ДІНДАР АДАМ ОТАНЫН САТПАЙДЫ

21 наурыз 2024 1816 0
Оқу режимі

Отан – адам баласы үшін басты қазына. Кез келген адамға өзінің туып-өскен жері ыстық болары сөзсіз. Отан адамға бір-ақ рет беріледі. Және оны ешкім өз таңдауымен алмайды. Әр жанның тағдырына әр жерде туылу жазылғаны сияқты, әркімнің өз кіндік қаны тамған жері, тұңғыш табаны тиген топырағы болады. Халық арасында «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Өзі туып өскен кішкентай ауылын бағалай білген адам ғана үлкен мемлекеттің де қадіріне жетіп, қастерлей білмек. Ал біздің ортақ Отанымыз – тәуелсіз Қазақстан. Қазіргі таңдағы әлемдегі саяси және экономикалық ахуалдың күрделілігіне байланысты біз үшін ұлттық сана мен ұлттық идеологияның, патриотизмнің маңыздылығы өте жоғары. Әрине, оның ішінде біздің ел көп ұлтты және демократиялық, зайырлы мемлекет. Алайда сол көп ұлттылық пен діни ұстанымдардың қарама-қайшылығына қарамастан ауам халықты бір тудың астына біріктіретін «Отан» деген мызғымас ұғым әр қазақстандықтың жүрегінде болуы керек.

Өйткені Қазақстанда өмір сүріп жатқан мұсылман болсын, христиан болсын, атеист болсын, агностик болсын барлығының отаны бір. Ол – Қазақстан. Ал ислам дінінде Отан деген ұғымның дәрежесі биік, құндылығы жоғары. Мұны біз пайғамбар хадисінен айқын аңғарамыз. Бір күні бір сахаба пайғамбардан:

 «Иә, Расулуллаһ! Ең абзал амал не?» – деп сұрағанда, Алла елшісі: «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру бір ай нәпіл ораза ұстап, түнгі намазға тұрудан қайырлы», – деп жауап берген.

 Осы мағыналас басқа бір хадисте:

«Екі адамның көздері тозақта күймейді. Бірі – Құдайдан шынайы қорқып, жылаған көздер. Екіншісі – елін-жерін күзетіп, түні бойы ұйқы көрмеген көздер» деген.

Иә, Отан деген бір ғана сөздің артында ата-баба, ата-ана, ағайын-туыс, бауыр-қарындас деген сияқты қаншама ұғым жатыр. Демек, отанды сүюің арқылы сен осы аталған жандарды да жақсы көретініңді тағы бір дәлелдейсің. Осындайда, «Отанды сүю – иманнан» деген сөз еріксіз ойға оралады. Дана қазақ халқы да өз ұрпағын ғасырлар бойы Отанды қорғауға, отансүйгіштікке баулыған. «Отанын сатқан – опасыз» деп қасық қаның қалғанша өз Отаныңның бір кәдесіне жарап кетуің керектігін түсіндірген. Тіпті қазақ жазирасында ғұмыр кешкен сақ, ғұн, түрік қағанаттарының қалдықтарынан, Орхон-Енисей жазбаларынан да патриоттық сарында, отансүйгіштікке шақыратын тарихи жәдігерлер табылғаны қазақ халқының байырғы бабаларының өзі Отанды қастерлеп, ардақтағандығына дәлел болып отыр. Одан бертін келе, қазақ халқы өз алдына мемлекет болып қалыптасып келе жатқан ғасырлардағы Бұқар, Үмбетей, Тәттімбет, Тұрмағанбеттен бастап, кешегі Мұқағали мен Мырза әлі сияқты ақын-жыраулар да туып-өскен жерін, өз Отанын өлең-жырына қосып өткен. Қазақ әдебиетінде Отан тақырыбына қалам тербемеген ақын немесе жазушы кемде-кем. Соның бірі Алаш қайраткері Міржақып өз өлеңінде:

«Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,

Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.

Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі,

Пайдалан қажетіңе жараса Алаш» – деп, өзінің соңғы демі шыққанша Отанға, Алашқа қызмет етіп кетуге дайын екенін жеткізген. Ал ақиық ақын Мұқағали болса Отан туралы:

 «Отан! Отан! Бәрінен биік екен.

 Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем!» – деп жырлаған. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда елімізде кейбір діни ағымдар мен топтардың жетегіне ерген көп жастарымыз «қасиетті соғыс» деген жалған желеумен өз Отанын тастап, шет елдерге соғысқа аттанды. Бірақ олардың басым көпшілігі адасқандарын кеш ұғынып, бармақ тістеп, Отанның, бейбіт өмірдің, тыныштықтың қадірін түсініп, елге қайтып жатқанына куә болып та жүрміз. Ал шындығында мұндай ұғымда жүргендердің көбі дінді толық түсінбей, надандыққа бой алдырып жүрген қараңғы адамдар. Себебі дінді толық түсінген адам ешқашан мұндай жаңсақ пікірге еріп, өз Отанын, ата-анасын, ағайын-туысын тастап, көлденең көк аттылардың жетегінде кетпес еді.

Өйткені олар пайғамбардың өзі Отанын қалай жақсы көргендігін білмейді. Әйтпесе өз Отанын сүймеген адам хижрет жасап кетіп бара жатқанда, туып-өскен жері Меккеге қарап көзіне жас алар ма еді?! Ұхұд тауына қарап сахабаларына:

 «Расында біз Ұхұдты жақсы көреміз, Ұхұд та бізді жақсы көреді» деп айтар ма еді?! Ақиқатында, бұл әрекеттер өз Отанын, туып-өскен жерін, кіндік қаны тамған топырағын риясыз жақсы көрген жанның шынайы жүрегінен шыққан махаббаты емес пе? Демек ислам ешқашан кісінің өз Отанын сүюіне, патриот болуына тыйым салмайды. Қайта керісінше, өз Отанын жақсы көруге және оны қорғауға шақырады. Жоғарыда айтылған пайғамбар хадистері де соның дәлелі болмақ. Сонымен қатар ислам діні ешқашан елде бүлік жасап, үй ішінен үй тігіп, басшыға қарсы шығуға немесе өз ұлтынан, Отанынан бездіріп, қантөгіске шақырған емес, шақырмайды да. Сондықтан егемен Қазақстанның егемендігін сақтау үшін әр адам отансүйгіш, қайратты һәм бәсекеге қабілетті тұлғаларға айналуы қажет.

 

Бақберген РАХЫМ, Қызылорда облысы

 

 

Дереккөз: Kazislam.kz

Пікірлер Кіру