Әйелін күйеуіне қарсы қою – үлкен күнә

08 қараша 2018 9818 0
Оқу режимі

Мұсылман адамға әйелін күйеуіне қарсы қоюға рұқсат етілмейді. Тіпті, олардың арасындағы келіспеушілік шектен шыққан жағдайда да оларды бір-біріне айдап салуға болмайды, өйткені бұл отбасының ажырауына апаруы мүмкін. Кейбір ғалымдар ер мен әйелдің арасына түсуді үлкен күнәға жатқызады. Алла елшісі (с.ғ.с): «Әйелі мен ерінің арасына түсіп, жалған сөйлеген әрі әйелді күйеуіне қарсы қойған адам бізден емес»[1], – деген.

Осы хадис Әбу Хурайраның риуаяты бойынша Алла елшісі (с.ғ.с): «Әйелін күйеуіне немесе құлды иесіне қарсы қойған адам бізден емес»[2], – деген. Осы хадистер жайлы ғалымдар ашық түсініктемелер берген. Шейх Абд әл-Азим Абади (р.а.) былай деген: «... әйелі мен ердің қарым-қатынасын бұзып, не сондай әрекетке апаратын жалған сөз  айтқан, яғни әйелге жолдасының қателіктерін көрсетіп, жамандаған немесе сол әйелге өзге еркекті мақтаған адам» деп хадистегі айтылған ойды түсіндіріп отыр.  Ол, сондай-ақ, бұл хадисте «әйелге үйлену мақсатында оның күйеуін жамандаған, немесе өзге біреуге үйлендіру мақсатында әйелге оның күйеуін жамандаған, немесе сондай басқа ниетпен отбасын ажыратуға апаратын жалған сөздер сөйлеп, алдаған адам туралы айтылған», – дейді «Аун әл-Мабуд» кітабында.

Әл-Манауи (р.а.) айтады: «Аш-Шарауи шейхтың айтуынша: «Бұл жағдайға күйеуіне наразы болып, өзге адамнан қол ұшын сұрап көмекке барса, әлгі адам сол әйелді жақсы қарсы алып, күтсе бұл да дұрыс әрекет болмайды. Осы жағдайда отбасының бұзылуына алып келеді. Мен осындай жайды бірнеше рет кездестірдім, менен ақыл сұрап келген әйелдерге қонақжай болмадым. Өз күйеуінің қадірін білсін деген оймен отбасыма ол әйелді аш қалдыруын айттым»[3].

Алла елшісінің (с.ғ.с.) жоғарыдағы хадисі мен оның түсіндірмелеріне сүйеніп, қазіргі жастарға бірнеше амалдарды насихаттауға болады. Яғни, біріншіден жолдас таңдағанды иманды жанды таңдау. Өйткені, Алладан қорыққан дос өзгенің отбасының ойран болуына ешқашан себепкер болмайды.

Екіншіден, күйеуін ешқашан, ешкімге жамандамау. Сырт көз қызғаншақ келеді. Қызғаныш бар жерде көреалмаушылық орын алады. Айрандай ұйып берекелі отырған жанұяда кішкене ерегіс туа қалса, көреалмайтындар сол ұрымтал сәтті пайдаланып, отбасын құртуға әрекет етуі мүмкін. Яғни, сеніп сырыңды айтып барған дос қыз, күйеуіне ренжіп отырған әйелге одан әрі реншінін ұлғайтатын сөздер айтпауына кім кепіл (жолдасын жамандап не өзге еркектерді мақтап, солармен салыстырып дегендей ?!

Үшіншіден, отбасын құрған әйелмен тек жұмыс барысында сөйлесу. Қазіргі біздің қоғамдағы ең қауіпті дерт осы тұста. Жанұясы бар қыз-келіншектер отбасын құрған ер азаматтармен телефон, ғаламтор арқылы хат алысып отыра береді. Осындай қарапайым көрінген әрекеттер отбасының ажырауына себепкер болуы мүмкін.

Міне, тізе берсек, осы секілді шарттар көп. Ер мен әйел тату болса, олардың арасына қандай да кірбің түсірер әрекет болмайды. Ал, жанұя бақытын бұзу – үлкен күнә. Олай болса, әсіресе,  жас қыз-келіншектер, құрбы қыздарына олардың күйеуілері туралы ешқашан ешқандай жақсы не жаман сөз айтпағаны дұрыс.

 


[1] Әбу Дәуід
[2] Әбу Дәуід
[3] «Файдул әл-Кадир шарху-ль-жами-с-сағыр» 6т., 159 б,

Пікірлер Кіру