайы құрметтейміз. Алла Тағала қалады ма, сол ананың құрсағынан шығуды?! Біздің міндетіміз сол анамызға құрмет көрсету. Сондай-ақ, бұл Алла Тағаланың бұйырып тұрған парызы. Тек қана «әкем  немесе шешем» болғаны үшін ғана тыңдау емес, Алла Тағала бізге әмір еткен істі орындау. Ертең біз сол үшін қияметте жауап береміз.

Өйткені, Алла Тағала: «Алла Тағала Өзіне ғана құлшылық қылуды және ата-ананы қадірлеуді», – деп, парыз етті. Сондықтан Алла Тағаланың бұйырған істерінің барлығы істелуі керек. Алла Тағала тыйған істердің барлығынан тыйылу керек.

Әке-шеше дүниеден өткеннен кейін де жақсылық тоқтамауы керек. Бір күні бір кісі келіп, иа Алланың елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): – «Менің анам қайтыс болды. Оның мойнында бір айлық ораза қалған еді», - деп айтқан кезде, Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сен қалай ойлайсың?! Егер сенің анаң біреуге қарыз болса, сен сол қарызын қайтарып берер ме едің», – деген кезде: «Әрине», – дейді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):  «Олай болса, Алла Тағаланың қарызы өтелуге ең лайықты», – деген.

  • Кімнің әке-шешесі дүниеден өтіп кеткен болса, әліде үміт бар. Кітабына бір салиқалы амал түсіруге. Өйткені, кітабы ашық жатады. Бізді Алла Тағала салиқалы етіп, өзгертіп жатқаннан кейін – үміт бізде ғана. Екеуінің кітабын әлі де садақа беріп толтырамыз ба, құрбандық шалып пақырларға таратамыз ба? Сол секілді салиқалы амалдармен толтырамыз ба?! Енді біздің ісіміз. Осы секілді жақсылықтар дүниеден өткенімізше тоқтамауы керек.
  • Егер «әке-шешеге суық қыр көрсетпе!», - десе, онда тыйылу керекпіз. Ең бірінші дұрыс мұсылман, жақсы мұсылман, салиқалы толық мұсылман екеніңді үйдегі әке-шеше көру керек. Кім бұл нәрселерді кеш түсініп жатса, қалған өмірін әке-шешесінің өміріне арнау керек. Кезінде ақсаған амалдары болса, әке-шешесіне қатысты қарым-қатынасы дұрыс болмаған болса, осы тұстарын ол жөндеу керек.  

Батысқа қарайтын болсақ, қазір батыста небір заңдарды шығарып тастаған. Жаңа технология, жол ережесі, жұмыс орнына қатысты небір заңдылықтары бар. Тіпті, үй жануарларына да қатысты, итке де дұрыс қарау секілді заңдары бар. Бірақ, «Баланың әке-шешесін құрметтеу туралы» бір заң жоқ екен. Ал, мұсылман үшін ондай заң қажет емес. Алла Тағаланың Құранындағы аяттар және Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисі біздер үшін жеткілікті. 

Сондықтан Алла Тағала баршамыздың ата-анамызды құрметтейтін, ата-анамыздың бұл дүниеде ризалығын алған, арғы дүниеде әке-шешемізбен жинаған құлдарының қатарында қылсын! Алла Тағала өзіміздің әке-шешеміздің біліп-білмей істеген күнәларын кешіріп, баршамызды Өзінің шексіз мейіріміне бөлегей! Әмин...

Орынбасар Дәуренбеков

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру