БҰЛ ДҮНИЕДЕ НЕ ЖЕТІМ?

02 желтоқсан 2024 396 0
Оқу режимі

– Бұл дүниеде не жетім?

– Кім қажетсіз болса, сол жетім.

Хакімі әділ болмаса,

Бұқара байтақ ел жетім.

Қаптап елі қонбаса,

Жайылған малы болмаса,

Көкорай шыққан балқашы,

Жеусіз тұрып сорласа,

Ел қонбаған жер жетім.

Ішсең, суы құрсағыңа жақпаса,

Адам менен мал түгіл,

Қаңғырған қарсақ татпаса,

Ащы дария көл жетім.

Жетпістен жасы асқанда,

Сексенге аяқ басқанда,

Жастар елеп келмесе,

Келіп сәлем бермесе,

Қайғысы келіп күңіренген,

Күнінде асыл десең де,

Қартайған күнде ер жетім,

Басшысыз қалған шәр жетім.

Қартайса, бәсі қайтады,

Қоспақтың жүгін тарта алмас,

Асыл туған нар жетім.

Қырға шықса, белім деп,

Ойға түссе, тізем деп,

Келін менен балаға

Қонақ болған уақытта,

Басынан билік кеткен соң,

Кемпір менен шал жетім.

Бақыты тайған би жетім,

Қатынсыз қалған үй жетім,

Сатып алған құл жетім,

Құлдықта қалған ел жетім.

Азамат ерлер қайғы етер,

От басында жыласа,

Жас төгіп сәби бір жетім.

Ақырында тәрк етуге жарамас

Ерлердің еткен құрметін.

Қашаған КҮРЖІМАНҰЛЫ (1841-1929)

 

Пікірлер Кіру