Әйелдер қауымын тозақ отынан құтқаратын жол

28 сәуір 2021 7064 0
Оқу режимі

Имран бин әл-Хусайнның (р.а.) жеткізуі бойынша Алла елшісі (с.ғ.с.) әйел адамдардың көптеп садақа беріп тұруын ескерткен. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Мен Жұмаққа қарағанымда, ол жерден көп жарлыны көрдім. Сосын тозаққа қарадым, ал ондағылардың көбі әйелдер қауымы еді»[1], – деген. Бұл хадисті мысал етіп отырғанымыздың себебі, осы хадисті айтып болған соң Пайғамбар (с.ғ.с.) әйелдер қауымын тозақтан сақтанудың жолы садақа беру екенін ескерткен.

Абдулла ибн Аббастың риуаят етуі бойынша, Алла елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Маған тозақ көрсетілді. Мен ондай жаман жерді бұрын-соңды көрген емес едім. Ондағылардың көбі әйелдер болды». Адамдар: «О, Пайғамбар, неге онда әйелдер көп?» – деп сұрайды. Ол: «Олардың қанағатсыздықтары себепті», – деп жауап қатты. «Олар Аллаға қанағатсыздық танытады ма?» – деп сұрады адамдар. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.): «Олар өз күйеулеріне ризашылық танытпайды. Егер бүкіл өмір бойына жақсылық жасап, бір рет жағымсыз әрекетін көрсе, олар: «Мен сенен ешқашан жақсылық көрген жоқпын», – дейді»[2].

Абу Саид әл-Худридың риуаят етуінше: «Бір күні Алла елшісі (с.ғ.с.) Ид әл-Адха немесе Ид әл-Фитр күні уағыз айтатын жерге барды. Әйелдердің жанынан өтіп бара жатып: «О, әйелдер, садақа беріңдер, мен тозақтағылардың көпшілігі әйелдер екенін көрдім», – деді. Олар: «О, Алла елшісі, неге бұлай?» – деп сұрады. Ол: «Сендер өз күйеулеріңе қанағат танытпай, оларды жиі қарғайсыңдар. Мен сендер сияқты ақылы аз және діни міндеттерін орындамайтындарды кездестірмедім. Көреген және зерделі адам сендерді бұл жолдан мүмкін қайтарар», – деді. Әйелдер тағы: «Біздің діни міндетімізді толық атқармаумен ақылымыздың аздығы неден көрінеді?» – деп сұрады. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Екі әйелдің куәлік етуі бір еркектің куәлік беруімен теңеспейді ме?» – деп сұрады. Әйелдер: «Иә», – деп жауап қатты. Сосын: «Бұл – оның ақылының аздығы. Сондай-ақ, әйелдердің етеккір келгенде намаз оқымауы мен ораза ұстай алмайтындығы да рас емес пе?» – деді пайғамбар. Әйелдер қауымы тағы да: «Иә», – деп тіл қатты. Пайғамбар сөзін жалғастырып: «Осы – әйелдің діни міндетін толық орындамауы және ақылының аздығына жатады», – деді[3].

Жабир ибн Абдуллах былай деп айтқан: «Мен бір мерекелік намазда Алла елшісімен (с.ғ.с.) бірге болдым. Ол азан және иқамсыз құтпаға дейін намаз бастады. Сосын жоғары көтеріліп, Біләлге сүйене тұрып, Аллаға бет бұруға шақырып, тақуалық жайлы уағыз айтты. Ол адамдарды оқытып, оларға ескертулер айтты. Сосын әйелдерді үйретіп, оларды ескертті. Соңынан: «Зекет, садақа беріңдер немесе сендердің көбің тозақтықсыңдар», – деді. Қара жапқыштағы әйелдер тұрып: «Неге олай, Алла елшісі?» – деп сұрады. Ол: «Сендер күйеулеріңе ризашылық танытпайсыңдар да оны айыптайсыңдар» деді. Сосын әйелдер тұрып, сырға, білезік секілді құнды заттарын садақа ретінде Біләлдің етегіне салды»[4].

Осы хадистерге сүйеніп, әйелдер қауымына Аллаға құлшылықты арттырып, қайыр-садақаны көбейткен абзал дегіміз келеді. Тозақ отына қақпан болатын садақаны беру үшін көп ақшаның қажеті жоқ. Айтылған жылы сөз де – садақа. Үлкен мен кішіге көрсетілген мейірім де – садақа. Көршіге көрсетілген жылы лебіз де – садақа. Шаңырағындағы ер кісіге, яғни күйеуінің көрсеткен қамқорлығына ризашылық танытып, Алланың разылығы үшін күйеуіне әрдайым күліп, жылы кейіпте жүру де – садақа. Олай болса, үйдегі ер азаматты дос-құрбыға жамандамай, керісінше жақсылығын асыра айтып, сыртқа мақтан тұта білген қайырлы болмақ.

Берік Алпысбайұлы


[1]Бұхари.
[2] Бұхари.
[3] Бұхари.
[4] Муслим.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру