Біріңді қазақ бірің дос...

07 қазан 2020 9026 0
Оқу режимі

Алла Тағала Құран Кәрімде мүминдер жайлы: «Шынында мүминдер бір-біріне бауыр...»[1], – деп келтіреді.

Демек, қасиетті кітабымызға сүйенер болсақ, мұсылмандар тілінің, түрінің, тұрған мекенінің алшақтығына және ерекшелігіне қарамай бір-бірінің туысы, бауыры болулары қажет екен. Ал, енді діні, ділі, тілі, туып өскен жері мен мекені, кей жағдайда қаны да бір бола тұра неге бөлінеміз деген көкейде сауал туындайды. Осы мәселелерге біраз тоқталып көрелік. Алла Тағала қасиетті аяттарында мұсылмандардың бірлігі, бауырмашылдығы, бір-біріне деген сүйіспеншілігінің қалай болмағы керектігін былай дейді:

«Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ, өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені, сендер бір-бірлеріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жібітіп-жарастырды. Оның игілігімен бауыр болып таңды атырдыңдар. Және де сендер от шұңқырының дәл ернеуінде тұрғанда, Алла сізді одан құтқарды. Алла тура жолға келерсіңдер деп аяттарын осылайша баяндайды»[2].

«Күдіксіз Алла Өзінің жолында бір-біріне қабырғадай сап түзеп, шайқасқандарды жақсы көреді»[3].

«Құлдарыма айт! «Сөздің ең көркемін сөйлесін. Өйткені шайтан араларына іріткі салып бұзады. Күдіксіз шайтан адамдар үшін анық дұшпан»[4].

«Сондай-ақ,  олардан кейін келгендер былай дейді: «Раббымыз! Бізді әрі бізден бұрын иман келтірген бауырларымызды жарылқай көр! Әрі сондай иман келтіргендерге жүрегімізде ешқандайда кірбіңдік болмасын. Раббымыз шүбәсіз Сен ерекеше мейірімді әрі есіргеушісің»[5].

Осы жөнінде дана халқымыз да «Өнер алды – бірлік, ырыс алды –тірлік»  демей ме?!

Енді Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис шарифіне назар аударсақ, онда былай делінеді:

Әбу Идрис Хулани, Мұғаз ибн Жәбәлға (р.а.): «Сені Алла үшін жақсы көремін», – дейді. Сонда Мұғаз: «Онда сүйінші! Өйткені, Алла Елшісінен (с.ғ.с.) естігенім бар. Қиямет күні Аршы Ағланың айналасында тақтар құрылады. Оның үстінде кейбір кісілер отырады. Барлығының да жүздері он төртінші түндегі толған айдай жарқын болады. Барлық адамдар қобалжып, қорқып тұрғанда, олар өздеріне сенімді болады әрі олардан қорқудың да, қайғының да ізі байқалмайды. Сонда (құзырындағылар): Уа, Алланың Елшісі! Бұлар кімдер?  – деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла үшін бір-бірін жақсы көргендер», – деп жауап берді[6].

Осы күні бізге жетпей жатқаны да мұсылмандар арасындағы сүйіспеншілік пен бауырмашылдық. Көбіміздің бойымыздан мұсылман бауырымызға деген өшпенділік пен арам-ниет жаман ойлар байқалады. Бұның бәрі көре алмаушылықтан, іштарлықтан, надандықтан және нәпсінің азғындығынан туындайды. Кейбір жанды көрсең, құлшылыққа көп көңіл бөледі, жақсы сөз сөйлейді, сөз сөйлегенде алдына жан салмайды, ақын немесе шешен, бірақ, мұсылман бауырының етін жеуге дайын тұрады (әрине тікелей мағынасында емес, яғни, оны ғайбаттау арқылы). Егер тақуалық болмаса, адамға құрғақ білімнің, мағлұматтың пәлендей көмегі тимейді екен. Маңыздысы аз білсең де амалға асыру, тақуалық таныту, бауырыңды жақсы көру, жақсы көре алмасаң да ең азы қолыңмен және тіліңмен зияныңды тигізбеу, бұның өзі де бір ғанибет. Ғайбат жөнінде қазақтың кемеңгер ғұламасы әрі бір туар ақыны Абай өзінің қырқыншы қара сөзінде: «Осы біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?» деп ащы шындықты дөп басып айтқан. Сөздің маңыздылығы жайында да дана халқымыз:

«Тау мен тасты жел бұзады, дос пен досты сөз бұзады», – дейді емес пе?

Исламда харам істеген кісіге күнә жазылатынын бәріміз де жақсы білеміз. Бірақ, сол харамды істеген кісіге қаншалықты күнә жазылса, соны істемеген кісіге де соншалықты сауап жазылатындығын ғұламалар айтып кеткен. Ендігі мәселе, дәл сол секілді мұсылман бауырының артынан сөз айтып, ғайбаттап не болмаса жала жауып жүрген адам қаншалықты күнә алған болса, біреуге пайдасы тимесе де өзгені ғайбаттап зияны тимеген адамға да соншалықты сауап жазылса керек-ті.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадис шарифінде бұл жөнінде былай дейді:«Мүмин әрқашан (кісі бойынан) үзір (мәселенің шығар жолын іздеп, мұсылман бауырына кешіріммен қарайды), ал, мұнафық болса әрқашан айып іздейді».

Әрине, қай жағдайда айып-қателік айтылуы керек, оның да ара-жігін ажыратып алуымыз қажет. Мәселен, жұмыстың барысымен істелген кемшіліктер мен қателіктер немесе дін мәселесіндегі маңызды кемшіліктер мен қателіктер орнымен айтылуы керек. Бұл – тәртіп. Қарсы жағдайда тәртіпсіздік белең алады да дін бұзылып, қоғам арасында бүлікшілік белең алады. Алла Елшісі (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Мүмін – мүминнің айнасы, яғни, өзінің (бойындағы) кемшілік және қателіктерін (мұсылман бауырынан) сұрау арқылы байыбына барады», – десе, Хазіреті Омар (р.а.): «Айыптарымды сыйлық бергендей етіп, алдыма қойғанға Алланың рақымы жаусын!» – дейді.

Жалпы жақсылық пен жамандық, достық пен қастық әрі өзге де құндылықтардың жөнін білмек үшін тағы да Абайға жүгінсек, діни философиялық әрі ғылыми тұрғыдан жан-жақты қарағанда өте құнды болып табылатын өзінің отыз сегізінші қара сөзінде былай дейді: «Кімге достығың болса, достық шақырады. Ең аяғы ешкімге қас сағынбастық һәм өзіне өзгешелік беремін деп, өзін тілмен я қылықпен артық көрсетпек мақсатынан аулақ болмақ. Бұл өзін-өзі артық көрсетпек екі түрлі! Әуелгісі – әрбір жаманшылықтың жағасында тұрып адамның адамдығын бұзатын жаманшылықтан бойын жимақтық, бұл адамға нұр болады.

Екіншісі – өзін-өзі өзгешелікпен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады.

Үшіншісі – қастық қылмақ, қор тұтпақ, кемітпек. Олар дұшпандық шақырады. Һәм өзі өзгеше тұтатын демектің түбі – мақтан. Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілдік бітіреді де, күншілдік күншілдікті қозғайды. Бұл үш түрлі істің жоқтығы адамның көңіліне тыныштық береді. Әрбір көңіл тыныштығы көңілге талап салады. Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады...»

Неткен құнды ойлар десеңші!

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мұсылманның бір-біріне деген сүйіспеншілігінің қалай артатындығына да тоқталып: «Бір кісі бір кісіні жақсы көрсе, оған жақсы көретіндігін айтсын. Егер осылай істер болсаңыздар, оның жүрегінде сізге деген сүйіспеншілігі артады», – деген.

Сөз соңын игі дұға-тілекпен аяқтасақ, Алла Тағала ойымызды, санамызды және жүрегімізді жаман, арт-ниет пиғылдардан арытып, бүкіл мұсылман-мүмин қауымын бірлікке, ынтымаққа, сүйіспеншілікке, татулыққа әрі тақуалыққа жөнелткей!

Бақытжан Өткелбаев
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы


[1] «Хужурат» сүресі, 10-аят.
[2] «Әли Имран» сүресі, 103-аят.
[3] «Саф» сүресі, 4-аят.
[4] «Исра» сүресі, 53-аят.
[5] «Хашыр» сүресі, 10-аят
[6] Имам әл-Ғазали, Ихияул Улумуддин ІІ том, 139 бет Мысыр – 1933ж.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру