Ата-ананың алғысы да, қарғысы да қабыл

17 қаңтар 2020 30226 0
Оқу режимі

Алла Тағала шарттары мен әдебіне сай жасаған дұғаға міндетті түрде жауап береді. Алайда жауап берер кезде біздің қалауымызға қарай емес, Өзінің қалауы мен хикметіне орай шешім қабылдайды. Өйткені пенде өзі үшін түбінде ненің қайырлы екенін біле бермейді. Жақсылық дегені жамандық, ал жамандық секілді көрінген жағдайлардың ол үшін жақсылық болуы бек мүмкін. Алла Тағала кейбір дұғаларға сол сәт жауап берсе, кейбір дұғаларды кейінге қалдырады.

Жаратқан Иеміз міндетті түрде жауап беретін дұғалардың бірі – ата-ананың баласы үшін жасаған дұғасы. Осыған қатысты бір оқиғаны Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде былай деп баяндайды: «Үш кісіден басқа ешкім бесікте болған кезінде сөйлеген емес. Олардың әуелгісі хазрет Иса (ғ.с.), екіншісі Исраилұлдары дәуірінде өмір сүрген Жүрәйж деген діндар адам жайында куәлік еткен сәби. Жүрәйж ғибадат жасауға берілген тақуа бір құл еді. Бір шіркеуге бекініп алып намаз оқумен болды. Бір кезде анасы қасына келіп: «Әй, Жүрәйж! Бері кел, саған айтарым бар», – деп баласын шақырды. Жүрәйж: «Уа, Алла Тағалам! Намазды таңдайын ба, әлде анамды ма?» - деп ойлады да намазын жалғастыруға шешім қабылдады. Анасы қайта-қайта шақырды. Баласынан жауап ала алмаған соң ең соңында: «Аллам, балам жаман пиғылды әйелдің кесірін көрмей қайтыс болмасын!» - деп қарғады. Исраилұлдары өзара Жүрәйжтің тақуалығын, құлшылығын әңгіме ететін. Сол өңірде жаман жүріспен аты шыққан бір сұлу әйел бар еді. Әлгі әйел: «Қаласаңдар, мен оны жолынан тайдырып берейін», – деді айналасындағыларға. Сөйтіп, Жүрәйждің басын айналдырмақ болды. Бірақ Жүрәйж оған сыр бермеді. Сонда әйел бір қойшыға барды. Бұл қойшы Жүрәйждің шіркеуінің түбінде тұратын. Әлгі әйел сол қойшыдан бала туып, баласын Жүрәйждің баласы деп жария салды. Өз құлақтарына өздері сенбеген халық ашумен Жүрәйжді шіркеуінен қуып шығып, шіркеуді қиратып, өзін соққыға жықты. «Сендерге не болған?» – деп сұрады Жүрәйж түкке түсінбей. «Мына жезөкше туған баласының сенен екенін айтады, бұған қалай дәтің барды!» – дейді ашулы халық. Жүрәйж: «Бала қайда, оны маған алып келіңдер», – дейді. Адамдар құндақтаулы нәрестені алып келеді. Жүрәйж: «Мені босатыңдар, намазымды оқып алайын», – дейді. Сөйтіп намазын оқиды. Намазын бітіре сала нәрестенің қасына келіп: «Әй, бала, сенің әкең кім?» – деп сұрайды. Сонда құндақтағы сәби: «Пәленше деген қойшы», – деп жауап қатады. Мұны естіген халық Жүрәйжге келіп: «Сенің шіркеуіңді алтыннан соғамыз», – дейді. Жұрәйж болса: «Жоқ, қажет емес, бұрынғыдай кірпіштен қалаңдар», – дейді. Халық қайтадан шіркеу салады...»[1]

Хадистен байқағанымыздай Журәйждің анасының оған жасаған дұғасы қабыл болған. Бірақ Журәйж Алланың сүйікті құлы болғандықтан, Жаратқанның оған сыйға тартқан кереметінің арқасында жабылған жаладан құтылып, өзін ақтап алады.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келесі хадисінде дұғасы қабыл болатын кісілер жайлы айтады: «Үш кісінің дұғасы міндетті түрде қабыл болады: жәбірленушінің, жолаушының және ата-ананың баласы үшін жасаған дұғасы».[2]

Хазірет Әнәс риуаят еткен хадисте дұғасы қабыл болатын кісілер деп келесі адамдар аталады: «Әкенің баласы үшін жасаған дұғасы, ауыз бекітіп, ораза ұстаған адамның дұғасы және жолаушының дұғасы».

Ханбәли мәзһабының имамы Ахмад ибн Ханбәлдің ұлы Абдуррахман әкесінен естіген бір оқиғаны баян етеді:

«Ертеде бір әйел Махләд ибн Хусәйн деген имамға келіп, ұлының Римдіктердің қолына түсіп қалғанын айтады. Ұлын тұтқындықтан құтқару үшін құн төлеуі керек, бірақ байғұс анада ондай ақша болмайды. Сол үшін имамға келіп, өзіне ақша жағынан көмектесе алатын адам тауып беруін өтініп, жәрдем сұрайды. Қайғыдан қан жұтқан қасіретті ананың күндіз-түні ойлағаны – ұлы. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылған әйелдің ішкі жан күйзелісін көрген Махләд ибн Хусәйн біразға дейін үнсіз отырып қалады. Бар ынта-жігерімен Аллаға қол жайып, шынайы ықыласпен дұға жасайды. Ал әйел болса, үздіксіз баласының тілеуін тілеумен болады. Бірнеше күннен кейін әлгі әйел жанына баласын ертіп имамның қасына келеді. Қуаныштан имамға алғысын жаудырып болар емес. Баласы тұтқындықтан босап келіпті. Ұлынан имамға тұтқындықтан қалай құтылғанын айтып беруін сұрайды. Баласы басынан өткендерді баяндай бастайды:

«Бірнеше тұтқын Рим патшасының түрмесінде едік. Күндіз қара жұмысқа жегіп, қараңғы түскенде зынданға қайта әкеп қамайтын. Бір күні қайтып келе жатқанда аяғымдағы кісен өзінен-өзі үзіліп жерге түсіп қалды. Күзетші: «Кісеніңді неге үзесің?» – деп дүрсе қоя берді. «Мен үзген жоқпын, өзі үзіліп қалды», – дедім. Күзетші таңқалып, қасындағы серігін шақырды. Екеуі темірші шақырып, кісенді қайта тақпақ болды. Сөйтіп темірші шақырып, кісенді тақтырды. Бірнеше қадам басқанымда кісен қайтадан үзілді. Күзетшілер бұған таң қалып, мұны дін қызметкеріне көрсетті. Дін қызметкері: «Анаң тірі ме?» – деп сұрады. «Иә, анам тірі» – деп жауап бердім. Дін қызметкері болса: «Кісеннің кіліттенбей жатқаны анасының қабыл болған дұғасынан болса керек», – деп мені тұтқындықтан босатты. Жол азығымды да қолыма ұстатып, өзімді мұсылмандардың жеріне дейін апарып тастады». Бір қызығы, жігіттің аяғындағы кісеннің шешіліп қала берген уақыты – имам мен анасының дұға жасаған уақытына дөп келген екен.

Міне, қабыл болған дұға. Бұдан басқа өмірде өзіміз куә болып жүрген ата-ананың баласы үшін жасаған осындай қаншама қабыл болған дұғалары бар. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) ата-ананың жасаған дұғаларының Алла Тағалаға тікелей жететінін айтады. Демек, ақыретке дейін қаншама дұғалар әлі қабыл болады деген сөз. Сондықтан ата-анамыздың ыстық лебізі мен ықыласына бөленіп, қайыр дұғасын алып қалуға тырысайық. Жақсылықтың жаршысы Жұмақтың кілті жаныңда болуға тырысып, Алла Тағаланың жолында қызмет мақсатымен ізгілік істеріне құлшына кіріскенде де үнемі ата-анамыздың дұғасын өзімізге сүйеніш етсек, Алла да жетістіктерін аямасы сөзсіз. Басымызға күн туғанда ата-анамызбен бірге отырып, Алладан тілек тілесек Алла Тағала тілегімізді қабыл етеді. Себебі ақ жаулықты аналарымыз, ақ сақалды әкелеріміз және күнәдан пәк бүлдіршіндеріміз дұғаларымыздың қабыл болуы үшін бізге шапағат бұлағы. Осы алтын қазыналардың қадірін білгеніміз абзал.

Ата-ана ешқашан баласына жамандық тілемейді. Сөйте тұра ата-анасына қан құстырған балалар баршылық. Адамдық қасиетін жоғалтқан мұндай перзенттерді ата-ананың қарғысынан сақтасын. Себебі ата-ананың дұғасы да, қарғысы да дереу қабыл болады. Ал қарғысқа ұшыраған баланың көсегесі көгермейді.

 


[1] Бухари, Шәрикә, 35; Әнбиә, 48; Муслим, Бирр, 7,8;
[2] Тирмизи, Бирр, 7; Дәауат. 47; Ибн Мажә, Дұға, 11;

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру