Баланы рухани тәрбиелеуге арналған 8 ойын

17 шілде 2020 7391 0
Оқу режимі

Белгілі болғандай, баланың мінезі сәби шағынан қалыптасады. Сондықтан мықты, өмір жолында қиындықты еңсере білетін тұлға тәрбиелеу үшін, балаға барынша көп уақыт бөлу қажет.

Бұл ретте балаңызбен уақытты қызықты өткізіп ғана қоймай, бойындағы игі қасиеттерді дамытуға себін тигізетін ойындарға тоқталмақпыз.

Мен сенімен келіспеймін

Ойында баланың өзіндік құштарлығына қатысты сұрақтар қойылады. Жалғыз баламен емес, топпен ойнаған қызықты әрі тиімді болмақ. Балаларды жұптастырып, әрқайсысына сұрақ қоясыз. Мысалы, балалардың бірінен: «Жақын күндері қандай кітап оқыдың?» - деп сұрайсыз. Ол: «Алтын сақа», - деп жауап беруі мүмкін. Осы кезде оған қарсы сұрақ қоясыз: «Ол жаман кітап, оқудың керегі жоқ». Баланың міндеті – ертегінің жақсы екендігін, оқуға әбден болатынын дәлелдеу. Бұл ойын арқылы бала өз пікірін, көзқарасын қорғауға, дұрыс ойлауға, өзіне деген сенімділікке үйренеді.

Жауапкершілік

Бұл ойын да топпен ойналады. Ойын басталмас бұрын балалардың әрқайсысы жүргізушіге белгілі бір тапсырма беруі тиіс. Мысалы, өлең оқу, ән айту, билеу, әтеш болып шақыру. Қойылар талаптарға ешқандай шектеу жоқ. Әркім тапсырма ойлап тауып, жүргізушіге айтқанннан кейін, балаларға ойын шарты түсіндіріледі. Шарт бойынша, ойынға қатысушылар өз тапсырмасын өзі орындауы тиіс. Жүргізушіні аяқтан шалуға тырысқандар, құрған тұзағына өзі түседі. Бұл ойын балаларды көшбасшы рөліне жауаптылықпен, салмақтылықпен қарауға үйретеді.

Әңгіме құрамыз

Бұл ойын баланың қиялын дамытады. Балаға тапсырма ретінде араларында логикалық байланыс жоқ сөздерді беріп, әңгіме құруын сұраңыз.  Мысалы, орман, дөңгелек, шай, көлік, толқын, ай, қызғаныш, тон, шатыр, қар. Ойын барысында бала қиялының шексіздігіне өзіңіздің де таңданатыныңыз анық.

Әуе шары

«Әуе шары» - балаларға дұрыс тыныстауды, босаңсуды үйретіп, балаңызды түсіне білуге көмектесетін тамаша ойын. Балаға ашық түсті шар беріп, үрлеуін сұраңыз. Мұнан соң шардағы ауаны ақырындап өз ішіне жіберуі тиіс. Одан кейін, құдды шар ауа жіберіп жатқандай, іштегі ауаны шығару керек.

Бұл әрекеттерді жасап болғаннан соң, баладан өзін шар ретінде қалай сезінгенін, қандай күйде болғанын сұраңыз. Осылайша балаға қиын сәттерде қалай тыныштану керектігін үйретіп, қиындықты шешу жолдарын ұсынып, қиындықты еңсеруде неден қиналатынын біле аламыз.

Шырақты сөндіру

Бұл ойын да терең тыныстауға үйретеді. Мұрынмен дем алып, ішімізді ауаға толтырып, ауаны аузымызбен шырақты үрлегендей баяу шығарамыз. Бала ойын шартын түсінгеннен кейін, үстелге шырақ қойып, қарсы тұрған орындыққа баланы отырғызамыз. Орындық пен үстел арасындағы қашықтық 2 метр болуы керек.

Ойын барысында тұруға, шыраққа жақындауға немесе еңкеюге болмайды. Шырақты 2 метр қашықтықтан сөндіруге тырысу қажет. Бала шырақты сөндірмейінше ойын аяқталмайды.

Жақсы сөз – жарым ырыс

Бұл жаттығу топпен ойнауға арналған. Балалар шеңбер құра отырады. Әр бала жанындағы көршісінің көзіне қарап, жақсы, жүрекке жылы сөздер айтуы керек. Ал көршісі алғыс айтып, келесі ойыншыға көшеді. Кей балаларға қошемет сөздерін айту қиынға соғады. Бұл ретте көршісіне қатысты сұрақ қойып немесе өзіңіз бір-екі мысалы айтуыңыз арқылы көмектесуіңізге болады. Ойын арқылы балалар көп нәрсеге үйрене алады, себебі жақсы сөз айта білу – үлкен өнер.

Не болғанын тап!

Өмірлі жағдай бейнеленген сурет не фотосуреттер алыңыз. Мысалы, әлдекімнің жеңіске жетуі, мақтау қағазымен мараптатталуы. Балаға суретті көрсетіп, қандай көрініс бейнеленгенін, ары қарай не болуы мүмкін екендігін сұраңыз.

Бұл тапсырма баланың ой-өрісін, қиялын дамытады. Баланың әңгімені барынша анық етіп құрғаны дұрыс. Көмек үшін сұрақтар қоюыңызға болады.

Оқиға құрастырамыз

Ойын топпен ойнауға арналған. Барлығы шеңбер құрып отырады. Сіз жүргізуші ретінде белгілі бір оқиғаны бастайсыз: «Ерте-ерте, ертеде...». Мұнан соң балалар шеңбер бойынша кезектесіп бір-бірінің сөзін ілестіріп әкетіп, бір сөйлемнен жалғастырады. Кезек қайта айналып сізге келгенде, оқиға желісін көкейге қонарлықтай етіп аздап өзгертуіңізге болады. Аталған ойын балаларды көңілдендіріп, қызықтырады әрі қиялын дамытады.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру