Биік дәрежеге жеткен табиғин Уайыс әл-Қарани

16 наурыз 2021 5618 0
Оқу режимі

Уайыс ибн Амр әл-Қарани (597 - 657) Иемендік мұсылман, шәһид және табиғин. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кезінде өмір сүрсе де, бірде-бір мәрте Расулалланы (с.ғ.с.) көрмеген. Сәби жасында әкесінен ерте айырылған. Өмір бақи анасына қызмет етумен болған.

Хазреті Әли ибн Әбу Талибпен (р.а.) танысқан соң Куфаға көшіп кеткен. Тарихшы Ибн Баттута: «Әл-Қарани Сыффин соғысында шәһид болды», – деп жазады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шынында табиғиндердің ішіндегі ең жақсысы Уайыс деп аталатын ер адам»[1], – деп айтқан.

Ол кісімен Хазреті Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) жолығып, Расулалланың (с.ғ.с.) өсиетіне сәйкес, Алладан өзі үшін кешірім сұрауын өтінгендігі жөнінде Әл-Хафиз Әбу Нағимнің «Хилиятул Әулиә» атты кітабында дерек бар.
Бұл адамның осындай дәрежеге жетуі – анасына деген адал қызметі мен Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген махаббатынан еді.

Өзі туып өскен Қаран елдімекенінің жері шөлейтті, малға жайсыз жер болады. Жергілікті халықтың малын құнарлы жерге апарып бағып, өзі бермесе ешкімнен ақы сұрамаған.

Аллаға көп мінәжат жасап, көзі көрмей қалған кәрі анасына аяусыз қызмет ететін. Кейбір адамдар өзіне қанша әділетсіздік  жасаса да кешірімді бола білген. Бір кездері алапес ауруымен ауырып, Аллаға дұға жасап, ауруынан сауығып, тек Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына оны сипаттағандай денесінде дирһам көлеміндей ғана белгісі қалған.

Бұл оқиғадан түйетініміз – өзі табиғин бола тұра әулие болып, сахабаларға Алладан кешірім сұрау дәрежесіне жетуі – Алланың бұйрығына сәйкес  ата-анасын құрметтеуі мен Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген шексіз махаббатынан, Жаратқанға деген ерекше құлшылығы арқылы болғандығы ақиқат. Түсінген адам үшін бұдан үлкен ғибрат бар ма?!

Ал, Алланың әмірімен Расулалламен (с.ғ.с) көзі тірісінде жолықпауын – біз үшін Расулалланы (с.ғ.с.) көрмесек те, сүйе білу үшін  таңғажайып өнеге ғой.

Алла осындай үлгі болып өмір сүрген құлдарынан разы болсын!

Қуат Қабдолда

 


[1] Муслим.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру