Балаңа мына 10 сөзді айтпа!

09 қаңтар 2020 8880 0
Оқу режимі

Психологтар баланың жасына қарамастан, оларға ауыр тиетін сөздер тізімін жариялады. Әлі тілі шықпаған баланың өзі сіздің жеткізу мәнеріңізге қарай оның мағынасын түсінеді екен.

1. Сенің қолыңнан түк келмейді – әкел, өзім жасаймын!

Мамандардың айтуынша, бұл баланы алдын ала сәтсіздікке байлайды. Ол өзін ақылсыз және икемсіз сезінеді. Және алдағы уақытта үлкендер тағы ұрсады деп жаңа бастама алудан қорқады.

2. Ұста, тек тынышталшы!

Кей ата-ана бірнеше сағаттық «берші, алып берші» деген қыңқылдауды көтере алмайды. Бірақ, ақыр соңында баланың сұрағанын беруге келіскенде, ата-ана өздері байқамастан, баланы қыңқылдаумен сұрағанына қол жеткізуге, ал мамасының «жоғына» мән бермеуге жаман үйретеді.

3. Тағы да мұндайды байқасам – таяқ жейсің!

Қалыптасқан дағдыға сай, барлығы осы құр қоқан-лоққымен шектеледі. Не әкесі, не анасы жазаны жүзеге асырмайды, ал бала босқа қорқақ болып өседі. Мұндай сөздер баланы ренжітіп, түсініспеушілік туғызады. Өз сәбиіңізді қорқытпаңыз. Бала белгілі жағдайда нені күтуге болатынын анық білу керек. Ал, үлкендердің кенеттен кеюі еш нәтиже бермейді.

4. Мен саған дереу доғар дедім!

Баламен бұлай дөрекі сөйлесуге болмайды! Бұл сіздің балаңыз ғой! Егер байқамай ашуыңызды көрсетсеңіз, кешірім сұраңыз. Бала өзін еш құқықсыз сезініп, ренжиді. Сондықтан «доғарудың» орнына қарсы шығып, кішкентайлары жылап, жасөспірімдері үнсіз өз жайына кетіп, тұйықталып қалады. Қысқасы, қалай болғанда да, бұл сөз қалауыңызға жеткізбейді.

5.Сен мынаны түсінуге тиіссің!

Көптеген бала бұл сөз бен оның қыңқылдақ жалғасына кертартпалық көрсетеді. Бала мұндай ақыл айтуды түсінбейді, сондықтан сізді тыңдамай, ойын басқаға ауыстырады. Ал, бала сол сәтте беймаза, ренжулі не ашулы болса, сіздің сөздеріңіз тіпті қабылданбайды. Оның да адам екенін, белгілі бір уайымы, ойлап жүрген өз мәселелері бар екенін ұмытпаңыз, сондықтан сіздің ең дұрыс деген ақылыңызды да ол сол сәтте түсіне алмайды.

6. Балалар (қыздар) бұлай жасамайды!

Мұндайды жиі қайталайтын ата-ана балада белгілі бір стереотип қалыптастырады. Кейін ересек өмірінде есейген жігіт өз сезімін, іс-әрекетін лайықсыз деп ойлайды, ал қыздар өзін «ерлерге арналған» кәсіппен айналысамын не «ұқыпсызбын» деп, үнемі бір нәрсеге көңілі толмай, кінәлайды.

7. Бекерге уайым-қайғыға салынба!

Мүмкін балаңыз үшін бұл бекер нәрсе емес шығар! Өзіңіздің балалық шағыңызды есіңізге түсіріңіз! Иә, балаңыз машинасыз қалғаны үшін не шаршылардан жасалған үйшігі бұзылғаны үшін ашуланып, ренжуі мүмкін. Оның кішкентай әлемінде дәл машина мен үйшік ең маңызды нәрсе болар! Баланың мәселелеріне селқостығыңызды көрсете отырып, сіз оның сенімін жоғалтып ала аласыз және болашақта өз балаңыздың күрделі мәселелері туралы білмей қалуыңыз мүмкін.

8. Менің денсаулығымды ойлашы!

Аналар бұл сөзді балаларына жиі айтады. Бірақ айтыла берген сөздің қадірі кетіп, шынында жағдайыңыз нашарласа, бала сіздің сөзіңізді әдетінше қабылдамайды. Ол анасының бұл сөзін тек оның тентек болмауы үшін айтып отыр деп ойлайды.

9. Жоқ, біз мұны сатып алмаймыз – ақша жоқ (қымбат)!

Балаға бәрін қатар сатып алуға болмайтынын түсіндіру қиын. Бірақ сіздің мұндай сөзіңізден егер ата-анасында ақша болса, дүкенді толығымен сатып алуға болады деген мағына шығады! Бала бұл сөзді дәл солай түсінеді. Одан да «мұндай ойыншық сенде бар», «көп тәтті жеген зиян» деу жақсырақ шығар. Иә, түсіндіру әрқашан қиын! Бірақ бала ата-анасының неліктен мұны сатып алып бермейтінін түсіну керек.

10. Жұрттың баласы!

…Құдай мені не үшін сонша жазғырды екен, салақ, ынжық, иттің баласы, оңбаған және т.б. Мұндай белгілерді балаларға тағуға болмайды! Бұл баланың өзін бағалауын түсіріп, расымен сол атауларға сәйкестене бастайды.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру