АЗАН ШАҚЫРЫП АТ ҚОЮДЫҢ БАСҚАША ТҮРІ ДЕ БАР

05 ақпан 2024 2933 0
Оқу режимі

Ол - қосалқы лақап ат. Адамның сырт келбетіне, мінез-құлқына, әдет-дағдысына қарай берілетін және ата-әже, әке-шешенің перзенттерін еркелетуден шыққан есімдер қазақ ішінде жиі кездеседі. Сонымен бірге қазақ дәстүрінде келіндердің ат тергейтін және бір есім қою түрі бар, бірақ бұл бөлек әңгіменің тақырыбы.

Талай адамдарға жанама қойылған аттың етене сіңетіні соншалық, алғашқы қойылған аты ауызға ілінбей ұмытылып, тек жаназасында аталып немесе құжатта ғана қалатыны бар. Әжесі, анасы аялап атаған есімдерімен әйгілі болғандар да өмірде жеткілікті. Алысқа бармай-ақ қояйық, Абай атаның шын аты Ибраһим, Шоқан Уәлихановтың бастапқы аты - Мұхаммед-Қанапия, біздің Момыш атамыздың нағыз аты - Момынәлі. Мұндай мысалдарды ұзартуға болады, бірақ менің мақсатым тізім жасау емес, қосалқы атқа түсінік беру үшін ғана бірнешеуін келтірдім.

Лақап есім балалар мен құрдастар арасында кеңінен таралған деуге болады. Тағы да өз отбасымызға байланысты, алайда көпке мәлім боп кеткен бір жанама ат туралы айта кетейін. Атаның Үбиян деген әпкесі болған, "Ұшқан ұя" деген кітабында кеңінен әдемі суреттеледі. Сол кісі "Музей апа" атанып, өзі өмірден өтсе де, әлі күнге дейін ұмытылмай келеді... "Музей апаның ауылы", "Музей апаның немересі... шөбересі... қайнысы... құдасы" деп айту әдеті қалған жоқ. Бұл аттың қойылу тарихы былай болыпты:

1946 жылы бес жасар Бақытжанды анасы музейге апарыпты. Ол кезде Орталық музей қазіргі Панфилов паркінің қақ ортасындағы шіркеуде орналасқан еді. Мұндаға дейін жаңа мұрағат ғимараты салынғанша жұмыс істеп тұрды. Өзім де студент кезімде бірнеше рет барғанмын. Ол жерде қазақтың бұрынғы өмірінен көріністер жасалған бөлім болған. Жартылай құрылған, алды ашық киіз үйдің ішінде қол диірмен тартып отырған әженің мүсіні орналасқан. Басында кимешек, күндігі бар, кең-мол көйлектің сыртынан омырауы оюлы шапан киген сол мүсін бір қарағанда тірі адамға ұқсап кететін. Бақытжан анасымен музейді аралап жүріп жаңағы көріністі қызықтап қарайды. Содан үйге қайтып, есіктен кірген бетте әлгінде мүзейдегі апаның төрде отырғанын көріп: "Музей апа бізден бұрын үйге қалай жеткен?" - деп қайран қалады. Төрде отырған кісі көлгемедей көйлектің сыртынан оқалы шапан киген, басында - кимешек, қарқарадай күндік ораған Үбиян апа ауылдан келген екен. Бәкеңнің анасы баласының сөз төркінін бірден түсініп, оның қиялын ары қарай жетелеп: "Ол кісі - сенің үлкен апаң. Күні бойы музейде жұмыс істеп шаршап әрі сені сағынып, асығып келіпті", - дейді. Міне, содан бастап Үбиян апа Бақытжан үшін Музей апаға айналды да, ары қарай сол атау қалыптасып, ең аяғы ауылдағылар да осылай атап кете барады. Оның үстіне атаның "Музей апа" дейтін өте тартымды, мағыналы әңгімесі баспасөз бетінде жарияланған соң бала аузымен айтылған сол атау әбден тұрақтап қалады.

Осы қысқа әңгімені оқығанда талай қызықты жанама лақап аттар сіздің де есіңізге түсіп, мүмкін езу тартқан боларсыз...

 

Зейнеп Ахметова "Күретамыр"

 

Пікірлер Кіру